Әлемді мойындатқан «жаңа» қазақтар: әлем жұлдыздары олармен жұмыс істеуді армандайды — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақстанның дарынды адамдардың шоғырланған мекені екеніне жыл өткен сайын әлем куә болып келеді. Дүние жүзіне әйгілі жұлдыздардың қазақстандық өнер иелерімен жұмыс істеуге деген құлшынысы — еліміздің даңқы мен абыройын асқақтата түсті. Stan.kz ақпараттық агенттігі назарларыңызға Қазақстанның атын әлемге паш етіп, елдің танылуына үлесін қосып жүрген кино және клипмейкинг саласының шеберлерін ұсынады.


Бүгінгі таңда әлемдік деңгейдегі жұлдыздармен жұмыс істеп жүрген Айсұлтан Сейітов Голливудте жұлдызы жанған дарынды режиссерлардың бірі.

Ол 19 жасында «Шакал» атты қысқаметражды фильмімен Лос- Анджелесте өткен Hollywood Boulevard Film Festival атты кинофестивальде бас жүлдені жеңіп алған. ТМД-ның, Американың «мен» деген  мықты өнер иелерімен тығыз жұмыс істемей тұрып, режиссурадағы жолын Ғалымжан Молданазар, Ninety One сынды танымал қазақстандық әншілер мен топтарға бейнебаян түсіруден бастаған.

Сейітов ең алғашқы клипін 1000 долларға қырғызстандық «Джая Миядзаки» атты топқа түсіріп берген. Жас дарынның қоржынында Скриптонит, T-Fest, Иван Дорн, L’One, Элджей, MiyaGi & Эндшпиль, Jah Khalib, Offset, 21 Savage сынды танымал ресейлік, америкалық және отандық әншілер мен рэперлерге түсірген бейнебаяндар бар. 

2019 жылдың сәуірінде ол Follow me to жобасының авторлары Мұрат және Наталья Османнмен бірге Follow me to Qazaqstan атты видео түсіріп, өз еліне деген махаббаты мен құрметін өнері арқылы тағы да дәлдеді. Үш минуттан асатын видеоға режиссер Қайынды көлін, Шарын каньонын, Көлсай көлдерін, ҮАӨ түсіріп, Қазақстан табиғатының сұлулығын жан-жүрегімен көрсеткісі келгендей. 

Бүгінде 22 жастағы Айсұлтан Сейітов дарынды режиссерлардың, операторлар мен продюсерлердің  басын «Qara» кинопродакшенында біріктірген. Жас та болса талай шыңдарды бағындырып үлгерген Айсұлтан Сейітовтың алар асуы әлі алда деп сенеміз. 

Азамат Дулатов түсірілім алаңында операторлық жұмыстан бөлек, кез келген істі істей білетін, тәуекелге барудан тайсалмайтын шебер. Оның БАҚ-қа берген сұхбаттарына назар аударсақ, жұмысына туған құрметтен әр түрлі жағдайларда түсірілім алаңында операторлықпен қатар кішігірім қара жұмысты алып жүретінін байқаймыз.

Түсірілім кезінде бірнеше сағат бойы жаңбырдың астында қалып қою немесе үзіліссіз жұмыс істеу секілді жайттар Дулатовтың  көңілін еш құлазытпайды екен. Керісінше, жігерлендіріп, мықты маман болуға шабыттандырады. 

Еңбек жолын 18 жасында Асқар Ұзабаевтың тобында қарапайым көмекші ретінде жұмыс істеуден бастаған оператордың қоржынында мың бейнебаян және 22 кинокартина бар. Бейнебаяндардың басым бөлігі  L’One, Ивана Дорн, Баста, Jah Khalib, MC Noize сынды ресейлік және отандық өнер иелеріне түсірілген. Ерке Есмаханның тұсауы жақында ғана кесілген “1001” күн бейнебаяның сәтті шығуында да Азамат Дулатовтың үлесі зор екенін ескерген жөн. 

Ал танымал оператор түсірген фильмдер тізімінде “Бизнес по-казахский”, Нұртас Адамбаевтың “Келинка Сабина”, “Замуж в 30” кинокартиналары бар. 

Қазақстандық жігіттің  21 жасында түсірген толықметражды “999” фильмі Лос-Анджелестегі байқауда жеңіске жеткен. Фильмді көрген адамдар оны жиырмадан енді ғана асқан адам түсіргенін білгенде, қатты таңғалған екен. 

Аян Исинді тек отандық емес, халықаралық дәрежедегі суретші-мультипликаторлардың қатарына қоса аламыз. Себебі, сапалы әрі әдемі бейне туындыны жасау үдерісі жайлы сөз қозғалғанда, шетелдік танымал басылымдар, компаниялар, әлемдік деңгейдегі жұлдыздар қазақстандықтың көмегіне жүгінгенді жөн көреді.

