«Алатау» театры «Жыр-жолбарыс» пьесасын жазу үшін Жамбыл еліне барды
2018 жылғы 15 қарашада «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алғашқы қойылымы «Жыр-жолбарыс» (Жамбыл. Өмір кезеңдері) көрермен назарына ұсынылды. Қойылымда халық ауыз әдебиетінің ХХ ғасырдағы алыбы, ақын, эпик жыршы Жамбыл өмірінің кейбір кезеңдері оның айтыскер ақын, ел мұңын жырлайтын тұлға ретінде қалыптасуы сахналанды.
Сүйінбайдай жыр дүлдүлінен тәлім алған Жамбыл – шынайы, таза шындықты көркем суреттеген ақын. Жамбылды дүйім жұртқа танытқан – оның суырып салма айтыстан басталған отты өлеңдері еді. Жамбылдың Жаныс, Шыбыл, Бөлтірік, Құлманбет, Шашубаймен айтқан айтыстары қазақ әдебиетінің алтын қорына енді. Сондай-ақ, қырғыз елінің Тоқтағұл, Мұраталы, Әлімқұл, Балық, Тыныбек, Қатаған сияқты ақындарымен де айтысқаны белгілі. Сонымен қатар, Жамбыл мұраларының ішінде қыз бен жігіттің қайым айтысы да, түре айтыс та, сүре айтыс түрлері де бар. Осының қай-қайсысында да Жамбыл өзінің нағыз майталман, кестелі сөздің шебері әрі ұшқыр ойлы, тапқыр шешен екенін дәлелдеген ірі тұлға.
Пьесаны жазу барысында Театр директоры Б. Жүсіпов бастаған шығармашылық топ Жамбыл еліне барып, ақынның музейін аралады. Музыкалық қойылымның кеңесшісі, Жамбылдың көзін көрген Шаштай ақсақалдың ұлы Жұмабай Шаштайұлымен де бірнеше кездесу өткізіп, пьесаның барысын талқылады. Осындай ізденістердің нәтижесінде қоюшы-режиссер Есләм Нұртазин мен пьесаның авторы Әннәс Бағдат «Жыр-жолбарыс» қойылымына XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың бастапқы кезеңіндегі қоғамның шиеленіскен тұстарын зерделеп, заман талабына сәйкес үйлестіріп көрсете білді. Қойылымның көркемдік деңгейін әрбір қақтығыстағы сөз астары мен ақындардың айтысы арқылы шарықтау шегіне жеткізіп отырды. Сахнаның безендірілуі, барымташылықты суреттегендегі аттардың образы қазіргі заманауи стильде жасалған. Жамбыл рөліндегі – Әсет Есжан суырып салма ақын жыр алыбын жоғары деңгейде сомдай білді. Эстрада әндерін орындап жүрген жас актер Жамбылдың кесек-кесек ойларын, жырларын жанды дауыста шебер орындады. Қойылымда қазақ би нақыштары заманауи контемпорари, фолькденс би бағыттарымен синтезделіп ұсынылды. Сондай-ақ, динамикалық сценография қолданудың нәтижесінде драматургияның заңдылықтары сақталып, хореография, дәстүрлі музыка мен драмалық сахналар өзара жымдаса түсті.
Спектакльде Жамбыл мен Бұрымның махаббатына сол кездегі қоғамның ұстанымдары кедергі келтіреді. Кіршіксіз сұлу сезімнің тұнығын мұң шайқап, ашынған ақын, халықтың ауыр тұрмысын, мұң-мұқтажын, ел басындағы ауыртпалықты, болыс-билер парақорлығының айқын көріністерін қызыл тілімен орып, батыл сынай білді.
Кеш қонағы Қазақстанның халық артисі, профессор Есмұхан Несіпбайұлы Обаев залға лық толы көрерменге «Жыр-жолбарыс» спектаклінің жоғары дәрежеде өткендігін айта келе, Театр ұжымына табыс тіледі.
Назгүл Нұрсағат,
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының
Дәстүрлі өнерді дамыту және үйлестіру бөлімінің қызметкері