Аймақтан келген жүргізушілер биліктен шетелдік көліктерін тіркеуге жеңілдік талап етті

0

Қазақстанның әр өңірінен келген армениялық нөмерлі көлік иелері 14 ақпанда Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіне жиналып, биліктен көліктерін тіркеуге жеңілдік жасап, автомашина құнынан асып кететін утилизация алымын азайтуды талап етті.

30 шақты жүргізушімен ішкі істер министрлігі, ұлттық экономика және қаржы министрлігі өкілдері кездесті. Кездесуге тілшілерді кіргізбеді.

Билік өкілдерімен өткен жиыннан шыққан ақтөбелік Дастан Құлданов кездесуден еш нәтиже болмағанын айтты. Сөзінше, билік өкілдері талаптарыңызды жазып алып, жоғарыға жеткіземіз деген.

— БІзбен министрлер кездеседі деп айтқан. Бірақ жиынға министрлер келмеді. Бізге өз облысымызда айтқан сөздерді қайталап, талаптарыңызды жоғарыға жеткіземіз деп шығарып салды. Кездесуде біздің мәселемізді шешетін адамдар болған жоқ, — деді ол.

Шетелдік көлік иелері ертең, 15 ақпанда, сенатқа баратындарын айтты.

Ішкі істер министрлігі биыл қаңтарда «Қазақстан аумағына кірген Армения, Қырғызстан мен Ресейдің тіркеу нөмірі бар көліктерді заңға сай тіркеу керегін» мәлімдеді. Министрлік шетелден көлік алғандарға бастапқы алымды, утилизация алымын және баж салығын төлеп, автомашиналарын тіркеуді ұсынды. Үкімет шетелдік көлігін тіркегісі келмегендерге автомашинасын Қазақстаннан отыз күнге шығарып, кейін елге қайта кіргізуді немесе шетелден алған көлікті шетке қайта апарып сатуды ұсынады.

Бұл Армения, Қырғызстан мен Ресейден көлік алғандардың жаппай наразылығына түрткі болды. Қаңтар айының ортасынан бастап Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жаңаөзен, Орал, Петропавл және Семей қалаларында автожүргізушілер жиналып, көлікті тіркеудің шығыны тым көп екенін айтып, үкіметтен автомашиналарын жеңілдікпен әрі арзан жолмен тіркеуге мүмкіндік беруді талап етті. Олар тұрақты тіркеу құны көлік бағасынан асып кететінін айтып, тіркеуді жеңілдетуді талап етті.

Билік Қазақстанда тіркелмеген шетелдік көліктер заң бұзса, жазадан құтылып кетеді деп санайды.

Жүргізушілер наразылығынан соң Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік нөмірі бар көліктерді 2021 жылдың наурызына дейін уақытша тіркеуге қоюды тапсырды. Уақытша тіркелген көліктерге сары түсті нөмір беріледі. Бірақ шетелден автомобиль әкелгендер 2021 жылдың наурызына дейін бастапқы алымды, утилизация алымын (утилизация – көлік ескіргенде иесінен алып, жою) төлеп, көлігін тұрақты тіркеуге қоюы тиіс. Жүргізушілер утилизация алымы тым қымбат дейді. Экология заңына сәйкес, утилизация алымы жеңіл көліктерге 900 мың теңгеден 3 миллион теңгеге дейін, ал жүк көліктеріне 20 миллион теңгеге дейін жетеді.

Azattyq