Әйел бақытына жетпедім – Динара Сәтжан
Динара Сәтжан бизнесте, қызметте табысқа жеткенімен, әлі өмірлік бақытын таппағанын айтады. Тележүргізушінің айтуынша, ол жүрегін селт еткізетіндей жанды әлі кездестірмеген. Сәтжан Дана Орманбаеваға берген сұхбатында жеке өмірі жайлы сырын айтты.
«Әйел бақытына жетпедім. Бұл аспектіге келгенде, бос орын тұр. Күн тәртібіме қарасам, жай ғана кездесуге бару үшін 1 сағат артық уақытым жоқ екен. Яғни ол менде басты назарда тұрған жоқ», — деп ағынан жарылды Сәтжан.
Айтуынша, ол адамды бір көргеннен өзіне сай келетін не келмейтінін түсіне алады. Сондықтан орынсыз кездесулерге барып, уақытын жоғалтпайды.
«Бір көргеннен адамға баға беріп, маған сай келетінін, келмейтінін анықтайтын жандардың қатарындамын. Мен әлі екінші жартымды кездестірмедім немесе кездестірсем де, жоғалтып алдым деп ойлаймын. Қазіргі уақытта өзім ұмтылған дүниенің бәрі менде бар. Болашаққа үлкен жоспарым бар. Мансапта, бизнесте не қалайтынымды, балаларым үшін қандай болашақ тілейтінімді нақты білемін. Бірақ әйел бақытын жоспарлай алмайды екенмін, ол менің құзыретімде емес», — дейді тележүргізуші.
Әйтсе де ол жұбы жарасқан ғашықтарға қызыға қарайтынын жасырмай айтты.
«Өз адамыңды кездестіру сондай керемет дүние екенін түсінемін. Жаныңда сүйеу болатындай адамыңның болғаны сондай күшті», — деді ол.