«Әкемді жек көремін! Анама көрсеткен қорлығы үшін емес, маған көрсеткен зорлығы үшін»

0

Қазақстандық психоаналитик Анна Құдиярова жанына ем іздеген клиентінің жантүршігерлік оқиғасын бөлісті. Көрші-қолаң арасында мейірімді әке, үлгілі жар, ақылды азамат болып сипатталған педофил әке туралы шындық қазақстандықтарды бей-жай қалдырмады. Осы орайда қазақ қызы өз аузымен баяндаған бастан кешкен оқиғасы негізінде фильм түсірілмек. Мұндағы мақсат – әрбір ұл мен қыз тәрбиелеп отырған отбасындағы азғындықтың алдын алу. Сценарист Шыңғыс Ескендіров жұмысқа кіріскен-ді, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.

2020 жыл 1 желтоқсандағы есеп бойынша, «Мен педофил әкемнің құрбанымын» атты фильмнің түсіріліміне 7 күн ішінде 1 242 200 теңге жиналды. Туындының жарыққа шығуына атсалысамын деушілер 💳АО KASPI GOLD 5169 4971 1287 1367
+7 777 391 00 82 (Құдиярова Анна Мергенбайқызы) нөміріне «фильмге» деген жазумен ақша жолдай алады. Сондай-ақ, Қазақстан Психоанализ Қауымдастығында (psychoanalysis_in_kz) өткен, өтіп жатқан барлық вебинар-тренинг ақшасы фильмге аударылады.

Басы:

Біз жер үйде тұрдық. Үйіміз биік дуалмен қоршалған зәулім еді. Аулада жазда анамыз күтіп баптайтын әртүрлі жеміс ағаштары өсіп тұратын. Сырттан біздің аулаға кіріп келген адам тап-таза, жеміс ағаштары жайқалған әсем баққа тап болатын. Жеміс ағаштарының ортасында шәй ішетін сәкі бар еді.

Сәкінің жан-жағына түрлі гүл егілген. Біз жазда осы сәкінің үстінде демалып, шәй ішетін едік. Біздің көшедегі ғана емес ауылдағы ең әсем үйлердің бірі біздің үй еді. Көрші-көлем, ауылдастарымыз біздің үйімізге ғана емес, өзімізге де қатты қызығатын. Біздің отбасымыз бүкіл ауылға үлгі тұтарлық, бетке ұстар отбасылардың бірі болды.

Біз отбасында алты бала болдық: екі ұл, төрт қыз. Менен үлкен екі ағам, бір әпкем бар және екі сіңілім. Бәріміз мектепте жақсы оқыдық, тәртіпті болдық, барлық мектепте өткізілетін іс-шараларда біздің үйдің балалары белсенді араласып жүретін, тек менен басқа. Ұстаздарымыздың өзі әкелеріңнің атына кір келтірмеңдер, сендер көп балаларға үлгісіңдер деп бізді тәртіпті, әдепті болуға, жақсы оқуға міндеттеп қоятындай еді. Әкеміз бүкіл ауылға сыйлы адам болды. Белді қызметкер, сырт көзге сабырлы, ақылды, ажарлы адам. Бәрі оны құрмет тұтатын.

Адамдар одан жиі келіп ақыл-кеңес сұрайтын, өтініш айтатын. Көпшілігі оған риза болатын. Себебі әкеміз көп адамға ақылын айтып, қаржылай да көмек беретін. Анам үй шаруасындағы әйел болды. Анамды бәрі жақсы көретін. Ол қонақ қарсы алып, шығарып салудан ешқашан шаршамайтын. Сырттан келген адамға ешқашан қабақ шытпайтын. Біздің үйге келген қонақтар отбасымыздағы жағдайға тамсанып, мақтап кететін. Ал әжемізді бәрі ауылдың анасындай құрметтейтін. Ал үйге келген қонақтар бізді көріп:

— Не деген тәртіпті балалар!! Осындай жақсы тәрбие берген, сіздер мықты ата-анасыздар — деп, әке-шешемізді мақтайтын.

