әке мен анаға туған күнге тілек; аға мен қарындасқа туған күнге тілек
Туған күнді атап өту дәстүрі ежелде пайда болған. Бірақ ертеректе бұл ерекше күнді тек патша мен өзге де мәртебелі тұлғалар атап өтіп, олардың меншікті мерекесін бүкіл халық қосылып тойлаған. Уақыт өте келе туған күнді атап өту бақыты қарапайым адамдарға да бұйырды. Сондай-ақ, туған күнді әр жерде әртүрлі атап өтеді. Мысалы, Ямайкада туған күн иесінің үстіне ұн шашса, Латын Америкасында 15 жасқа толған жасөспірімнің туған күнін үйлену тойы секілді тойлайды.
Ирландияда адам қанша жасқа толса, басын сонша рет жерге ұрады. Ал Қазақстанда мерейтойларды ұлан-асыр етіп жасап, туған-туыс, ағайын тойханаларда бас қосады немесе бұл күнді туған күй иелері өздері үшін қымбат адамдардың ортасында атап өтеді. Осы кезде туған иесін төмендегі жылы сөздермен қуантуды ұмытпаңыз.
Әкеге тілек
Асқар тауым — әкешім, бүгінгі туған күніңіз құтты болсын! Әр туған күнде әдемі сөздер мен тілектер айтылып жатады. Менің қолымнан дәл осылай сөзді әсемдеп жеткізу келмесе де, сізге айтар алғысым шексіз. Өмірге тәй-тәй басқан сәттен сіздің қолдауыңызды көріп өстім. Жүрегім алабұртып, алдым тұманданған сәттерде өзіңізді іздеп тұрамын. Құдды маған кез келген уақытта дұрыс бағыт сілтеуге дайын Жетіқарақшы секілдісіз. Осы күнге дейін анам екеуіңізді шалалықпен көп ренжіттім. Бірақ, ешуақытта кеудемнен итеріп, теріс айналған емессіздер. Сол себепті сіздерге рахмет!
Болат қандай берік болса, сіздің де денсаулығыңыз дәл солай мықты болсын. Шырша қандай жасыл болса, сіздің де күндеріңіз дәл солай мәңгі қуанышты сәттерге толсын! Мәртебеңіз асқар таудан асып түссін. Ең бастысы, әрдайым сіздің атыңызға кір келтірмеуге лайық боламын деп уәде беремін. Анам екеуіңіз біздің ортамызда күліп-ойнап жүре беріңіздер!
Тағы оқыңыз: Нумерологтан болжам: 2019жыл қазақстандықтар үшін қандай болады?
Анаға тілек
Бар жақсысын маған беріп, аялы алақанымен мәпелеген анашым, жүрегімнің түкпірінде әрдайым сақтап жүретін ыстық махаббатымды сізге сөзбен жеткізгім келеді. Тағдырдың жазуымен бұйырған бізді аялап, осы күнге жеткізу үшін талай ұйқысыз да күлкісіз түндерді өткізгеніңізді білемін. Мұның қаншалық азап екенін, баланы тәрбиелеу қаншалықты қиын екенін енді ғана біліп жатырмын. Сол себепті әр атқан таңымды сізге алғыс айтудан бастаудан жалықпаймын. Отбасын құрып, бөлек кетсем де, әрдайым ыстық ұяма асығып отырамын. Жабыққанда сағынышымыз, тарыққанда ақылшымыз бола білген асылымыз, әрдайым денсаулығыңыз мықты болсын! Құдай сіз бен әкеме алдағы уақытта тек бақытты күндерді жазсын!
Ағаға тілек
Бауыр — адамның бойындағы ауыстыруға келмейтін нәзік мүше екен. Сол секілді туған бауырларымды ешкім де алмастыра алмайтынын, олардың өзіндік орны бар екенін жақсы түсініп жатырмын. Ағатайым, бүгінгі туған күніңіз құтты болсын! Бізге қалай демеу болып, жанымызды қаншалықты түсіне білсеңіз, сізге де дәл осындай қарым-қатынас танытар сүйікті жар жолықсын! Зор денсаулық пен мол махаббат бүгінде жаттанды тілекке айналып кетсе де, сізге ең бірінші кезекте осыларды тілеймін. Өзіңіз айтқандай, адамді биіктерге жетелейтін қос қанаты — сүйікті ісі мен сүйікті адамы болады. Алдағы уақытта сізді биік шыңдардан көру үшін осы қос қанатыңыздың талмай самғауына тілектеспін.
Осы күнге дейін жұмыстағы бастамаларыңыз бен ерекше мінезіңізді өзіме үлгі етіп келдім. Алдағы өмірде еңбегіңіз жанып, абыройыңыз арта берсін! Туған-туыс, дос-жаран, сүйіктіңіздің ортасында сыйлы болып, мәңгілік бақытты ғұмыр кешіңіз! Тағы да туған күніңізбен!
