Аймағамбетов оқуды қызыл дипломмен бітірген мұғалімге жұмыс тауып берді
Қысқа сілтеме алу
Білім министрінің айтуынша, қазіргі уақытта қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімдері тым көп дайындалады
НҰР-СҰЛТАН, 2 қазан – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Nur Otan партиясында қоғамдық қабылдау өткізді. Сол жерде оған астанадағы бір мектепте жұмыс істеген жас маман арызданды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Мен №70 мектеп-лицейінде жұмыс істедім. Ол жерге жас маман болып барып, бір жыл қызмет еттім. Сыныбым да болды, сағатым да болды. Ал бір жылдан кейін директор маған сағат та, сынып та бермей қойды. Себебін сұрағанда еңбек өтілі жоғары мұғалімді аламын деді. Маған бірнеше жыл тәлімгерлік жасауға кеңес берді. Ал мен сабақ бермесем, кері кетіп қалмаймын ба? Тым болмаса, 9 сағат сұрадым. Ол кісінің айтқан жауабы — «Даже не мечтай!», — дейді жас мұғалім Айжан Жақсылық.
Тағы оқыңыз: Астаналық ұстаз айына қалай мың доллар жалақы алып отырғанын айтты
Оның айтуынша, мектепте сағат бермегеннен кейін жұмыстан кетуге мәжбүр болды. Ал директор еңбек өтілі жоғары адамды емес, жас маманды жұмысқа қабылдапты. Айжанның мамандығы – қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі. Үш жыл бұрын Тараз мемлекеттік педагогикалық университетін қызыл дипломмен бітірген.
Осы орайда білім министрі қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімдеріне қатысты маңызды бір мәселені қозғады.
«Қазіргі кезде осы мамандық бойынша университеттерде өте көп адам дайындалып жатыр. Бірақ жұмыс орындары жеткіліксіз. Сондықтан қазақ тілі мамандарының жұмыссыздық мәселесі бар. Сосын қазақ тілі мамандығына ақылы негізде өте көп адам оқып жүр», — дейді Аймағамбетов.
Білім министрі жас маманға көмек берілетінін жеткізді. Жақын арада астанада жаңа мектеп ашылады. Айжанды сол жерге жұмысқа алатын болды.
«Қазан айында жаңа мектеп ашылады. Сізді сол жерге міндетті түрде жұмысқа алады. Сондай шешім қабылдадық. Сонда барыңыз, құжатты тапсырып, жұмыс істеңіз. Өйткені маман қызыл дипломмен бітірсе, оны жұмыссыз қалдыруға болмайды. Жаңа мектепке дайындалыңыз», — деп атап көрсетті Аймағамбетов.
sputniknews.kz