Міне біз осылай сырттай өте тамаша, мәдениетті отбасы болып көрінетінбіз.
Бірақ, өзге адамдардың бәрі біздің отбасымыздың сыртқы көрінісін ғана көретін. Ал, ішкі көрінісі мүлде басқаша еді. Әкеміз өзге адамдарға мейірімді болғанымен, өз отбасына өте қатыгез болды. Өзгелерге ақылды болып көрінгенмен, өз үйінде ақылға сыймайтын істер жасайтын. Әдетте ол үйге келгенде бәріміз тым-тырыс отырамыз. Біздің тілегіміз — ол анамызға тиіспесе екен. Егер аптасына бес күн тыныш ұрыс-керіссіз өтсе, біз қуанатын едік. Біздің үйдегі көріністі ұрыс-керіс деп те айта алмайсың. Көбіне тек әкеміздің дауысы ғана шығады. Анамыз — тек зардап шегуші. Біз қорыққандықтан үндемейміз. Тек кейде шыдамай жылап қалатынымыз болмаса. Үйде соғыс болу-болмауын әкеміз шешеді. Ол үшін ішімдікке тойып келу немесе сау келу маңызды емес. Көбіне бұл соғыстың зардабын анамыз шегеді. Біз оны қатты аяйтынбыз. Әсіресе ол күндіз өте көңілді жүргенде, түнде қандай кейіпке түсетінін байқамай да қалатыны. Анамыз біз байқағанда үнемі әр сөзін сақтықпен айтатын. Әр ісін сақтықпен жасайтын. Үнемі бір қорқынышпен жүретін. Көпшілік отырған жерде емін-еркін жарқылдап күліп отырғанын байқаған емеспіз. Себебі, сақ болмаса, әкеміздің көзқарасымен айтқанда «артық қылығы» үшін таяқтың астында қалатын.

Анамның әкемнен таяқ жейтін кездері біз үшін қорқынышты көрініс еді. Дастархан үстінде жәй ғана шәйдің түсі ұнамағаны үшін, әкем анамды қан жоса қылып ұрып тастайтын. Шашынан сүйреп, далаға шығарып, жалаң аяқ қардың үстіне тұрғызып қоятын. Өзі есікті іштен жауып бәрімізді терезенің алдына алып келіп:

Қараңдар, маған бағынбасаңдар, көрген күйлерің осы болады, – деп бізді қорқытатын.

Біз бәріміз жылап, терезеден сыртқа қараймыз. Жаңа ғана бізге шәй құйып отырған анамыз жеңіл, жыртық киіммен қан-жоса боп, шашы жалбырап, тұла бойы дірілдеп, жылап, қар үстінде жалаң аяқ тұрғанын көргенде, аяғаннан, қорыққаннан бәріміз жапа-тармағай терезеге жабысып еңіреп жылайтынбыз.
Анамызға терезенің ар-жағынан:

— Үйге кірші, — деп қолымызды бұлғап жалынамыз.

Ал анамыз болса, бізге қараған күйі жылап тұрып, қолымен «терезеден әрі барыңдар» — деп ымдайтын. Сөйтіп тұрады да кенеттен қабағы қатуланып, жанары бір нүктеге ызаланып, тесіле қарап қалатын. Біз алғаш түсінбей бір-бірімізге қараймыз. Содан соң, артымызға бұрыламыз. Анамыздың кімге қарап тұрғанын сол кезде түсінеміз. Артымызда өз ісіне мақтанып-масаттанып, мысқылдап әкеміз тұрады. Біз әкеміздің барып аяғына құлаймыз. Бәріміз бірге жалынып, жалбарынып, жылап аяғына жығыламыз. Біз: «Анамды кіргізші үйге, әкееее!» — деп жылап аяғын құшақтап жалынамыз. Бірақ ол бірде-біріміздің сөзімізге мән бермейді.

Біздің көз жасымыз оған еш әсер етпейтін. Ол бізді аяғымен сілкіп, итеріп тастайды. Оны жалғыз тоқтататын, әжеміз ғана еді. Әкемнің анасы бізбен бірге тұратын. Мен ес білгелі төсектен әрең тұрып қозғалатын кісі. Қуыста бөлек бөлмеде жалғыз жататын. Құлағы да дұрыс естімейді. Тек сол кісі ғана біздің жылаған даусымызды естіп, орнынан әрең дегенде сүйретіліп келіп әкемізге:

— Құдайдан тап, іштен шыққан шұбар жылан, жауыз, мына балаларды шырылдатпай кіргіз ана әйелді. Әйтпесе, бүкіл көршіге ісіңді жария етем, сосын өз көрімді өзім қазып, өзім жатам! — деп даусы қырылдап барынша айғайлайтын. Әжемнің «көршілерге айтамын» деген сөзінің астарында, анамды ұратыны емес, одан да зор айуандығы жатқандығын мен кейін түсіндім. Тек мен ғана…

Ұл-қызымыз бәріміз:

«Анашым, тоңып қалдың ғой!» деп оны денемізбен құшақтап жылытпақшы боламыз. Сол сәтте анамның көзінен парлап жас ағады. Ол еріндері дірілдеп, кемсеңдеп жылап тұрып бізді кезек-кезек сүйіп жатады. «Анашым-ау, жыламашы!» деп біз оны жұбатып тұрып өзіміз жылаймыз. Осы сәтте әжеміз де қалбалақтап анамыздың жанына келіп:

— Қайтейін, қайтейін… — деп оның басынан сипай бастайды.

