Әли Оқапов анасы жайлы кино түсірмек

0

Әли Оқапов анасы Роза Рымбаева жайлы биографиялық фильм түсірмек. Қазіргі уақытта кинокартинаның сценарийі дайын. Режиссері де белгілі. Бұл туралы Әли Оқапов НТК арнасының OZMZ ҒОЙ атты жаңа бағдарламасында айтты, — деп хабарлайды Kznews.kz сайты nege.kz сайтына сілтеме жасап.

«Сценарийді бірге жазып жатырмыз. Кәсіби сценаристер де бар. Ол – Ефрат Шарипов. Ол кісінің еңбегін «Дос-Мұқасан» фильмінен көре аласыздар. Жақында шығады. Ал режиссері Айдын Сахаман», – деді Оқапов.

Әлидің айтуынша, фильм мюзикл емес, драма жанрында болмақ.

«Яғни базардағы сатушылар аяқ астынан билеп кетпейді. Барлығы өз орнында болады. Біз үшін бірінші орында Роза Қуанышқызының өмірі.  Әрине, музыкасыз елестету мүмкін емес. Бірақ өмірі бірінші орында болады», – дейді Әли.

Әншінің айтуынша, бұл фильмді қазір түсіру маңызды.

«Себебі бүкіл өмірінің нақтысын айта алатын адам жанымызда. Екіншіден, дауыс керек. Өйткені Роза Рымбаеваның даусын Роза Рымбаевадан артық ешкім сала алмайды деп ойлаймын.

Әйелдер жайлы кино аз ғой. Неге түсірмеске? Өкінішке қарай, «Томиристен» басқа басты кейіпкер әйел болатын кино жоқтың қасы», – дейді Әли.

(фото shownews.kz сайтынан алынды)