Әпкеге тілек
Менің, алтыным, аяулым, періштем, өзіңіздің барыңыз үшін қаншалықты қуанышты екенімді білмейсіз. Өзіңіздей қиын-қыстау сәтте қамқоршы бола білген әпкені сыйлаған Аллаға мың да бір шүкір! Білесіз бе? Адамның адамдығы қайғыны емес, қуанышты сәттерді бөлісе білгенде көрінетін сияқты. Ес білгелі қуанғанымда қасымнан табылып, менен артық шат-шадыман болғаныңызды білемін. Кейде қабағыңызға қар жауып тұрса да, мен жақсы болсын деген оймен ғана ұрысатыныңызды сеземін. Алла сізге таудай талап пен бармақтай бақты қатар берсе екен деп тілеймін!
Есіктің алдында жайқалып тұрған емен ағашы жуан, жапырағы қалың болса да, қатты жел кезінде тамырымен бірге қопарылып құлап қалады. Ал қайың ағашы керісінше нәзік болса да, сәл майысып, жел басылған соң бойын қайта тіктеп алады. Сіз де мен үшін күнделікті тұрмыста да, қызметте де басыңызға қандай қиын іс түссе де, жасымайтын, бағы жанса да, тасымайтын аяулы әпке, адал жар, айнымас адал доссыз. Тіршіліктің қандай ауырпалықтарын көрсеңіз де, ешуақытта мойымаңыз. Осы қасиетіңізбен мен үшін үлгі екеніңізді ұмытпаңыз. Сізді қатты жақсы көремін! Туған күніңізбен!
Бауырға тілек
Менің сүйікті бауырым, бүгін ғажайып армандар мен жарқын үміттерге толы өміріңнің жаңа кезеңі басталғалы тұр. Жасың кіші болса да, бойыңнан табылған көшбасшылыққа, қарапайымдылық пен мейірімділікке қызыға қараймын. Осы қасиеттеріңнің арқасында діттеген мақсаттарыңа жетіп, әлемдегі ең биік шыңдарды бағындыруыңа тілектеспін! Бүгін ғана емес, әр атқан таңда саған шын жүректен әлемнің бар жақсысы мен асылын, қуанышы мен бақытын тілеуден жалыққан емеспін. Сүйікті ісің мен жақсы көрген адамың мәңгілік серігің болсын! Қайда жүрсең де, менің өзіңе тілекші екенімді, қиын сәтте қол ұшын созып, қуанышыңа бір кісідейін атсалысуға дайын екенімді ұмытпағайсың. Алла-тағала пешенеңе тек бақытты күндерді жазсын!
Тағы оқыңыз: 2019 жылғы мерейтойлар мен атаулы күндер
Қарындасқа тілек
Ата-анасының еркесі, асылым, бүгінгі туған күнің құтты болсын! Кеудеңде лүпілдеп соққан жұдырықтай «моторың» ақаусыз жұмыс істеп, жүз жаса! Алда сені көптеген сынақ пен қуанышты сәттер қол бұлғап тосып тұр. Өмірің ой-шұңқыр оқапсыз, тегіс әрі кең болсын деп тілеймін! Сүрінген сәтте сүйеп тұрғызар аға-әпкелерің, қуанып жүгіріп келгенде маңдайыңнан сипар жандардың барын бір сәтке де жадыңнан шығарма. Біз үшін сенің жетістіктеріңнен бөлек, осы дүние есігін ашқаныңның өзі бақыт! Өмір жолың шаттық пен бақытқа толы болсын!
Бұл күн күнтізбеде қызылмен белгіленген күн болмаса да, әлемде осы сәтке жетер тамаша күн жоқ. Себебі, бұл біздің әлем, біздің шағын ғана отбасы өзіңмен толыққан күн. Зор денсаудық пен сарқылмас бақыт тілеймін, еркем!
Балаға тілек
Әрбір бала қай отбасында дүниеге келетінін өзі таңдайды дегенді естіп едім. Сенің біздің отбасымызда дүниеге келгеніңе бірінші Аллаға, екінші саған алғыс айтамын. Ұйқысыз түндердің көп болғанына қарамастан, өмір атты үлкен жолда алғашқы қадам жасауға көмектесу біз үшін үлкен қуаныш болды. Баға жетпес алтыным, өмір жасың ұзақ болсын! Саған осы күнге дейін жақсы тәрбие бердік сенімдемін. Қайда жүрсең де, абыройлы да арлы бол. Өмірден өз орныңды таба біл. Өміріміздің үлкен өзен іспеттес екенін жиі айтып жүремін. Осы өзенде алдыңнан кездескен қайғы-қиындықтардан жеңіл өтіп, жүрегіңнің иесін жолықтырып, бақыт сарқырамасына бірге жетуіңе тілектеспін!
Дереккөз: https://sputniknews.kz/