— Өзіңді қор еттің-ау, — деп ол да бізбен қосыла жылайды.

Педофил әкемнің құрбанымын 4

— Тоқтатыңдар болды — деп, ақырып қалған әкеміздің даусынан бәріміз селк етеміз. Анамызды құшақтаған күйі состиып тұрып қаламыз.

— Тұрыңдар әрі ыңырсымай, қайталанбасын десеңдер! – деп ол бізге ақырып қалғанда, бәріміз анамыздың жанынан алшақтай бастаймыз. Ең бастысы әкеміз қайтадан оны ұрмаса болды. Әкем анама қарап:

Ал сен, құрт қараңды, — деп жатын бөлменің есігін нұсқайды.

Анамыз әкеміз нұсқаған жаққа мойнын бұрғанымен бірден қозғала қоймайды. Тек кеудесінде жаны жоқ адамдай жатын бөлменің есігіне тесірейіп қарап тұратын. Сол кезде әкем оның жанына жетіп келіп:

Ей, құры дедім ғой, — деп арқасынан кеп итеріп кеп қалады.

Сол сәтте ғана анамыз тәлтіректеген күйі орнынан әрең қозғалып, жатын бөлмеге қарай кіріп бара жатады. Әкем біздерге көзін бір алартады да, анамның ізінен жатын бөлмеге кіріп, есігін тарс жабады. Ол анамызды жатын бөлмеге кіргізіп алып, ұрып жатыр ма деген оймен біраз уақыт тың-тыңдаймыз. Бәрі тынышталды-ау дегенде, ең бастысы, анамыздың қардың үстінде қалып қоймай, үйге, жылы жерге кіргеніне қуанып, бір-біріміздің көз-жасымызды сүртіп, бір-бірімізді жұбата бастаймыз. Содан соң ағаларымыз өз бөлмесіне, біздер әжеміздің жанына жүгіреміз.

Шам сөніп, тыныштық орнайды. Тек біраз уақыттан соң жатын бөлменің есігі қайта ашылып, тықырлап қозғалып жүрген аяқ дыбысы естіледі. Біз кім екенін біліп жатамыз. Бұл бүгін осы үйде болған «соғыстан» қалған ізді таңға дейін жуып-тазалап, ештеңе болмағандай қалыпқа келтіріп, жинастыруға шыққан анамыз болатын. Ол «Таңертең үйімізде не болғанын, тірі жан білмеу керек, сезбеу керек», — дейтін әкеміздің бұйрығын осылай орындайтын.

Расымен де таңертең, біз ұйқыдан тұрғанда, түнде еш нәрсе болмағандай, тап-таза бөлме ішін көреміз. Ал анамыз түндегі сұмдық болмағандай әдеттегідей әкемізге шәй құйып беріп отырады. Ал әкеміз түндегі зұлымның бетпердесін шешіп, түк болмағандай қамқор әке кейпіне түседі:

Педофил әкемнің құрбанымын 5

— Балалар жуынып, шайларыңды ішіп сабаққа барыңдар деп, — жылы жымиып қояды. Біз бәріміз анамызды барып құшақтағымыз келеді. Бірақ, әкеміздің «мейірімді бетпердесін» түсіріп алудан қорқамыз. Кезекпе-кезек жуынып, дастарқан басына отырамыз. Анамыз күндегіше жылы жүзбен бізге шай құйып береді. Көздеріндегі мұңды көріп отырып жанына барып құшақтай алмасақ та, алдымызда аман-есен отырғанына қуанып жымиып қоямыз.

