Аязға байланысты ЖЭО-лар максималды қарқынмен жұмыс істеуде
2018 жылғы 25 желтоқсан 10:37 323
АСТАНА. ҚазАқпарат — Үкіметтің бүгінгі отырысында жылыту маусымының барысы қаралды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, қатты аяздарға байланысты жылу стансалары максималды қарқынмен жұмыс істеп жатыр. Ондай жағдай соңғы жылдары болмаған. «Кеше, 24-ші желтоқсанда ең жоғары электр жүктеме 14 740 МегаВатқа немесе жылыту кезеңінің максимумы — 99 процентке жетті. Бұл — соңғы жылдардың рекорды. Осы жағдай өнеркәсіптік тұтынудың оң динамикасын және даладағы аязды көрсетіп отыр», — деді Қ.Бозымбаев.
Оның айтуынша, электр стансаларында 4 млн тонна көмір және 112 мың тонна мазут бар. Отын қоры бекітілген нормаға сәйкес келеді.
«Жалпы, биылғы жылыту кезеңі басталғалы бері сыртқы ауа райы температурасы төмендегенде жылу желілерінің жұмысында температуралық графикті сақтамаудың 23 фактісі байқалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 40 процентке аз. Бірақ көбісі «Арселор Миттал Теміртау» мекемесінің 2-ші жылу орталығында — 7 рет, сондай-ақ, Өскемен жылу электр орталығында 4 рет орын алды», — деп атап көрсетті Қ.Бозымбаев.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz