Әйелдер зейнетке шығу мерзімін 58 жас етіп өзгертуді талап етуде
Нұр-Сұлтан мен Алматыда әйелдердің зейнетке шығу мерзімін 58 жас етіп қайта өзгертуін талап еткен наразылық жиыны өтті, деп хабарлайды kznews.kz сайты informburo.kz ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
«Ана туралы балладаны» әнұранына айналдырған әйелдер 55 жастан асқан соң жұмыс істеу қиын екенін айтады. Олардың сөзінше, бұл уәжді еліміздің 60 мыңға жуық әйелдері қостайтын көрінеді.
«Елу бес жастан асқаннан кейін әйелдердің денсаулығы жұмыс істеуге жарамайды. Оны бүкіл Қазақстан әйелдері жақсы біледі. Көпбалалы аналар 63-ке, яғни зейнет жасына жете алмауы да мүмкін. Қазір біздің денсаулығымыз әлеуметтік жағдайға байланысты өте төмен», – дейді елорда тұрғыны Кенжеш Сембаева.
Алматылық аналар Абай ескерткішінің алдында жиналған. Олардың да талабы бір – зейнет жасын төмендету.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бас сарапшысы Әйгерім Бекетованың түсіндіруінше, әйелдердің талабын заңға енгізу үшін арнайы жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобының отырыстары бірінші вице-министр Әділ Ахмадиевтің төрағалығымен өтеді. Алайда әзірге аталған ұсыныстарды қарау әлі аяқталмаған.
«Үкімет әйелдердің зейнет жасын 63 жасқа дейін арттырудың елге, экономикаға, бюджетке тиімділігіне тек 5-10 жыл өткеннен кейін ғана баға бере алады», – деді заңгер Айыпхан Мұхамедиев.
Дегенмен мұндай наразылықтардың жиілеуіне ел тұрғындарының жалпы денсаулығы мен тұрмысының нашарлауы себеп болып отыр.