Home Жаңалықтар Аймауытов мұрасы жаңартылған білім мазмұны бағдарламасында басшылыққа алынды

Аймауытов мұрасы жаңартылған білім мазмұны бағдарламасында басшылыққа алынды

0
185

«Назарбаев зияткерлік мек­тептері» ДББҰ оқушыларды халықаралық озық тәжірибемен оқы­ту мақсатында білім бағ­дар­ламасын өзгертті. Аталған бағдарлама мем­лекет­тік тіл – қазақ тілінің оқы­тылуымен қат­ар жеке­леген пән­дерді орыс, ағыл­шын тіл­дерінде оқыта отырып, тілдердің үш­тұғыр­лылығын қолданысқа енгізуге бағытталған. Бұл ретте көзделген басты мақсат − оқу­шы­лардың функционалды са­уат­тылығын арттыру, әлем­дік білім кеңістігіне қол жеткізу, инновациялық білім негіздерін терең меңгерту. Бағдарлама оқушы өзінің күнделікті оқығанын болашақ өмірде пайдалана алатындай етіп жасалған. Яғни, мектеп бағдарламасы барысында өтіп жатқан тақырыптары өмірде кездесетін жағдайларға байланыс­­­­ты құрылады. Ал мұғалімдерге сабақ жоспарын өз қалауынша құруға еркіндік берілді.

Бұл шетелдік тәжірибеден алынған әдіс емес

Жаңартылған білім мазмұны бойынша бала тек мұғалімнің дәрісін тыңдаумен шектелмейді. Ол өзі жазып, өлшеп, зерттеп, талқылап, ойын ашық жеткізіп, бір-бірін бағалау арқылы жаңа сабақты тү­сі­нетін болады. Яғни білімді іс-әрекет әді­сімен қабылдайды. Екін­шіден, сабақ коммуникативтік әдіс бойынша өтіп, 4 бөлімнен тұрады: тыңдалым, оқылым, айтылым және жазылым. Бұл шетелдік тәжірибеден алынған әдіс емес, оқушыларға арнап бірнеше оқу құралдарын жазған жазушы Жүсіпбек Аймауытов негізін қалаған оқыту әдісі. Жазушының: «Бала әуелі өз беті­мен сөй­леуге, жазуға төселіп, сон­ан кейін үлгілі сөз­дер­ге еліктеуге мүм­кін­дік бер­ілсін» деген қанат­ты сөзін бағ­дар­лама жасау­шылары басты назарға алып, бүгінгі таңда әдіс мектеп қабыр­ғасында қолданы­лып отыр. Яғни «тыңдалым» мәтіннің жалпы мазмұнын түсіну, негізгі және қосымша ақпаратты, мәтіннің астарлы ойын анықтау және жобалау­дан тұрады. Ал «оқылым» әдісінде оқушы әртүрлі мәтін­дер­ді түсіну­­ді тал­дау­ды, мә­тін­нің мақ­­саты мен көз­делген аудитория­­­сын анықтауды, оқылым стра­тегия­­сын мең­гереді. «Айтылым» диалог және монолог сөздерді құрастыру, өз ойын еркін жеткізу, дәлелдеу, пікірталасқа, дебатқа қатысуға бейімдейді. «Жазылым» әдісі арқылы эссе, шығармашылық хат жазу, ақпаратты графика, кесте, схема түрінде ұсынуды және аудиторияның көздеген мақсатын ескере отырып, әр­түрлі мәтіндер құрастыруды үйренеді.

Жаңа бағдарламада оқ­у­шы­лар тек тыңдаумен ғана айналыс­пай, білім алуда белсенді әрекет етеді. Өйткені жаңартылған бі­лім беру бағдарламасы − озық тех­­но­логиялардың барлық қыр-сырын білуге жетелейді. Сондай-ақ бағдарлама баланың жастайынан бәсекеге қабілетті болып өсуіне бағытталған. Оқушы оқу бағдарламасындағы қызықты тақырыптар арқылы техникалармен, сандық мәліметтермен жұмыс істеу, зерттеу, сараптау, ойын анық жеткізуді үйренеді. Жоба­ның тағы бір тиімді тұсы – бала­лар сабақ үстінде топ-топқа бөлініп, тапсырма орын­дай­ды. Бірі білмегенді, екіншісі толықтырып отырады. Тіпті сол тақырып бойынша жазған мазмұндамаларын қорғап шығады. Яғни бұл тәсіл оқушылардың бір-бірімен байланысын нығайтып, оларды ұяңдықтан арылтады.

