Әлия Назарбаеваға қарсы арыз Қаржы мониторингі агенттігіне жолданды
Бизнесмен жолдаған арыздың Бас прокуратураға түскені расталып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– 2024 жылдың 4 наурызындағы арыз Бас прокуратураның ақпаратты есепке алу кітабында тіркелгенін және іс жүргізу шешімін қабылдау үшін Қаржы мониторингі агенттігіне (ҚМА) жіберілгенін хабарлаймыз», — деп жауап берген Tengrinews.kz басылымының ресми сауалына Бас прокуратура.
Арызды кім жолдады
Таяуда Астанадағы Ұлттық баспасөз клубында баспасөз мәслихатын өткізген бизнесмен Нұрлан Бимурзин мен қоғамдық өкіл Жарқын Күрентаев мәлімдеме жасаған еді. Бизнесмен сол кезде 20 жыл бұрын активін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаева тартып алғанын айтып, Бас прокуратураға арыз түсіргенін мәлімдеген болатын.
Бизнесмен өзінің сол кездегі активін 170 млн долларға бағалайды. Жеті мұнай базасы мен 96 жанар-жағармай құю бекеті болғанын айтады. Бимурзин 2024 жылдың 19 ақпанында Бас прокуратураға арыз түсірген.