Отандасымыздың МTV арнасына жасаған қысқа бейне жұмысы америкалық жұлдыздар өнерден шашу шашып  жатқанда Таймс-скверде  (Times Square) көрсетіледі. Оның Vogue Арабия журналына жасаған аниматорлық видеосы да басылымға жауапты адамдардың, өнерді бағалай білетіндердің көңілінен шыққан. 

Аян Исин америкалық хип-хоп орындаушы Эйсап Роккидің (Asap Rocky) JD атты туындысына сапалы ролик жасауға жауапты болған. Сонымен қатар, Wiz Khalifa атты рэпердің Letterman атты әніне бейнебаян (lyric video) жасаған. Исиннің жұмыстарымен Vimeo сайтынан танысқан өнер иелері оны іздеп тауып, серіктестікке тартқан.

Тіпті, Кэлвин Харрис, Рианна, Эминем, Пост Малонмен бірге жұмыс істеген британдық режиссер Эмил Нава қазақстандық жігітпен байланысқа шығып, PRETTYMUCH ft. French Montana клипіне анимациялық ролик жасауды ұсынған. 

Суретшілердің жанұясында дүниеге келген Аян Исиннің жеткен жетістіктерін ауыз толтырып айта беруге болады.Ол бағындырған шыңдар  экономика саласында білім алған жігіт үшін керемет көрсеткіш десек, артық айтқанымыз емес. 

Black Star лейблына 2016 жылдың желтоқсанында жұмысқа орналасып, бір жылдың ішінде  ерең еңбегінің арқасында үздік қызметкер атанған Абылай Қайыржанов бүгінгі таңда Тиматидің жеке операторы. Лейблдың он бес әртісіне видео түсіріп, ыстық ықыласына бөленген жігіттің бейнетүсірілімге деген махаббаты мектеп қабырғасында оянған.

Білім шаңырағында видео ойындарға қызыққан оныншы сынып оқушысы шеберлігін шыңдау үшін ойын үдерісін камераға түсірген екен. Бір видеодан кейін, тағы да бірнеше видеоларды түсіруге құлшынысы оянған болуы керек, ол қызығушылықтан туған істі тастамай, жетілдіріп отырған.

Он бірінші сыныпқа келгенде досымен бірге махаббат және білім жайлы «Шанс» деп аталатын 10 минуттық қысқаметражды фильм түсіріп, байқаудан бас жүлдені жеңіп алған.

Сондай-ақ осы фильммен кейін Румынияда өткен халықаралық жарыста екінші орынды иеленген. Студенттік шағында университеттегі барлық кештерді, қалалық шараларды түсірумен айналысқан қазақстандық жігіт Тиматидің бас қаладағы концертін камерасына жазып алып, шоуменнің назарына ілінген. Алдағы уақытта 23 жастағы Абылай Қайыржанов танымал жұлдыздармен жұмыс істеуді жоспарлап отыр.

Медет Шаяхметовтың өнерге деген қызығушылығы бала күнінде-ақ оянған. Музыкалық әрі суретшілік қабілетті қазақстандық жігіт есейіп ер жеткенге дейін дамытып келген.»Тесік моншақ жерде қалмайды» демекші, Медет Шаяхметовтың еңбегі 18 жасында ТМД әртістерімен бағаланған. 2012 жылы оған Little Big Production атты жарнамалық- клиптік агенттіктің продюсері Алина Пязоктан Баста мен Гуфтың бейнебаянында мультипликатор ретінде жұмыс істеу туралы ұсыныс түскен.

Дәл осы жылдың желтоқсан айында жас жігіттің жұлдызы жанып, оған Нью-Йорктегі киноакадемияда (New York Film Academy) білім алу мүмкіндігі бұйырды. Академияның екінші курында оқып жүріп танымал «Q-елі» комедиялық телесериалын түсірген отандысымыздың сөзінше, академия оның режиссер ретінде қалыптасып, дамуына үлкен септігін тигізген. 

АҚШ-тағы оқуын аяқтап, 2016 жылы елге оралған соң, ол отандық жұлдыздармен жұмыс істеп, Jah Khalib-ке бейнебаян түсіріп берген. Сол жылы оны ресейлік репер L’one Мәскеуге клипке режиссерлық жасау,а шақырған.

Шаяхметов ресейлік әншімен атқарған жұмысын ең ірі жобаларының қатарына жатқызады. Дарынды режиссердің қоржынында жоғарыда аталған өнер иесімен үш бейнебаян бар. Сондай-ақ, отандасымыз Скриптонит, Элджей, Feduk сынды шоубизнес өкілдерімен бірге жұмыс істеген. 

 

 

stan.kz