«Алаш» сыйлығының иегері Нұржан Қуантайұлының 50 жас мерейтойы өтті
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы, ақын Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ 50 жасқа толды. Осыған орай Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Қаламгерді мерейтойымен құттықтаған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың құттықтау хаты оқылды. Сондай-ақ Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевтың, Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаевтың, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметовтың, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ж.Түймебаевтың, Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлованың, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтановтың құттықтау хаттары табыс етілді.
— «Үрейлі үш күн» әңгімесі — классикалық дүние. Ал ондай дүниені жазған қаламгерді классик дейді. Сіздер де факультетімізде классик қаламгер жүр деп есептеңіздер, — деді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет конференция модераторы, журфактың деканы Сағатбек Медеубекұлына.
Жазушылар одағының атынан жазушыны құттықтап, шапан жауып, сый-сияпатын берді.
Әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы жазушы, ақын Нұржан Қуантайұлының шығармашылығы туралы арнайы, үлкен баяндама жасады.
Шығармашылық жетістіктерінің белгісі ретінде осы күні Н.Қуантайұлы «Мәдениет саласының үздігі», «Қазақстан Ассамблеясына 25 жыл», «Абайдың туғанына 175 жыл», ҚазҰУ-дің «Ерен еңбегі үшін», туған жері Көкпекті ауданының «Ауданның дамуына сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды.
Нұржан Қуантайұлы — әдебиетке өзінің қолтаңбасымен, өзінің үнімен келген ақын. Сонау 80-жылдардың соңында жарқ ете қалып, бүкіл әдебиет сүйер қауымды елең еткізген болатын. Қазір Нұржан кәсіби прозаик ретінде танымал. Осыдан жиырма жыл бұрын жарық көрген «Қараөзек» романы — оқырманның да, әдебиет сыншыларының да көңілінен шыққан, өзгеше шығарма. Ол романды түрік тіліне алдыңғы жылы аударған түрік жазушысы Якуп Өмероғлы да жаңа онлайн конференцияда сонау Анкарада отырып жан-жақты талдап берді. Кемеліне келген, зор таланты бар жазушыдан енді сүбелі, сүйекті дүниелер күтеміз, – дейді көрнекті жазушы Кәдірбек Сегізбаев.