Қазақстан Шыңжаңнан қашқан қазақтарға азаматтық та, шетелге шығатын құжат та бермей отыр

0
113

Қытай билігінің Шыңжаңдағы мұсылмандарға жасаған қысымынан Қазақстанға қашып келген бес қазақ әлі күнге дейін азаматтық ала алмай жүр деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Төртеуінде бір жылдық «босқын» статусы, біреуінде «пана іздеуші тұлға» куәлігі бар. Олар азаматтық алмағандықтан ешкім жұмысқа қабылдамайтынын, дәрігер қарамайтынын айтады. Қытай қысымынан қашып келген қазақтардың қазіргі ахуалы қандай?

– Аға, қарызға буылып қалдым. Құжатсыз жүріп, анадан, мынадан қарызға ақша алып… Енді өзімді саудаға салудан басқа жол қалмады…

Бұл – Шыңжаңдағы қысымнан қашып келген, қазір Жаркентте тұрып жатқан Тілек Тәбәрікұлының Азаттыққа жолдаған хаты. Жоқшылық қамытын киген жігіт тығырықтан шығудың жалғыз жолы ретінде бүйрегін саудаға салуды ойлап жүр. Қолында «Пана іздеуші тұлға» куәлігі ғана бар Тілек азаматтықты қойып, «босқын» мәртебесін әлі алмаған. Ол «үш ай бұрын» босқын мәртебесін сұрап, Алматы облысы Панфилов ауданы көші-қон полициясына өтініш жазған. Бірақ көші-қон полициясынан әлі жауап жоқ.

Қазақстанға Қытайдан шекараны бұзып қашып келген Тілек Тәбәрікұлы сотта. Жаркент, Алматы облысы, 16 қаңтар 2020 жыл.
Қазақстанға Қытайдан шекараны бұзып қашып келген Тілек Тәбәрікұлы сотта. Жаркент, Алматы облысы, 16 қаңтар 2020 жыл.

Тілекке телефон шалғанымызда ентігіп, әрең сөйлеп тұрды, жиі-жиі жөтеледі. Он шақты күннен бері суық тиіп ауырып жүргенін, толық емделуге қаражат жоғын айтты.

– Қиналып кеттім. Анамның да денсаулығы онша болмай жүр. Жалғыз інім Ерқанат Тәбәрікұлы қазір Қытайда. 2017 жылы Шыңжаңда ұсталып, саяси лагерьге қамалған. Кейін лагерьден шыққан деп естідік. Бірақ нақты қайда, не істеп жүргенін білмейміз. Анда-санда бір аман-есен екенін айтып, хабар береді. Бірақ нақты мекенжайын айтпайды, – дейді ол.

Тілек «Пана іздеуші тұлға» куәлігімен ешкім жұмысқа алмайтынын, алыс қыстақтарға барып мал бағып кеткісі келетінін, бірақ аурушаң ата-анасына қарайлап, шыға алмайтынын айтады.

2019 жылы қазақ-қытай шекарасын бұзып, Алматы облысына қашып келген соң Тілек Тәбәрікұлы «шекараны заңсыз кесіп өтті» деген айыппен жауапқа тартылған еді. Сотта ол Қазақстан азаматтығына құжат тапсырғанын, бірақ азаматтық ала алмағанын айтқан. Алматы облысы Панфилов ауданы соты Тілекті алты айға бостандығынан айырды, бірақ Қазақстанда қалдырған.

«ҮШІНШІ ЕЛГЕ КЕТУДЕН БАСҚА АМАЛ ҚАЛМАДЫ»

Қазақстан Шыңжаңнан қашқан Қайша Ақан, Қастер Мұсаханұлы, Мұрагер Әлімұлы және Бағашар Мәлікұлына 2020 жылы бір жылға босқын мәртебесін беріп, оны жыл сайын созып отыр. Төртеуі де Қазақстан азаматтығын сұраған, бірақ органдар оларға төлқұжат бермей келеді.

Ішкі істер министрлігіне азаматтық пен жол жүру куәлігін сұрап барған Мұрагер Әлімұлы (сол жақтан екінші), Қастер Мұсаханұлы (сол жақтан үшінші) және Қайша Ақан (оң жақта). Сол жақ шеттегі - Ауыт Мұқибек.
Ішкі істер министрлігіне азаматтық пен жол жүру куәлігін сұрап барған Мұрагер Әлімұлы (сол жақтан екінші), Қастер Мұсаханұлы (сол жақтан үшінші) және Қайша Ақан (оң жақта). Сол жақ шеттегі — Ауыт Мұқибек.

