Әкімдік «Алматы жастары» бағдарламасы арқылы енді көбірек несие рәсімдеуге рұқсат бермек
Алматы әкімдігі биыл «Алматы жастары» бағдарламасы арқылы көбірек несие рәсімдеуге рұқсат беруге ниетті екендіктерін жеткізді, деп хабарлайды 31 арна.
Ведомствоның мәліметінше, 10 наурызда басталатын бұл бағдарламаның аясында, өткен жылғыдай 10 миллион теңге емес, енді 18 миллионның пәтерін алу мүмкіндігі қарастырылған. Бірақ, жылдық 5 пайыздық мөлшерлеме төмендетілмейтіні белгілі болып отыр. Ал карантиннің салдарынан зейнетақы төлемдері аударылмаса да, төлем қабілеттілігіңізді қалай да болсын растауыңыз қажет.
«Ол кісінің заң бойынша жұмыс істеп жатқан мекемесі белгілі бір уақытқа зейнетақы төлемдерін аударудан босатылған болса, өзінің жұмыскеріне беретін анықтамада сол туралы жазылу керек», — дейді «Отбасы банктің» Алматы қалалық филиалы директорының орынбасары Анагүл Түсіпова.
Бұл бағдарлама бойынша Алматыда жұмыс істейтін, жасы 35-тен аспаған үміткерлердің қатары биыл құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен толыққан.
Осылайша, тұрғын үйдің алғашқы 10 пайыз жарнасын жинаған мұғалім, дәрігер, БАҚ өкілдері мен әлеуметтік, спорт, мәдени, жоғары оқу орындарындағы қызметкерлері бір мың өтінішке ілігіп қалуға жанталаспақ.
Сонымен қатар әкімдік Алматыдағы әлеуметтік жағынан әлсіз топқа жататын азаматарға тұрғын үй қорынан пәтер беру жалғаса беретінін жеткізді. Тізімде әлі 27 мың 700-ден астам алматылық бар.