Әкімдік 80 млн теңгелік материалдарын қайтармай қойған: Түркістан облысында Қожа Ахмет Яссауи музейіне қатысты шу шықты
Түркістан облысында жобалау-зерттеу ұйымы әкімдікке шағымданып отыр. Айтуларынша, алғашында шенеуніктер мекемемен келісімге келіп, артынша шартты бұзып, құны 80 млн теңге болатын конструкцияны қайтаруда бас тартқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнасының «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Жобалау-зерттеу ұйымының өкілдері Түркістанда салынуы керек Қожа Ахмет Яссауи музейінің концепциясын құрастыру тендерін жеңіп алғандарын айтады. Тендер өткізілгеннен кейін тіпті, жобаны жүзеге асыруға кірісіп кеткен. Алайда кейіннен Түркістан әкімі сырт жақтан маман тартуды талап еткен. Бұған ұйымдағылар келіспегендіктен, келісімшартты қайтарып алыпты.
«Олар біздің жобаны рұқсатсыз жалғастыруда. Айтып отырғанымыз, авторлық құқықтың қатаң түрде бұзылуы және біздің музейде тұрған мүлікті рұқсатсыз иемделуі. Біз мемлекетке, президентке жүгініп отырмыз, өйткені бұл мәселе бізге ғана қатысты емес», — дейді ұйымның бас директоры Константин Моряк.
Сөзінше, полицейлер оқиғаға қатысты тергеу жүргізуден бас тарқан. Бұған қоса, ұйым музейдің қоршауына өз қалталарынан 80 млн теңге жұмсаған.
Дегенмен Түркістан әкімі айтылған мәселені жоққа шығарды. Сөзінше, тапсырыс беруші Samruk Construction мердігерді шақыртып, құрылысқа өздері ақша бөлген. Алайда жұмыс нәтижелері комиссияға ұнамағандықтан, оны бұзуға тура келіпті.
«Базис-А» ұйымы жұмсаған қаражат — олардың өз қаржысы. Материалдар да оларға тиесілі. Мекеме полицияға шағымданған. Алайда іс азаматтық-құқықтық алаңда болғандықтан, іс қозғалмады», — деді Түркістан әкімі Рашид Аюпов.
Айта кетейік, құрылысқа бюджеттен 400 млн теңге бөлінген. Қала әкімдігі шағымданушы ұйымға сотқа жүгінуге кеңес берді.