Әлемдік саясаттағы резонанс туғызған оқиғалар

0

Қас-қағым уақытта бiр жыл да өте шықты. Сарапшылар ит жылының саяси жағынан да, климаттық жағдайдан да тосын мінез танытатынын айтқан болатын. Айтқандай-ақ, бұл жыл әлем үшін бірнеше маңызды оқиғалармен есте қалмақ. Ендігі кезекте 2018 жылды қорытындылай отырып, дүниені дүрбелеңге салған оқиғаларды назарларыңызға ұсынамыз.

Биылғы жыл Ұлыбритания үшін ЕО құрамынан шығуға деген талпыныспен басталып, саяси даулармен аяқталды. Ұлыбритания мен Еуропалық Одақ Brexit бойынша келіссөздер арқылы үлкен саяси жетістікке қол жеткізу мақсатында көшбасшылар саммиті арқылы күш біріктіруді көздеді. Алайда, парламент депутаттары Мэйдің ұсыныстарын қатты сынға алып, вотум жариялады. Жергілікті тұрғындар да Лондон көшелерінде аталған шешімге қарсы наразылық акцияларын ұйымдастырды.

Биыл АҚШ-та Конгреске аралық сайлау өтті. Нәтижесінде, демократтар мен республикалықтар теңдей дауыс жинады. Обама мен Клинтон бастаған демократтар Трамптың өкілеттігін және оның салық декларациясын тексеруге, Ресейдің 2016 жылғы сайлауға араласуы мен оның әкімшілігінің іс-әрекетін қатаң қадағалауға уәде берген. Бірақ, бұл жағдай АҚШ президенті Дональд Трампқа импичмент жариялауға дейін жеткізген жоқ.

Германия үшін ит жылы миграциялық даулар мен биліктегі ауыс-түйіспен есте қалды. Германия канцлері Ангела Меркель 2021 жылы өтетін сайлауда көшбасшылыққа үміткер қатарында болмайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар, Христиан-демократиялық одақтың (ХДС) жетекшісі Бундестагтағы орын үшін күресуге ниетті еместігін білдірді. Меркельдің бұл шешімі әлемдік саясаттағы күтпеген жаңалықтардың бірі болды.

Соңғы жылдары Францияда халық наразылығы жиі орын алып келеді. Биыл қазанда ел президенті Эммануэль Макронның зейнетақы реформасына наразылық білдірген мыңдаған зейнеткер Париж маңында ереуіл ұйымдастырған болатын. Зейнеткерлер жалақы мен зейнетақыға салынатын салықтың өсуіне қарсылық білдірді. Ал желтоқсанның басында «сары жейделілер» ереуілі басталды. Ай сайын өткен ереуіл салдарынан Франция экономикасы қаржылық қиындықтарға тап болып, шерушілер үкіметтің отставкаға кетуін талап етті.

«Ресейдің агрессорлық саясаты» бұл жолы да қайталанды. 25 қарашада Ресей арнайы жасағы Азов теңізінде Украина әскери теңіз күштеріне тиесілі үш бірдей кемеге шабуыл жасап, басып алды. Осы жағдайдан соң Украина президенті Петр Порошенко елде әскери жағдай жариялады. Бір айта кетерлігі, BBC Қазақстанның Киев пен Мәскеу текетіресінде Ресейді қолдап дауыс бергенін жазды. Кейіннен Қазақстан СІМ БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде өткен жиында ресми Астана Ресейдің ұсынысын емес, Керште болған оқиғаны талқылауды қолдап дауыс бергенін айтты. Жалпы алғанда, 2014 жылдан бері Қазақстан аталған мәселеде өзінің бейтарап көзқарасын білдіріп келеді. Ресми Астананың бұл бағытты енді қанша уақыт ұстануға қауқарлы екендігі әзірге белгісіз.

Әлем көз тiккен Азия мемлекеттерiнiң саясат сахнасы да бiр тыншымады. Грузиядағы президент сайлауы мен Армениядағы айқын демократияға деген талпыныс сөзіміздің бірден-бір дәлелі. 29 қарашада Грузияда президент сайлауы өтіп, тәуелсіз кандидат Саломе Зурабишвили айқын басымдықпен жеңіске жетті. Грузия тарихында бірінші рет әйел президент атанған ол сайлаудағы жеңісін «Еуропа жеңісі» деп атады. Сайлау аяқталғаннан кейін, ол өз елінің еуропалық бағытты ұстанып, Еуропаға қарай бой түзейтінін жеткізді.

Ал Армения биыл сыртқы және ішкі саясатта өзгелерден оқ бойы озық шықты десек те болады. Жаңадан сайланған премьер-министр, жемқорлық тақырыбында біраз уақыт бойы жазған журналист Никол Пашинян билікке келген 4 айдың ішінде 29 реформаны жүзеге асырды. Мемлекетті жемқор басшылардан тазартып, шет елдерде қалып қойған армяндардың туған атамекеніне оралуын жүзеге асыратын «Армениядағы жүрек» жобасын қолға алды. Осындай іргелі істердің нәтижесінде Армения The Economist журналының сараптауымен «Жыл мемлекеті» құрметті атағына ие болды. Бұл жағдай, әрине, ұзақ уақыт басқарып отырған посткеңестік мемлекеттер басшыларына сигнал болғаны анық. Кім білсін, осы мемлекеттердің қай-қайсысында да Пашинян сынды «елеусіз тұлғалар» жүрген болар?!.

«The Qazaq Times»