Әкеміз анамызды ұрғанда ешқашан анамыздың бетіне жарақат салмайтын. Анамыздың бар жарасы денесінде, ал ең бастысы жүрегінде. Әкеміз бәрімізден бұрын жұмысқа шығып кетеді. Ол есіктен шыққан уақытта, біз бәріміз бірге, таласып, жүгіріп барып анамызды құшақтаймыз. Анамыз үйдің ішінде, бірақ, ол алыстан ұзақ уақыт жол жүріп келгендей біз оны сағынышпен құшақтап, қатты иіскеп алатынбыз. Жан-жағынан жабысып, құшақтап жатқанда түндегі жарақаттарына қолымыз тиіп кететін болу керек, анамыз ауырсынып қалады.

— Боталарым байқа, байқа деп, — біздің қолымызды денесіне ауыр тиген жерлерден босатуға тырысады. Ондайда біз де сақтанып, анамыздың денесін сипалап, құшақтап:

— Кешірші, қатты ауырады ма? – деп кейбіріміз тіпті жылап та аламыз.

— Болды қозыларым, сабаққа барыңдар, — деп анамыз әдетінше, үлкенімізден бастап, маңдайымыздан кезекпен-кезек сүйіп шығарып салатын.
Осылай анамыз, үнемі әкемізден қорлық көретін. Бірақ ажырасып кетпейді. Ол кезде біз неге анамыздың ұзақ уақыт бойы шыдап жүретінін түсінбейтінбіз. Бала болсам да, есімде жаз мезгілінде нағашыларымызға қонаққа баратынбыз. Анамыз әке-шешесінің ортасында отырып бір демалатын. Сонда әкем жайлы бір ретте шағым айтқанын естіген емеспін. Бірнеше күн болып, жақсы демалып жатқан уақытта анамыз үйге кетеміз деп алаңдап тұратын. Біз қайта әкеміз бар жерге баруға асықпайтынбыз. Ал анамыздың неге асығатын түсінбейтінбіз. Есейгеннен соң барып мен анамды жақсы түсіне бастадым. Оның ең бірінші кезекте ешкімге айтпауға, қиындық көрген жеріне қайта баруға жетелейтін жүректегі қорқынышы екен.
Анамыз мен кетіп қалсам да, ол мені тауып алады, өлтіреді деген қорқынышпен өмір сүрген секілді.

Адамның психологиялық құлдыққа түсуі деген осы шығар. Біз бәріміз әке-шешеміздің ажырасып кетуін тілейтінбіз, анамыздан сұрайтынбыз. Бірақ саналы түрде өзін бодан етіп әкемізге байлап берген анамызда ажырасу деген сөз қиындықтан құтылу деген емес, қайта қиындығын еселеп алу деген сөзбен тең еді. Сондықтан ол бұл өтінішімізді қабыл алмайтын. Әкеміз өте қу адам болды. Ол өзін теріс іс-әрекетін ақтап алатын амалдарды алдын ала қарастыратын. Солардың бірі ажырасамын деген жағдайда анамызды қалай қорқытып, ол ойды ойламауға көндіруді жақсы білген секілді.

Бауырларымның ішінде әсіресе, мен анамның әкемнен ажырасуын ерекше қаладым. Ол анамды аяғандықтан да емес, өзім үшін қорыққандықтан болар. Анамның өз әке-шешесінен көріп жүрген қиындығын жасырған болса, мен әкемнен көріп жүрген қорлығымды өз анамнан жасырдым. Бала болсам да, анамның не үшін таяқ жейтінін, өзге бауырларыма қарағанда жақсы білетінмін. Кейде мен дастархан басында күліп, әңгімесін айтып отырған анамның дәл сол күні әкемнен оңбай таяқ жейтінін алдын ала біліп анама айтып ескерте алмай, тек іштей оны қатты аяп отыратынмын. Кейде анама бәрін тастап, екеуміз ғана осы үйден қашып кетейікші деп айтқым келетін. Бірақ батылым бармайды.

Мен әкемді жек көрдім. Бірақ анама көрсеткен қорлығы үшін емес, өзіме көрсеткен зорлығы үшін жек көрдім. Себебі ол маған, баласындай, яғни, қызындай қараған емес. Оған себеп бар. Қазір ойлаймын. Әке баласына қалай қарау керек? Әсіресе, туған қызына. Қызы мен әкесінің қарым-қатынасы қандай болу керек? Қызы үшін әкесі — жамандық атаулыдан қорғап тұратын биік қорған, бар тілегің орындайтын сиқыршы, үлкен және мейірімді, қатал және әділ патша. Ал қызы әкесі үшін еркелеп, тілегін орындатып, тәтті қылығымен сүйсіндіріп жүретін кішкентай ханшайым.

Жалғасы бар…