2018 жылы шекараны бұзып Қазақстанға өткен Қайша Ақанның айтуынша, босқын мәртебесін алған екі жыл ішінде өздеріне Қазақстан билігі не әлеуметтік жағынан, не медициналық тұрғыдан, не құқықтық көмек көрсетпеген. Ол «босқын» мәртебесін алдық деген аты болмаса, Қазақстанда біздің адами құнымыз жоқ» деп күрсінеді.

– Біз қайда тұрып жатырмыз, не болып жатырмыз, ауырып-сырқап қалсақ қалай емделеміз? Тіпті телефон нөмері мен банк картасын да атымызға рәсімдей алмаймыз. Қысқаша айтқанда, отырсақ опақ, тұрсақ сопақпыз. Пандемия кезінде тұтас халыққа 42500 теңгеден көмек берді, біз оны да ала алмадық. Санда бар, санатта жоқ жандармыз, – дейді Шыңжаңда туған қазақ.

Қайша қазір Алматы облысы Талғар ауданында пәтер жалдап тұрып жатыр. Былтыр қаңтарда оны Алматы қаласындағы жалдап тұрып жатқан пәтерінің маңында белгісіз адам ұрып-соғып кеткеннен кейін жеке басының қауіпсіздігіне байланысты мекенжайын ауыстырған еді. Оны ұрған адам сол күйі табылмады.

Қытайдан Қазақстанға шекарадан заңсыз өтіп келген Шыңжаң қазақтары Қайша Ақан (сол жақта) мен Бағашар Мәлікұлы.
Қытайдан Қазақстанға шекарадан заңсыз өтіп келген Шыңжаң қазақтары Қайша Ақан (сол жақта) мен Бағашар Мәлікұлы.

2019 жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесінен шекарадан заңсыз өтіп, Шығыс Қазақстан арқылы атамекенге келген Мұрагер Әлімұлы «Жағдай мүшкіл. Нан тауып жей алмай жүрміз. Ешкім жұмысқа алмайды. Қазіргі жағдайымызды айтқанмен ешқандай пайдасы жоқ» деп қысқа қайырды.

2021 жылы сәуірде Қайша Ақан, Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлы Қазақстаннан азаматтық ала алмаған соң биліктен үшінші елге кетуге рұқсат беретін «жол жүру құжатын» сұраған.

– Жол жүру билетін сұрағанда оны халықаралық стандартқа сай етіп, қаңтарда жасап береміз деген еді. Өйткені бұған дейінгі жол жүру билеті қолмен толтырылып келіпті. Бірақ ол өзге елге барған кезде жарамсыз болып қалады. Ендігі билетті чип орнатып жасаймыз деген болатын. Бірақ Қаңтар оқиғасына байланысты тағы шегеріп, шілдеде береміз деп отыр. Шағын және орта кәсіпкерлерді қолдау туралы бағдарлама бар екен ғой. Сол бағдарлама негізінде тіл үйреніп, шаштараз мамандығын меңгерсем, кейін сұлулық салонын ашып алармын деп ойлаған едім. Бірақ Талғар аудандық бөлімшесіне барып едім, босқын екенімді естігеннен кейін көмектесуден бас тартты. Бізге үшінші елге кетуден басқа жол қалмады, – дейді Қайша Ақан.

"Шыңжаңдағы қысымнан қашып, шекара бұзған" Қытай қазақтары

ІІМ БОСҚЫНДАРҒА НЕГЕ АЗАМАТТЫҚ БЕРМЕЙ ОТЫР?

Азаттық босқын мәртебесін алған төрт қазаққа неге азаматтық я шетелге кетуге жол жүру құжаты берілмегенін білу үшін Қазақстан ішкі істер министрлігіне хабарласты. Министрлік Қазақстанда тұрақты тұратын, яғни, ықтияр хаты бар қандастар ғана жеңілдетілген жолмен азаматтық алатынын алға тартады.

«Азаматтық туралы» заңның 16-1-бабының 1-тармағына сай, азаматтық алу үшін тұрақты тұруға рұқсаты болуы шарт. Ал тұрақты тұруға рұқсат алу үшін Қытай тарапынан рұқсат не тіркеуден шыққаны туралы анықтама керек» деп жазылған ведомствоның ресми жауабында.

Шыңжаң қазақтарының мәселесімен айналысатын «Атажұрт еріктілері» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ербол Дәулетбек Қазақстан билігінің Қытай тарапынан рұқсат я тіркеуден шыққаны туралы анықтама сұрауы миға сыймайды деп санайды.

