Әйелі дүкенге жұмсаған ер адам бір cәтте байып шыға келді
50 жастағы Мартин Гилбидің әйелі үйінде сәбіз бітіп қалғандықтан түнгі сағат он екіде оны дүкенге жұмсаған деп жазады dailystar.co.uk.
Шетелдік БАҚ таратқан ақпаратқа сәйкес, Мартин дүкенге келгесін банк картасымен төлеуі үшін кем дегенде 3 фунт-стерлингке дейін сауда жасауы керек екенін білген. Сәбіздің бағасы арзан болғандықтан, сатушы лотерея билетін қосып алуды ұсынған. Лотерея ойнатылатын күні Гилби сыйлықа ие болған-болмағанын тексерейін деп ойлайды.
Ұлттық лотерея бағдарламасын смартфонына жүктеп, билет нөмірін сканерлегенде, ұтыс сомасының 119 151 фунт стерлинг (шамамен 68 миллион теңге) екенін көреді. Ол жүйеде қате болды деп, бағдарламаны өшіріп тастап, қайта жүктейді. Алайда бәрібір жүлде сомасы өзгермеген.
«Бұл қате емес екеніне сенімді болғанымда, мен толқып, өне бойымды тер басты. Сосын тез арада әйелім Трейсиді шақырдым», — деп Мартин Гилби қуанышты сәтін еске алды.
Мартин Гилби COVID-19 пандемиясы салдарынан жұмыссыз қалған.
Айта кетсек, 20 жыл бойы лотореяға сеніп келген зейнеткердің ақыры қыруар ақша ұтып алғанын жазған едік. АҚШ-тың Флорида штаты Веро Бич қаласында тұратын Джеймс Дипполд есімді зейнеткер 20 жыл бойы Powerball лотореясының билеттерін сатып алып келген. Ол жеңетініне сенгені соншалықты осы уақыт ішінде лотореяға тек бір санды ғана қайта-қайта енгізіп келіпті.