Әлемдік әдеби сыйлықтар
Кейде қазақ жазушыларын халықаралық сыйлықтардың, медальдардың лауреаты деп хабарлап жатады. Кейбіреуі беделді әлемдік әдеби сыйлыққа басты үміткер ретінде жарияланады. Ал оның аражігін ажыратып жатқан кім бар? Шетелдегі қарапайым қоғамдық ұйымдар ұсынған медальдар мен сыйлықтарды зор көріп, халыққа дабырайта көрсету қаншалықты әділетті болмақ. Белгілі сыншы Амангелді Кеңшілікұлы бір сұхбатында: «Шолохов атындағы сыйлықты бір жазушы алып келсе, соны сұмдық абырой көреміз. Ол сыйлықтың тарихын да ешкім біліп жатқан жоқ. Оны бірінші алған қазақ жазушысының да әдебиетіміздің маңдайалды қаламгері емес екеніне бас қатырмаймыз. Өзің зерттеп көрші, шын мағынасындағы әлемдік үлкен әдеби сыйлықтар бар. Бірақ бірде-бір қазақтың жазушысы ол халықаралық сыйлықтарды алған жоқ» деп еді. Рас сөз. Бізде Кафка атындағы медальдың иегерлері бар. Бірақ 2001 жылдан бері әлемдік әдебиеттегі беделді сыйлықтардың бірі ретінде беріліп келе жатқан Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты жоқ. Бұл сыйлықты Кафка атындағы қор мен Прага қаласының әкімдігі бірлесіп береді. Ендеше, халықаралық әдеби сыйлықтардан құлағдар болғанымыз абзал.
Хьюго сыйлығы
Аталған сыйлық 1953 жылдан бері ғылыми-фантастикалық журналдың негізін қалаған Хьюго Гернсбектің атымен аталады. Жеңімпаз әлемдегі фантастика жанкүйерлерінің конвентіне тіркелген оқырмандардың дауыс беруі арқылы анықталады. Сыйлық жыл сайын ағылшын тілінде жазылған үздік фантастикалық шығармаларға бірнеше аталым бойынша беріледі. Оны әр жылдары Рэй Брэдбери, Дэниел Киз, Нил Гейман сияқты жазушылар алған. Жеңімпаздарға ұшқалы тұрған ракетаның статуэткасы табысталады.
Сервантес атындағы сыйлық
1975 жылы Испания Мәдениет министрлігі бекіткен сыйлық испандықтар үшін Нобельден кем емес. «Испандық Нобельді» жыл сайын король Хуан Карлос «Дон Кихот» авторының туған жері Алкала-де Энарес қаласында тапсырады. Сыйлық испан тілінде жазылған шығармаларға беріледі. Оны бірде Испания өкілі, бірде Латын Америкасының жазушылары сыйлықты кезек-кезек алып келе жатыр. Әр жылдары лауреат атанғандардың ішінде Хорхе Луис Борхес, Рафаэль Альберти, Марио Варгас Льоса, Гильермо Кабрера Инфанте, Хорхе Эдвардс бар. Сыйлықтың ақшалай жүлдесі – 90 мың еуро.
Джеймс Тейт сыйлығы
Бұл марапат 1919 жылдан бері Эдинбург университетінің ұйғарымымен ең үздік романға және үздік биографиялық шығармалардың авторларына беріледі. Ивлин Во, Айрис Мердок, Грэм Грин, Иэн Макьюэн сияқты даңқты қаламгерлер осы сыйлықтың иегерлері.
Orange сыйлығы
Британиядағы әйел жазушылар үшін берілетін сыйлық ағылшын тілінде жазылған шығармаларға 1996 жылдан бері беріліп келеді. Жеңімпазға «Бесси» атты статуэтка мен 30 мың фунт стерлинг ақшалай сыйақы беріледі. Аталған сыйлыққа ие болған қаламгерлер бұдан кейін Букер сыйлығына ұсынылады.
