Аяз Ата мүмкіндігі шектеулі балалардың үйлерін аралап шықты

0
27 Желтоқсан 2018, 10:23 159 0

Фото: altaynews.kz

Астана, BAQ.KZ. Жаңа жыл қарсаңында «Нұр Отан» облыстық партиясы мен «Үлбі» халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерелері Өскеменде тұрып жатқан мүмкіндігі шектеулі балаларға қонаққа барып, оларға мерекелік сыйлықтар, тәтті-дәмділер тарту етті. Бұл туралы altaynews.kz сайты хабарлайды.

«Бұл балақайлар белгілі бір себептерге байланысты көп жағдайда жаңажылдық шырша сияқты мерекелік шараларға жете алмай жатады. Осыны ескере келе, біз жыл сайын осындай қайырымдылық акцияларын өткізіп тұрамыз. Сонымен қатар балаларға жан-жақты медициналық және әлеуметтік көмек көрсетуге тырысамыз. Қазір Өскеменде дәл осындай көмекке зәру 700-ге жуық жан бар», — дейді «Үлбі» халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығының маманы Гүлжан Қабзиева.

Балалардың шадыман шаттықтары үшін ұйымдастырылған шараның шынымен де берері мол, маңызы зор болды. Мұны балақайлардың жүздерінен аңғардық. Рас, бұған дейін тек теледидар мен кітап-газет беттерінен ғана кездестіріп жүрген Аяз ата және Ақшақарды өз үйлерінде көрген балалардың қуанышында шек болмады бұл күні. Ертегі кейіпкерлері өздерімен бірге мерекелік сыйлықтар, кәмпит толы жаңажылдық дорбалар ала келіпті.

Жалпы, аталмыш акция барысында облыс орталығындағы 19 отбасы түрлі сыйлықтарға ие болды. Мұны «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Алтынай Жарқымбаевадан білдік.

«Бүгін жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен Өскеменде тұрып жатқан бір топ мүмкіндігі шектеулі балаға қонаққа барып, оларды келе жатқан мерекелерімен құттықтадық. Бұл күні жаңажылдық шыршаға қатыса алмай жүрген қамкөңіл балақайларға аталмыш мерекенің атмосферасын сезіндіріп, оның кереметін жеткізуге тырыстық. Жалпы, бұл қайырымдылық акциясы үш күнге созылғанын айтқым келеді», — деді «Нұр Отан» партиясының өкілі.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:

Дереккөз: BAQ.KZ