Аймағамбетовтың премьер-министр болғанын қалаймын – Мақсат Халық
Елімізде Мәжіліс пен мәслихат сайлауы өткеннен кейін Әлихан Смайылов басқаратын министрлер кабинеті отставкаға кетуі мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыннан көз ашпаған Әлихан Асқанұлын отставкаға жібере ме, жоқ әлде оған тағы бір мүмкіндік бере ме? Жалпы Үкімет қайта жасақталса, кім премьер-министр болуы мүмкін?
Сайлау күні Әлихан Смайылов өзінің отставкасына қатысты сұраққа жауап берді. Бір қызығы оның «Еліміз үшін әрқашан еңбек етуге әзірміз» деген сөзі қызық болып тұр.
«Парламент Мәжілісі қайта сайланғаннан кейін Үкімет отставкаға кетеді. Жаңа Үкімет қайта жасақталғанша біз өз қызметімізді атқара береміз. Жаңа Премьер-министрдің кім болатынын Президент шешеді. Біз кез келген жағдайға дайынбыз. Еліміз үшін әрқашан еңбек етуге әзірміз», — деді Премьер-министр сайлау учаскесінде.
«Жаңа Премьер-министрдің кім болатынын Президент шешеді» және «Еліміз үшін әрқашан еңбек етуге әзірміз» деген сөзге қарағанда Әлихан Асқанұлының отставкаға кетуге асықпайтын секілді. Жалпы Әлихан Смайыловтың орнына кім премьер-министр болуы мүмкін? Осы және өзге де сұраққа белгілі экономист Мақсат Халық жауап берді.
– Мәжіліс сайлауы өтіп, Парламент жаңарғаннан кейін Үкімет отставкаға кету керек. Шын мәнінде алдағы күндері үкімет жаңаруы мүмкін бе?
– Менің ойымша үкімет жаңаруы керек. Өз басым Үкімет жаңарады деп сеніп отырмын.
– Қасым-Жомарт Тоқаев «Әлихан Смайловқа тағы бір мүмкіндік берейік» деп айтпай ма?
– Ол да мүмкін. Бірақ оны Үкімет басшылығында қалдырмағаны дұрыс сияқты.
– Өзіңіз «Үкімет басшысы болса, тиімді жұмыс істер еді» деп кімдерді айта аласыз? Мысалы қазіргі кезде үкімет басшылығына Ерлан Қошанов, Алтай Көлгінов немесе Қанат Бозымбаев келуі мүмкін деген әңгімелер бар…
– Негізі «Мына адам премьер-министр болса, бәрі жақсы болып кетеді» деп айту қиын. Әйтсе де мен өз басым Асхат Аймағамбетовтың премьер-министр болғанын қалаймын. Себебі ол жоғары қызметте жүріп халықтың алында абыройын сақтап, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді. Егер Асхат Қанатұлы Үкіметті басқарса халықтың шамалы болса да үміті оянар еді. Мен одан басқа адам көріп тұған жоқпын.
– Үкімет басшысының мамандығы гуманитарлық саладан қарағанда білікті экономист болғаны жөн шығар? Қазір халықтың әлеуметтік жағдайы тым нашар болып кетті…
– Премьер-министрдің міндетті түрде экономист болуы шарт емес. Ең бастысы халықтың сеніміне ие адам болуы керек. Ал енді экономикаға жауапты министрлікке Германияның экономика министрі болған Эрхард Людвиг секілді адам керек.
– Қазіргі таңда Асхат Аймағамбетов «Аманат» партиясының атынан депутаттыққа түсіп жатыр. Сіз өзіңіз Аймағамбетовты депутат ретінде елестете аласыз ба?
– Негізі сол жағы қиын болды. Асхат Аймағамбетовтың депутат болғанынан гөрі атқарушы билікте отырғаны көбірек пайдалы секілді.
Санаулы күндерден кейін Үкіметті кім басқаратыны анықталады. Әлихан Смайылов басшылықтан кетіп, оның орнына тегеурінді премьер-министр келе ме? Үкімет құрамы жаңарған күнде министрлер кабинеті халықтың тұрмысын түзей ала ма? Мың сан сауалдың жауабын алдағы күндері білетін боламыз.