Жаңа­ртылған білім бағ­дар­ламасының тағы бір ерекшелігі – оқу жоспарында төрт дағды «Шиыршық әдісімен» (спираль) орналастырылған және бір-бірімен тығыз байланыс­ты. Яғни жыл бойына бірнеше рет қайталанып отырады және сынып жоғарылаған сайын тілді оқыту деңгейі тереңдетіле түседі.

Спиральді­лік қағидаты бо­йын­­­­­­­ша құрыл­ған білім беру бағ­дарламасы Джером Брунердің «Білім беру үдерісі» (1960) атты еңбегінде қарастырылған танымдық теорияға негізделеді. Бру­нер­дің жұмысына негіз­делген спиральді білім беру бағ­дар­ла­ма­сының негізгі ерекше­ліктері: оқушы мектепте оқыған кезде тақырыпты немесе пәнді бірнеше рет қайталап оқиды, мұнда тақырыптар әртүрлі деңгейде қайталанады, кейде бір тоқсан аясында, кейде әр тоқсан сайын, әрбір қайта­лап оқығанда тақырып­тың немесе пәннің күрделілігі арта түсе­ді, мұнда тақырыптар келе­сі дең­гейде алдыңғыға қараған­да ана­ғұрлым күрделі етіп терең­детіліп оқылуы тиіс, жаңа білім алдыңғы біліммен тығыз бай­ланысты және бұған дейін алын­ған ақпарат тұрғысынан қарас­тырылады. Деңгей жоғарылаған сайын, тақырыптың күрделілігі артып отыруы керек. Бұрынғы оқу бағдарламасында теория көп болса, қазір ол сандық мәліметтермен алмастырылған. Информатика, қазақ тілі, шет тілдері­нің бағдарламасына көп өз­герістер енгізілді. Мектеп­терде бұрын-соңды тек грамматика оқытылатын болса, қазір оқушылар грамматиканы түр­лі мәтіндерді талдау, талқы­лау арқылы үйренеді. Тіл­дік пәндердің ережелерін іс-әр­е­кет арқылы, сөйлеу негізінде қабылдайды.

Басты білім − бастауышта

Бағдарлама бойынша бір­інші сынып оқушыларына оқу жылының І кезеңінде үй тапсырмасы берілмейді. Яғни бұл – 4 аптаға негізделген бірінші ор­тақ тақырып, әліппеге дей­ін­гі кезең. Бірақ мұғалім оқу­шы­ның, жалпы сыныптың дең­гей­іне қарай жеңіл тапсыр­ма­лар беруі мүмкін. Ол белгілі бір тақырыпта ата-анамен әңгі­ме­ле­су, ойын түрінде беріліп, баланың әлеу­мет­тенуіне түрткі болуы керек. Ал тапсырманы орындау уа­қыты 15-20 минуттан ас­пауы қа­жет. Қазан айында екінші ортақ тақырып, әліп­пе кезеңі басталады. Әр әріп­ке 2 сағаттан берілген. Ол бес­інші және алтыншы ортақ тақырыпқа дейін, яғни қаңтар айының аяғы, ақпан айының басына дейін жалғасады. Бұдан соң әліппеден кейінгі кезең басталады. Онда оқушылар тілдік және ауыз әдебиеті ұғым­дарын сөйлем, мәтіндер ар­қылы меңгереді. Мақсат – бүл­дір­шін­ді грамматикалық жазуға бе­­­­­­­йімдеу. Бірінші сыныпта балалар өз эмоцияларын шимақ арқылы бейнелейді. Сондай-ақ зат есім­дерді тәуелдеу, жік­теу­ді ереже­лер­сіз, күнделікті қол­данылып жүрген сөздер арқылы үйрене бастайды. Оқушы 2 сыныпқа көш­кенде оқу бағдарламасына сәй­кес зат есім­дердің жал­ғау­­ларын 1-сыныпта осы тақы­рып­тың жеңіл­­детілген түрде оқытылуының арқа­сында еркін меңгереді.

