Айсұлтан Назарбаев: Мен бостандыққа шықтым…

0
81

Президенттің жиен немересі Айсұлтан Назарбаев өзінің бостандыққа шыққанын мәлімдеді деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы ол өзінің фейсбук парақшасына жазды. 

«Мен ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы жазбам арқылы алғыс айтқым келеді. Ресей федерациясының Бас прокуратурасына, РФ СІМ-ге, РФ ІІМ-ге РФ Федералдық қауіпсіздік қызметіне алғысым шексіз. Қазір мен толықтай азатпын. Сондай-ақ қандай жағдай болмасын менің әлеуметтік желідегі достарым болып қалғандарыңыз үшін алғыс айтамын. Менің айтарым көп», деп жазды Елбасының жиен немересі.

Айсұлтан Назарбаев қайда жоғалып кетті деген сұрақ көпшілікті көптен бері мазалап жүрген болатын. Еске салсақ, даудың басы ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Алнұр Мұсаевтың жазбасынан басталды. Қазір Мұсаев шет елде тұрып жатыр. Ол Айсұлтан Назарбаевтың түрмеде екенін жазған болатын. Тіпті оған қауіп төніп тұрғанын да айтқан. Кейін аталмыш жазба қызу талқыға түсті.

Еске салсақ, 2017 жылдың қаңтар айында Айсұлтан Назарбаев шулы мәлімдеме жасаған болатын. Ол Иманғали Тасмағамбетовты, Әділбек Жақсыбеков, Болат Өтемұратовты «халық жауы» деп атап айды аспанға бір-ақ шығарды.

Кейін 2017 жылдың ақпанында Қазақстан футбол федерациясының президенті болып тағайындалды. Сосын ол өзінің есірткі қолданғанын, алайда барлық мәселе шешімін тапқанын, өзгергенін айтып, ағынан жарылды. Сондай-ақ  Елбасының жиен немересі Футбол федерациясына бар-жоғы 8 ай төрағалық етіп, өз еркімен орынын босатты.

Содан бері Айсұлтан Назарбаевтан еш хабар жоқ. Ол өзінің фейсбук парақшасына да ешқандай жазба қалдырмаған. Соңғы рет 23 маусымда Астана марафонына қуана-қуана қатысатынын айтып, ұйымдастырушыларға алғыс білдірген.

Ал қазір оның не үшін қамауда болғаны туралы нақты ақпарат жоқ.

«Қамшы» сілтейді