Әкім Жеңіс Қасымбек миллиардер Митталдың «досы» ма?
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының металлургиялық кенішінде 5 қарапайым жұмысшының мерт болғаны кеніштегі қордаланған мәселелердің көп екенін тағы да көрсетті деп хабарлайды Nege.kz.
10 маусымда АМТ металлургиялық комбинатында цехтың төбесі опырылып, жұмысшылар үйінді астында қалды. Төрт адам қаза тауып, бір адам ауыр зардап шеккен.
Артынша 16 маусым күні жылу электр орталығындағы қазандықты жөндеу кезінде тағы 1 жұмысшы мерт болды. Осылайша металургтер қаласында бір аптада 5 отбасы асыраушыларынан айырылды. Жұмысшылардың артында анырап жар, қан жұтып әке-шеше, шырылдап бала-шаға қалды. Обалы кімге?
10 маусымында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын Қазақстан халқына қайтаруды талап еткен петиция жарияланды. Петицияға 4000 адам қол қойған.
Бүгін Елордада журналистерге алты айдың есебін берген Қарағанды облысының басшысы Жеңіс Қасымбекке журналистердің сұрағының дені осы мәселе жөнінде болды.
«Петициямен ешнәрсе шешілмейді. «АрселорМиттал» – үлкен трансұлттық компания. «АрселорМитталдан» басқа Қазақстанда компаниялар көп. Мемлекет меншігіне кен орнын қайтару мәселесін көтерсек, онда үлкен инвестициялық компаниялар Қазақстанға сенімін білдірмейді. Тек қана келіссөздер арқылы бұл мәселені шешуге болады», – деді Жеңіс Қасымбек.
Облыс әкімі компанияның жерлеу шығынын өтеп, марқұмдардың отбасына он жылдық көлемінде жалақы беретінін, балалары 18 жасқа толғанға дейін ай сайын сақтандыру төлейтінін айтты. Бірақ бұл өтем атпалдай азаматынан айырылған отбасының жыртығына жамау бола ма? Қайғысын жеңілдете ме? Мұндай оқиғаның қайталанбасына кім кепіл? Жеңіс Қасымбек пе?
«Арселор МитталТеміртау» 1997 жылы Қазақстан үкіметімен келісім шарт жасасып, Қарағанды облысындағы бірнеше көмір кенішінен таскөмір мен метан газын өндіру құқығын алған.
25 жылға берілген бұл келісім шарттың мерзімі биылғы жылдың 21 қаңтарында аяқталған. Келісім шарттың мерзімі ұзартылғаны туралы дерек жоқ. Ендеше, миллиардер Миттал қаңтардан бері Қазақстанда заңсыз жұмыс істеп жатыр деген сөз.
Лицензиясы жоқ компанияның қалай істеп жатқанын Nege тілшісі әкімнің өзінен сұрады.
Фото: inbusiness.kz
«Инвесторлық компаниямен әкімшілік келісім шартқа отырмайды. Оны арнайы министрлік өкілдерінен сұрау керек. Мен білетін ақпарат бойынша «АрселорМитталмен» Қазақстан арасындағы келісімге қол қойылды», – деді өңір басшысы.
Әкімнің сөзіне сенсек «Қазақмыс» пен «Арселор МитталТеміртау» жергілікті бюджеттің 25%-ын толтырып отыр екен. «Облысымыздың бюджеті 500 млрд теңгеден астам, оның көбісі – трансферт. Өзіміздің салықтар мен төлемдер 150 млрд болса, соның 10 %-ы – «Арселор МитталТеміртау»», – деп түйіндеді әкім сөзін.
Өткен жылдың қараша айында «АрселорМиттал Теміртау» шахтасында болған апаттан кейін мәжілісмендер бұл мәселені көтерген. Алайды іс жеріне жетпеді немесе жеткізбеді…