«Дүниетану» пәнін неге 1-сыныптан бастап оқыту керек?

Жаңартылған мазмұндағы «Дүниетану» пәні «Жара­ты­лыс­тану», «Гумани­тарлық дүниетану» болып екіге бөлінді. Пән тарих, география және қо­ғам­­тану негіздерімен таныстыру арқы­лы қоршаған әлем туралы білім­дерінің тұтас жүйесін қалып­тастыру болып саналады. Әрбір сабақ оқушыларды саналы түрде «тәжірибеден үйренуге» ынталандырады, оның функционалды сауат­тылығын арттыруға көмек­те­се­ді. Пән үш бағыт бойынша: қоғамға бейімделуіне сеп­­ті­гін тиізетін «Мен және қо­ғам», қор­шаған ортада, таби­ғи, жа­санды ортада, үйде, мек­теп­тегі қауіп­сіздік шараларымен та­н­ыс­­­тыратын «Баланың қауіп­сіз­дігі» бағыты және «Құқық жә­не жауапкершілік, міндет» ұғымдары оқытылады. Оқу бағ­дар­ламасының тағы бір ерек­ше­лі­гі – баланың қаржылық са­­у­ат­­­тылығын дамыту. Ол жа­һ­ан­­­дану дәуірінде оқушының экономи­­кадан базалық білім алу қа­жет­тілігінен туындап отыр. Сондай-ақ бағдарлама бойынша елі­міздің табиғаты, тарихы, туриз­мі оқу­шы­ларға әртүрлі рөл­дегі ойындар, қызықты әдіс­тер арқылы таныстырылады. Та­рих пәнін 1-сыныптан бастап оқу бағдарламасына енгізу − жылдарды, хандардың есім­дерін жаттату емес, бұл орайда көзделген мақсат − сурет, қыс­қа мәтіндердің көмегімен еліміздің тарихы жайлы оқушы бойында жалпылама түсінік қалыптастыру.

Қорыта айтқанда, жаңа оқу маз­­мұн­ының мәні – баланың функ­ционалды сауаттылығын қа­­лып­­тастыру, ойын еркін жет­­кі­зу­ге, өзін-өзі бағалауға үй­ре­ту. Оқушы өзінің мектеп қа­быр­­ға­сында алған білімін өз өм­і­рінде пайдалана алуы тиіс. Сол үшін бұл бағ­дар­ламаның не­гізі «өмір­мен бай­ланыс» ұғы­мында құрылған. Осы орайда ұстаздарға үлкен жауапкершілік артылып отыр. ХХІ ғасырда өмірдің барлық саласында табысты болу үшін оқушылардың бой­ына қажетті дағдыларды да­ры­ту барысында мұғалімдер тын­ым­­сыз еңбектенулері керек.

Оқыту тәжіри­бесінің барысы пікір­таласқа негіз­делген. Сабақ бар­ы­сында қол­данылатын ди­да­к­тикалық ойын­дар сияқты ин­тер­бел­сенді әдістерді пайдалану тиім­ді екенін көрсетеді. Соның ішін­де дидактикалық ойындар оқушы­лардың білім алуға деген ынтасын, белсенділігін арттырып, алған білімдерін тәжірибеде дұрыс қолдануына көмектеседі. Ж.Аймауытов тілді оқытуға арналған ұсыныстарында: «Ба­ланы тіл­дің әр түріне машық­­тандырғанда белгілі жүйе қол­данылсын. Жазу, оқу тың­даудан, сөйлеуден соң келе­ді, соңғы­лар тәжірибеден соң келеді», деген болатын. Жа­ңар­­­тылған оқу мазмұнының бағ­­дарламасын құрастырғанда Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстаздары шетелдің емес, Ж.Аймауытовтың білім беру əдістерін пайдаланды.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»