Мұхтар Тайжан халықты сан соқтырып кетпесіне кім кепіл?!

0
Адвокат Ләззат Ахатова белгілі экономист Мұхтар Тайжанды айыптады. Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасына жазды.
«Соңғы кезде байқап жүргенім — Мұхтар Тайжанның үнемі қоғамда түрлі кері пікірлер таратып, ел арасында жел сөзді көбейтуге ықпал жасайтыны. Жақында ол «Beskol-agro» мен фермер Алмазбек Садырбаев мемлекеттен ақша ұрлағанын мәлімдеді. Тайжан өзінің жеке саяси амбициясы үшін әлеуметтік желіде лайк пен жазылушылар жинау арқылы жемқорлықпен күреседі-мыс», — деді автор.
Сонымен қатар, заңгер Мұхтар Тайжанның осындай қызметі үшін тиісті тұлғалардан қомақты ақша алатыны туралы да мәліметтер желі бетінде жарық көріп жататынын еске салады.
«Мәселен танымал кәсіпкер Марғұлан Сейсенбайдан 250 000 АҚШ долларын алғанын Тайжанның өзі де мойындаған дейді. Одан өзге, жер дауларына байланысты талай адам Тайжанның соңында оған шексіз сенім артып жүргенін көз көріп отыр. Әділеттік іздеп, сарсаңға түскен халықтың сеніміне кіріп, ертеңгі күні сенгендері сан соқтырып кетпесіне кім кепіл? Халықтың ақшасын алып, уәдесін орындамай, пәлен адам тағы алданып жатса, кім кінәлі? Құқықтық, саяси сауаты жетілмеген қарапайым шаруа адамдарының обалын кімнен сұраймыз?
Қазіргі таңда елдегі құқық қорғау органдарына ең көп түсетін арыздардың дені алаяқтық фактілеріне байланысты екенін заң саласындағы мамандар жақсы білеміз. Осындай опық жегізер жағдайлар орын алмас үшін осы жайттар заң аясында түгел тексерілгені дұрыс деп санаймын.
Анық қанығы халыққа беймәлім жайттар ресми органмен жіті тексеріліп, анықталып, осындай псевдопатриоттардың бет пердесі сыпырылмаса, онсыз да кімге сенерін білмей отырған халықты адастыру толастар емес», — деп жазды Ләззат Ахатова.
Оның пайымынша, Тайжан латифундистерге қарсы күресті, бірақ ол бірде-бір латифундистті халыққа көрсетпеді.
Тайжанның саяси мансабының сыры қарапайым: оның парақшасында жемқорлық немесе басқа да мәселелер туралы тексерілмеген ақпаратты репост немесе сілтеме жасап, ашулы, қарғыс атқан пікір жазу. Сондықтан қоғам оның көпшілік алдында айтқан сөздерінің растығын анықтап білу керек.
«Енді осыған дейін ісі де, құсы да болмаған, жазықсыз сотталған Борамбаев пен Намазбаевқа “адвокаттық қызмет” атқарып кетіпті. Әрекеттерінен популизм иісі аңқып тұрады, өзіме… Нұр жүйенің алтын астауынан кезінде жем жегендердің бірі — Бутя шығыпты, белсеніп. Халықтың қамын ойлағыш шетінен. Елге жасаған қандай жақсылығы бар олардың?» — дейді адвокат.
Сәкен ЫБЫРАЕВ