«Алдын ала жоспарланған»: Тоқаев қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік туралы пікір білдірді

0

Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатында қаңтар айында болған жаппай тәртіпсіздікке қатысты пікір білдірді. Ол бүліктің алдын ала жоспарланғанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

«Мұның алдын ала жоспарланған әрекет екені анықталды. Арнайы дайындықтан өткен қылмыстық топтар, лаңкестер оқиғаның бел ортасында жүріп, қарақшыларды, құқық бұзушыларды басқарды. Әрине, бұзақы топтардың арасында бейбіт азаматтар да болды. Енді, оларды, лаңкестерден, қарақшылардан бөліп алуымыз керек. Бұл – өте күрделі мәселе. Мұның бәрін тергеу жұмыстары анықтайды. Жалпы, мына нәрсені дұрыс түсінуіміз керек.

Алаңда шыққандардың бәрін түгел бейбіт шеруші деп айтуға болмайды. Бұл ешқандай ақылға сыймайтын нәрсе. Көзі ашық, ары таза адам мұндай жалған тұжырымға ешқашан сенбейді», -деді президент өз сұхбатында. Мемлекет басшысы жаппай тәртіпсіздік кезінде лаңкестер жағдайды ушықтырғанын еске салды.

«Олардың мақсаты – елдің тұтастығын бұзу, халықты қорқыту. Ал, бейбіт шерушілер солардың қармағына түсті. Қазір сол кінәсіз азаматтардың құқығын қорғауымыз керек. Мен әрбір іс бойынша мұқият тергеу жүргізу керек деп айттым. Адамдардың құқығын бұзған тұлғалар жазаға тартылады. Біз бұған қажетті шараның бәрін қабылдаймыз. Еш күмән болмасын»,- деді Тоқаев.