Әйел күйеуін бұзақылардан қорғап қалды: Павлодар облысындағы оқиғаның мән-жайы белгілі болды

0

Павлодар облысының Ақсу қаласында ер адамға жасалған бұзақылық әрекет бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сайты.

«Аталған факті Ақсу қаласының полиция бөлімінде тіркелді. Қақтығыстың барлық қатысушылары анықталды. 28 ақпан күні шамамен 01.00-де Доспанова көшесіндегі тұрғын үй ауласында ер адам мен екі жас жігіт сөзге келіп қалып, оның соңы төбелеске ұласқан», – делінген тәртіп сақшыларының баспасөз хабарламасында.

Қазіргі кезде екі жігітке қатысты бұзақылық фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 2-бөлігі 293-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сондай-ақ, тиісті сараптамалар да тағайындалған.

Аталған бап бойынша кінәлі адамға 5 000 АЕК (14 585 000 теңге) дейінгі айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылады. Тіпті, бір мың екі жүз сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға қатыстырылып, бес жылға дейін бостандығы шектеледі немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру көзделеді.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде әйелі және екі баласымен үйіне қайтып келе жатқан ер адамды екі жігіттің жабылып соққыға жыққан видеосы тараған.

Кадрда жерде жатқан адамды екі жігіт ұрып, тепкілеп, соққының астына алады. Ал әйел күйеуін бұзақылардан батыл қорғап, ажыратады.