– Олар Қытай билігінен қауіптеніп қашып келді. Қашып кеткендерге Қытай рұқсат бере қоя ма? Шыңжаңнан қашқан бесеудің әлеуметтік жағдайы өте төмен. Жұмысқа тұра алмайды, кәсіп аша алмайды, дәрігерге қарала алмайды. Қазақстан билігі оларға жағдай жасаудың орнына қисынсыз құжат сұрауы – көршінің көңіліне тимеу. Біріншіден, бесеуіне азаматтық берсе Қытай қырын қарап қала ма деген қорқыныш. Екіншіден, бесеуіне азаматтық берсек қашып келетін қазақтар көбейе ме деген күдік, – дейді ол.

Қазақстанға Қытайдан қашып келген Шыңжаң қазақтары Қастер Мұсаханұлы (сол жақта) мен Мұрагер Әлімұлы баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 14 қазан 2019 жыл.
Қазақстанға Қытайдан қашып келген Шыңжаң қазақтары Қастер Мұсаханұлы (сол жақта) мен Мұрагер Әлімұлы баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 14 қазан 2019 жыл.

Бұған қоса, ІІМ «көші-қон заңнамасына өзгерту және толықтыру туралы» заң жобасына сай, «Жол жүру құжатына» интегралдық микросхема енгізу қарастырылып жатқанын, соған байланысты бұл құжат әзірге берілмейтінін алға тартады.

«Қазір заң жобасы мәжілістің қарауында. Осыған байланысты қазіргі уақытта «Жол жүру құжатын» беруге мүмкіндік жоқ» дейді министрлік.

ІІМ президент жарлығына сай, босқын мәртебесін беру функциясы 2022 жылдан бастап еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне берілгенін, енді бұл мәселемен сол ведомство айналысатынын айтты.

Осыдан соң Азаттық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне де хат жолдап, Қазақстандағы босқындардың әлеуметтік жағдайы және кәсіпкерлікпен айналысу мүмкіндігі жайлы сұраған еді. Бұл министрлік те босқындар заң шеңберінде медициналық көмек алуға, еңбек етуге, кәсіп ашуға құқылы деп отыр. Министр орынбасары Ақмәди Сарбасов қол қойған хатта «босқындарға қаржылай көмектесу шаралары қарастырылмаған» деп жазылған.

Қытай консулдығы алдында Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салып, пикет өткізіп тұрған адамдар мен олардың жолын бөгеп тұрған консулдық күзетшілері мен полиция қызметкері. Алматы, 10 ақпан 2021 жыл.

Ал денсаулық сақтау министрлігінің Азаттыққа жолдаған жауабында «Халық денсаулығы туралы» заңның 83-бабына сай, босқындар, азаматтығы жоқтар, баспана іздегендер тегін медициналық көмектің кепілдікпен берілген көлемін Қазақстан азаматтарымен бірдей алуға құқылы деп жазған.

Қазақстандағы адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро заңгері Гүлмира Қуатбекова Шыңжаңнан қашқан босқындарға босқын статусы бір жылға ғана берілгендіктен олар заңда жазылған құқықтарды пайдалана алмай жүргенін айтады.

«Босқын мәртебесі бір жылға ғана берілгендіктен олар Қазақстанда уақытша тұрған шетелдік азамат болып есептеледі. Сондықтан оларда медициналық сақтандыру да жоқ, өздерінің төлем қабілетін де растай алмайды. Медициналық сақтандыру болмаса емханада Қазақстан азаматына да тегін көмек көрсетілмейді. Бір жылға ғана рұқсаты бар адамды ешкім жұмысқа да алмайды. Мәселе осыда. Бізде босқындар құқығы заңда жазылғанымен оны іске асыратын тетігі көрсетілмеген. Соның салдарынан босқындар өз құқықтарын мүлдем пайдалана алмайды. Дамыған елдерде босқын мәртебесімен қатар тұрақты тұруға құжат қоса беріледі. Екі-үш жылдан кейін олар азаматтық алады. Бізде бәрі керісінше» дейді заңгер.

Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл (омбудсмен) жанындағы ұлттық орталық өкілі Салтанат Нұрымбетова Шыңжаңнан келген қазақтардан ешкім көмек сұрап келмеді деп отыр.

– Бізде бар-жоғы төрт адам ғана жұмыс істейміз. Сондықтан арыз жазып арнайы шағымданбаған адамдар жайлы ештеңе айта алмаймыз. Менің білуімше, Қазақстаннан босқын мәртебесін алған ұлты қазақ адамдардан ешқандай шағым түскен жоқ, – деді ол Азаттыққа.

Қайша Ақан да Нұрымбетованың сөзін растап, ондай орталықтың бар екенін де білмегенін айтты.

Қазақстан заңы бойынша, босқын статусы ең көп дегенде бір жыл мерзімге беріледі. Шыңжаңнан қашып келген қазақтардың мәселесін АҚШ мемлекеттік департаменті әлемдегі дін еркіндігі туралы 2021 жылға арналған есебінде жазған.