«Есі дұрыс біреу табылмады ма»: Тыңдармандар Димашқа клип түсірген режиссерді жерден алып, жерге салды (видео) — Қазақстан жаңалықтары

0

Танымал әнші Димаш Құдайберген тыңдармандарына кезекті бейнебаянын ұсынды. Әншінің бұл жолғы туындысы «Біл» деп аталады. Бейнебаянды аз уақыт ішінде 14 мыңнан астам адам көріп үлгерген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Димаш

Сурет: instagram.com/kudaibergenov.dimash/?hl=ru

Жұлдыздың «Біл» атты туындысының сөзін Михаил Гуцериев, ал әнін Игорь Крутой жазған. Ал режиссері мұның алдында «Шаршаған аққулар махаббаты» атты туындыны жарыққа шығаруға көмектескен Алан Бадоев болды. 

«Мен үшін де, Михаил Гуцериев үшін де Димаш – ерекше әртіс. Оған арналып жазылатын өлең жолдары да ерекше болып шығады: метафораға толы, көп ойлануды қажет ететіндей. Бізде аллегорияға толы оқиға баяндалды. Мен үшін мұндай жобаны жүзеге асыру өте қызық болды», — деді Алан Бадоев. 

Димаш Құдайбергеннің өзі де бұл туындының жүрегінде ерекше орын алғанын жасырмады. 

«Бұл оқиға арт, фешн және ертегілік драматургияны үйлестірген. Бейнебаянда мәңгілік оқиғаларды жақсы білетін адамнан биік тұратын рөлді сомдадым», — деді ол. 

Алайда Исландияда түсірілген туынды тыңдармандардың көңілінен шықпаған сыңайлы. Желі қолданушылары оның режиссерін жерден алып, жерге салды. Сондай-ақ, Димашқа америкалық немесе қазақстандық мамандармен ғана жұмыс істеуге кеңес берілді. 

«Құрметті Михаил Гуцериев, сізді миллионер және мәтін авторы ретінде бұдан былай Димашқа Бадоев түсіріп берген бейнебаяндарды қаржыландырмауыңызды сұраймын! Бізге аққулардың өзі жеткілікті болды. Жетпегені осы «шедевр» еді», «Димаш үшін бұдан жақсы клипмейкер табылмай ма әлемде? Джеймс Кэмерон, Стивен Спилберг, өтініш, Димаш үшін ауқымды бейнебаян түсіріп беріңіздерші», «Бұл бейнебаянды сондай күттім. Бадоев барып тұрған ақымақ», «Димаш әдеттегідей биік тұр. Оған ешқандай да клип керек емес сияқты.

Оның мінсіз екені соншалық, бейнебаян оған сай келмей тұр. Димаш үшін тамаша бейнебаян түсіре алатын адам дүниеге келмеген шығар», «Димаш, сен қандай да бір бейнебаяндарсыз-ақ тамашасың. Біз сенің емдік қасиеті бар дауысыңды естігіміз келеді», «Бұдан былай қазақтың талантты режиссерлерімен жұмыс істеген жөн-ау деп ойлаймын Димашқа», «Есі дұрыс режиссер табылмады ма» деп жазды желі қолданушылары. 

Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін Нұртас Адамбай Димаштың Игорь Крутоймен бекер байланысқаны туралы айтқан-ды. Өз кезегінде әншінің әкесі Қанат Айтбаев оған өз ісімен айналысуға кеңес берді. 



stan.kz