Айбалта — қазақтың бес қаруының бірі

0

Айбалта – соғыс қаруы. Бұл қару тек қазаққа тән емес. Кез келген халық өзіне лайықтап айбалта соққан. Айбалтаны көшпелі сақтар мен ғұндар қолданған. Бірақ оның нақты шығу тарихы бізге белгісіз.

Қазақ жауынгерлері айбалтаны беліне байлап, жорыққа шыққан. Олар кез келген сәтте айбалтасын алып, қарсыласының мысын басуы мүмкін. Оны қалмақтармен болған соғыста Баян батыр бастаған жасақ та ұстаған. Айбалта батырдың қосалқы қаруы ретінде үнемі жанында, тебінгінің астында сақталған.

Айбалта

Қарудың бұл түрі ХIV-XV ғасырларда қазақ жерінде кеңінен қолданылған. Оның үлгілері Батыс пен Шығыс елдерінің қару-жарағында да кездеседі. Қазақ ұсталары айбалта сабының ұңғыдан өтетін екі жағын темір құрсаумен шегелеп, оны қошқармүйіз сияқты ұлттық ою-өрнекпен безендірген. Қолға ұстау үшін саптың төменгі жағына қайыстан бүлдірге (бүлдірге – қайыстан тілінген таспа, қолға іліп жүру үшін  жасалады) байлайды. Айбалтаның сабының ұзындығы 70-90 сантиметрге дейін жетеді. Оны белге байлайды немесе тебінгінің астына қыстырады. Ғалымдардың болжамынша,  айбалтаның төркіні – кәдімгі шаруашылықта қолданылған балтаның соғыс қаруы ретінде қайта жасалуы. Қазақтар қарудың бұл түрін ХХ ғасырға дейін пайдаланып келді.

Айта кету керек, ертедегі соғыс қимылдарында садақшылар алдымен жауды жебенің астына алса, іле-шала қолына айбалта ұстаған атты сарбаздар шабуылдаған. Артынша жаудың есін жиғызбастан найзагерлер аттандап, соңында қоян-қолтық соғыс тәсілі бойынша қылыштасу жүрген.

Айбалта

Айбалтаның басы металдан соғылады, пішіні әртүрлі. Балтаның басы жарты Ай сияқты дөңгелене соғылуы ай атауына негіз болған. Көшпелі халықтарда бұл қару екі басты немесе шүйдесі ұзынша келген балға пішінді болған. Бірақ мұндай айбалтаның сабы әдеттегіден айбалталардан қысқа.

Айбалтаның сабы ағаштан жасалады. Кейде терімен қапталып, металмен безендіріледі. Ал кей балтаның сабы түгелдей терімен, күміспен қапталады. Ерте заманда айбалтаның басына салынған ою-өрнек арқылы түрлі жоралғы жасалған. Бақсы-балгерлер адам емдеп, сәуегейлікпен айналысқанда айбалтаны қолданған.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz