Айдос Сарым, Мәжіліс депутаты: «Алтынбектің шәкірті» деген атақты менен ешкім тартып ала алмайды

0
9248

Қаскөйлердің қолынан қапыда қаза тапқан Алтынбек Сәрсенбайұлының бүгін туған күні. Тірі болса, 60 жасқа толар еді. Осы күнге орай NEGE тілшісі Мәжіліс депутаты Айдос Сарымға сауалдар қойды.

– Бүгін – қазақтың аяулы азаматы, саяси аренада ерекше орын алған тұлға Алтынбек Сәрсенбайұлының туған күні. Тірі болғанда 60-қа келер еді. Қоғамды дүр сілкіндірген қастандықтың құрбаны болған қайраткердің көзін көрген азаматтар жүр ортамызда. Сол жүкті сезінетіндер бар ма?

– Біз өз діттеген мақсатымызға жетіп отырмыз. Осы мәселені айтқанымызға, саяси мәлімдемелер жасап, хат жазғанымызға біраз уақыт болды. Соның нәтижесі ғой бәрі. Президенттен бастап, Үкіметке, облыс әкімдеріне неше түрлі топ боп, ұйым боп, азамат боп талайына хат жаздық.

– Қандай хаттар?

– Алтекеңнің есімін Алматы қаласындағы мектеп, көшеге беру деген секілді.

– 2011 жылғы берген сұхбатыңызда «Ондаған жылдан кейін де қылмыстар ашылады. Бұл қылмысқа біраз замандасымыздың қатысы бар» деп едіңіз. Бір онжылдық өтті. Әлі ұзақ күтеміз бе бұл процесті?

– Оны да көреміз аман болсақ. Биыл да, былтыр да «енді ештеңе өзгермейді» деп ойлаған адамдар болды. Бірақ тарихтың дөңгелегі тезірек айналып жатқандықтан, ол шындыққа да тезірек жетеміз деп ойлаймын.

– «Алтынбек ағаның өліміне қатысты ешбір дерекке сенбеймін» деп айтқансыз. Демек, өзіңіздің бір болжамыңыз бар ма?

– Иә, болжамым бар. Бірақ оны сізге айтпаймын.

– Назарбаев дәуірінен кейін біраз «шындықтар» ашылып жатыр ғой…

– Бұл дүниеде ешқандай қулықты, сұмдықты жасыру мүмкін емес. Бұдан 3000-5000 жыл бұрынғы жұмбақтар шешіліп жатыр. «Тутанхамон қалай өлтірілді?» деген әңгімелер де айтылып жатқан кезде одан бертінгі болған оқиғалардың орны міндетті түрде айқындалады.

Оның туысқаны, ағайыны, жақындары бар, міне, солар аман болса, шындықтың беті ашылмай қоймайды. Сол кезде де жағамызды ұстап, таңғалатын жағдайлар болады.

– Мәжілісте, Сенатта қазір түрлі жаңа бастамалар көтеріліп жатыр. Бұл істі де қайта көтеруді ұсына аласыздар ма сіздер?

– Жоқ, конституция бойынша Мәжіліс депутаттары ешбір соттың ісіне, соттық орынға үкім немесе жарғы бере алмайды. Тек әр адам жеке тұлға ретінде ізденсе болады. Негізінде, құдай қалап бәрі дұрыс болатын болса, соттың істі қайта қарайтын, қайта сүзгіден өткізетін мүмкіндіктер бар. Оған да жетеміз.

– Ол бастаманы кім көтеру керек сонда?

– Заң бойынша көтеретін – туған-туысқандары. Прокуратураға қайта арыз беріп, сотта қаратуға хақысы бар. Немесе конституциялық сот бар. Болашақта құрылады.

– Ал сіз айтатын «Мәжілісте отырған Алтекеңнің қанша досы, шәкірті» қандай әрекет жасап жатыр?

– Шынымды айтайын, ондай шаралар жасалып жатыр. Бұны әлеуметтік желіде, басқа жерде отырған кейбір азаматтар түсінбесе, түсінбей-ақ қойсын. Бірақ кейбір дүниеде байыппен, құппен, табандылықпен шешілетін мәселелер болады. Есімі берілген мектеп, Алматыда жақында ашылатын көшенің мәселесі сияқты шаруалар үндемей жүріп жасалады.

Егер осы шаруаның басында жүрген азаматтар ту көтеріп, баспасөз мәслихатын өткізіп, популизмге айналдыру керек десеңіз – ол сіздің мәселеңіз. Тіпті, Парламенттің өзінде, мемлекеттік қызметте Алтекеңмен бірге оқыған, бірге жұмыс істеген азаматтар бар. Айналып келгенде, бұл – осындай ортақ жұмыс. Қажет десеңіз, консенсус.

Ең бастысы, қазіргі билік осы талап-тілектердің мақсат-міндетін түсініп, орындап жатыр. Бүгінгі Тоқаев басқарған биліктің жасап жатқан шаруасы – осы 30 жылға дейінгі қалыптасқан, қазақты ішінара бөлетін жіктерді жою. Болашақта елді ірітетін емес, біріктіретін жұмыстармен ғана айналысуымыз керек. Кеше Мұхтар Шаханов «Еңбек Ері» болса, ертең Мағауин болуы керек. Сол сияқты жайлап басатын қадамдар бар. Басты мақсат – бар қазақты біріктіру. Билік тарапынан басқа ешқандай кедергі жоқ. «Жаңа Қазақстан» басталды деуге болады.

– Дегенмен, Алтынбек Сәрсенбайұлының саяси тұлға ретіндегі бағасын алуы оған мектеп атын, көше атын берумен өлшенбейді ғой. Оған жасалған қастандық, қоғамға жасалған қастандықпен бірдей емес пе?

– Енді ол үшін тағы да бір мүмкіндік бар. Заман өзгеріп жатыр ғой. Рысбек Сәрсенбай мен ағайындары немесе марқұм Алтекеңнің отбасы мүшелері тағы да Бас прокуратураға шағымданып, қайтадан зерттеу, талдау жүргізуді талап ету керек.  Ал оған прокуратураның «жоқ» деуге негізі жоқ.

– Сізді А.Сәрсенбайұлының «көмекшісі», «серігі», «шәкірті» дейді. Сіз өзіңізді нақты қалай бағалайсыз?

– Соның бәрі. Ешбір адам бұл атақтарымды менен жұлып, тартып ала алмайды. Өйткені мен тірі Алтынбектің көмекшісі болдым.

– Рысбек Сәрсенбайұлы сізді «Алтынбектің көмекшісі деңгейінде ғана болды» деген екен…

– Мен ағамызға ешқандай сын айта алмаймын. Эмоциямен неше түрлі әңгіме айтуға хақысы бар. Әркімнің қиялындағы, елесіндегі, естелігіндегі, ойы мен арманындағы өз Алтынбегі бар. Тіпті саяси ұстанымдағы. Ол – тек Алтекеңнің ірі, аса ірі саяси тұлға екенін дәлелдейтін фактор. Әр қазақтың өз Абайы, Шәкәрімі, Сәкеніне хақысы бар ғой. Бұл да сол сияқты дүние.

– «2004 жылы сайлауда жеңіске жеткен – «Отан» емес, дәл осы «Ақ жол» партиясы. Биліктің зымиян саясаты болмағанда біз басқа қоғамда өмір сүретін едік» деген едіңіз. Сол сіз аңсаған, Алтынбек аңсаған қоғам қандай еді? Сол қоғам келді ме қазір?

– Біз соған бара жатырмыз. Ол бір күнде болмайды. Бүгін де, ертең де, тіпті бес жылдан кейін де. Реалист болуымыз керек. Ең алдымен біз ойлаған арман – саяси дәстүр мен мәдениеттің әңгімесі. Кем дегенде 2-3 әділ сайлау өту керек. Халықтың еті соған үйрену керек. Сол мәдениетке жеткенде ғана Алтекең армандаған қоғам келеді.

– Демек, «нағыз қоғам әділ сайлау өткен кезде орнайды» дейсіз ғой?

– Алтынбек айтқан барлық мәселе патшаға да, басқаға да емес, қоғамға келіп тіреледі. Қоғамның өзгеруі, қоғамның өзіне жауапкершілік алуы және оның болашаққа сеніммен қарап, саясат ісіне араласуы. «Жаңа Қазақстан» дегеніміз де осы ғой.

– Сіздің қазіргі саяси ұстанымдарыңыз Алтынбекпен бірдей ме, әлде бөлек пе?

– Абсолютті түрде бірдей. Менің таңғалдыратын және күлкімді келтіретін жайт: Алтынбекті өмірде көрмеген, сөйлеспеген, тіпті дұрыс танымайтын азаматтардың оны ту қылып ұстап, сан-саққа бұратыны. Өмірдегі Алтынбектен өздерінің қиялындағы Алтынбекті бөліп шығарып алса жақсы болушы еді.

– Өмірдегі Алтынбек қандай еді?

– Ол туралы бірнеше кітап, сұхбаттар шықты. Соларды оқып келіп сұрасаңыз, айтамын.

Әсем Құлманова