Наоми Олдерман, Карен Коннелли сияқты жазушылар осы сыйлықтың лауреаттары. 2013 жылдан бері демеушілері өзгеріп, сыйлық The Baileys Women’s Prize for Fiction деп аталады.
Андерсен, Линдгрен сыйлықтары
Неміс жазушысы Елле Лепманның бастамасымен екі жылда бір рет 2 сәуір күні Андерсеннің туған күнінде беріледі. Лепманның бастамасымен халықаралық балалар мен жасөспірімдер кітапханаларының кеңесі құрылды. Осы ұйымның шешімімен сыйлық 1956 жылдан бері жазушыларға, 1966 жылдан бері суретші-иллюстраторларға да беріледі. Қаламгерлер арасында бұл марапатты «кішкентай Нобель» деп атайды (Балалар жазушыларына берілетіндіктен). Эрих Кестнер, Джеймс Крюс, Джанни Родари, Богумил Ржига, Астрид Линдгрен секілді балалар жазушылары Андерсен сыйлығының иегерлері атанған.
Балалар әдебиетіне арналған Швеция жазушысы, ертегіші Астрид Линдгрен атындағы халықаралық сыйлық бар. Бұл сыйлық жыл сайын жазушыға ғана емес, балалар құқығын қорғаушыларға, балалар кітабын жақсы насихаттаған тұлғаларға да беріледі. Бұл бәйгенің алғашқы жеңімпаздары аустриялық Кристина Нестлингер мен америкалық суретші Морис Сендак. Ақшалай сыйақысы өте жоғары – 500 000 еуро.
Гонкур сыйлығы
Бұл сыйлық Францияда ағайынды Гонкурлардың құрметіне беріледі. Сыйақысы символды түрде – 10 еуро ғана. Бірақ аталған сыйлыққа ие болған жазушының кітабы Еуропада кеңінен насихатталып, үлкен беделге ие болады. Марсель Пруст, Морис Дрюон, Симона де Бовуар осы сыйлықтың лауреаттары.
Букер және халықаралық Букер сыйлықтары
Букер сыйлығы Британияда, не Ирландияда жазылған, жарыққа шыққан ағылшын тіліндегі романға 1969 жылдан бері беріліп келеді. Жыл сайын жүздеген кітапты Букер қоры мен жазушылардан, баспагерлерден, сыншылардан құралған комитет іріктейді. Тамыз айында 20-25 кітаптан тұратын лонг-парақшаны, қыркүйек айында солардың арасынан үздік шыққан 5-6 кітаптан тұратын шорт-парақшаны жариялап, қазан айында лауреатты анықтайды. Жүлденің ақшалай қоры – 103 мың еуро. Бұл сыйлыққа Салман Рушди, Майкл Ондатже, Кадзуо Исигуро сияқты даңқты жазушылар ие болған.
Ал халықаралық Букер сыйлығы осы тәртіппен, бірақ ағылшын тілінде жазылған өзге елдің жазушысының романына, я ағылшын тіліне аударылып, Британияда жарық көрген романдарға 2005 жылдан бері табысталады.
Нобель сыйлығы
Әдебиет саласындағы әлемге мәшһүр сыйлық бұл. 1901 жылдан бері бұл марапат физика, химия, медицина мен физиология, әдебиет және бейбітшілікті нығайту салалары бойынша беріледі. Сыйлық жыл сайын 10 желтоқсанда Альфред Нобельдің қайтыс болған күні беріледі. Лауреат алты айдың ішінде өз тақырыбы бойынша Нобель лекциясын оқуы керек. Былтыр Нобель сыйлығын тегі жапондық, Британияда тұратын жазушы Кадзуо Исигуро алды. Ал биыл әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы берілген жоқ. Бұл сыйлықтың ақшалай жүлде қоры 10 миллион швед кроны немесе 1 миллион 300 мың АҚШ долларын құрайды
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»