Әлемде журналистерді түрмеге жиі қамайтын болды
Авторитарлық режимдер өзгеше ойлайтындарды басып-жаншу үшін журналистерді жиі түрмеге қамайды деп мәлімдеді «Журналистерді қорғау комитеті» (Committee to Protect Journalists — CPJ).
Ұйымның 13 желтоқсан күні жариялаған есебі бойынша, әлемде үшінші жыл қатарынан кәсіби қызметі үшін 250-ден астам журналист, оның ішінде 33 әйел түрмеде отыр. Ең көп журналист қамауда отырған елдер — Түркия (68 журналист), Қытай (47 журналист) және Сауд Арабиясы (16 журналист). Өткен жылмен салыстырғанда Түркияда қамаудағы журналистер саны азайғанымен, Қытай мен Сауд Арабиясында ұлғайған.
Журналистердің 70 пайыздан астамы терроризм және мемлекетке қарсы іс-қимыл жасады деген айыптармен, 28 пайызы «жалған ақпарат таратты» деген айыппен түрмеге жабылған. Ұйым авторлары саяси және құқық қорғау тақырыптарында жазатын журналистердің ең ұзақ мерзімге қамалатынын айтады.
CPJ тізімінде мемлекеттік түрмелерде жазасын өтеп жатқан журналистер ғана келтірілген. Оған із-түзсіз жоғалған немесе үкіметтік емес ұйымдар ұстап отырған журналистер енгізілмеген.
«Әлемде соңғы жылдары журналистерге шабуыл жасау көбеймесе азайған жоқ. Ақпарат таратқаны үшін ғана әлемде 2251 журналистің қамауда отырғанына төзуге болмайды. Цензура енгізу үшін түрмеге қамау тәсілін қолданатын тирандардың әрекеті жазасыз қалмауы тиіс» деді CPJ атқарушы директоры Джоэл Саймон.
Дереккөз: Азаттық