Әкесінен безген Сұлтан үпінің жер астындағы тылсым мешіті
Сұлтан үпі жерасты мешіті – діни сәулет ескерткіші. Талай құпияны бойына бүккен мешіттің құрылысы көпті таңдандырды. Ол жайлы айтылатын аңыз да көп. Форт-Шевченконың солтүстік-шығысынан 57 шақырым жерде, Сарытас шығанағына жақын жерде орналасқан. Жартасты ойып тұрғызылған мешіт бір-бірімен жалғасқан 11 бөлмеден тұрады. Мешіттің ішіндегі екі дөңгелек тас қоршаудың ортасында Сұлтан үпінің зираты орналасқан.
Сұлтан үпі – ақын, ойшыл Сүлеймен Бақырғанидің кенже ұлы. Сұлтан үпінің азан шақырып қойған есімі Құбби қожа екен. Сүлейменнің үлкен екі ұлы Бақырған қаласынан 15 шақырым жердегі мектепке оқуға кетеді. Ал Құбби қожа әке-шешесіне көмекші болып үйде қалған деседі. Аңыздарда Құбби қожаның мықты болғаны айтылады. Оған қоса ол керемет аңшы, саятшы болған.
Бірақ Құбби қожанының әкесі ұлын өзінен алыс ұстап, жиі сынаған, себебі ол өз әкесінен күшті болған деседі. Бір күні Хакім атаның мүридтері 10 өгізді сойып, Құбби қожаға қалдырмастан жеп қояды. Әкесінің алдыңғы әрекеттеріне, ағаларына ренжіген ол қоштаспай туған елінен кетіп тынады. Ұлын іздеп ашуланған әкесі “Молаңның үстінен 40 жыл су ақсын” деп қарғайды. Сүлеймен қайтыс болған соң оны Бақырған қаласының маңына жерлейді. Бірақ Әмудария өзені бағытын өзгертіп, Хакім ата жерленген мекенді 40 жыл бойы су шаяды. Осылайша әкесінің қарғысы өзіне тиген екен. Бұл – Сұлтан үпіге ешқандай қарғысқа тимейтінінің дәлелі. Құбби қожаны ұзақ іздеген екі ағасы оның Маңғыстаудағы зиратын ғана табады.
1980 жылы мешіт алғаш рет тазаланды. 1993 жылдан бастап ол мемлекеттік қорғауға алынған ескерткіштердің бірі болды. Мешіттен 6 метр қашықтықта Сұлтан үпі құдығы бар. Ол туралы 1870 жылы Ресей әскериі Николай Ломакин жазбаларында ғана айтылған. Құдық XIX ғасырда салыныпты. Оның архитектурасы Маңғыстау өңіріндегі XIX ғасыр ескерткіштері стиліне өте ұқсас. Археолог-тарихшы Зейнолла Самашев құдықтың 30 метр биіктікте орналасқанын айтады.
Құдық ішіндегі әр тас түрлі формада қашалған. Тастардың тегістелуінде мін жоқ. Сұлтан үпінің есімін көбіне сумен байланыстыратын жұрт оның ризашылығын аламыз деп құдық салған, – дейді ғалым.
Халық Құбби қожаның Сұлтан үпі аталуы туралы көп аңыз айтады. Үпі “сопы” деген сөзден шыққан десе, енді бірі оның жертөледе өмір сүруінен дейді. Этнограф Глеб Снесарев Сұлтан-Хубби есімінің негізінде парсының “об” (су) сөзі жатыр деп жазады.
Оңтүстік Қазақстан тұрғындары оны “Убю рухы” дейді. Ал Ташауыз түрікмендерінің айтуынша, Сұлтан үпіден көмек сұраған кезде ол судан шығып, қол ұшын береді. Олар қатты найзағай соғып, толассыз жаңбыр құйғанда “Сұлтан үпі, пендеңді су апатынан сақтай гөр” деп жалбарынатын болған.
Бірақ ғалым Болат Ботпайұлы “Сұлтан үпіні сумен байланыстырудың қажеті жоқ” деген пікір айтады. Оның айтуынша, “сұлтан” сөзінің аудармасы ұлы деген мағынаны білдіреді.
Дереккөз: Baribar.kz