Ахметжан Есімовтің қызметінен денсаулығына байланысты кеткені рас па?
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ қоғаммен байланыс департаментінің басшысы Сергей Куянов 29 наурызда «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы қызметінен босатылған Ахметжан Есімовтің денсаулығына қатысты желіде тараған ақпаратқа жауап берді.
Еске сала кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын Kozachkov offside telegram-каналында Ахметжан Есімовтің «уақытша жұмысқа жарамсыздығына байланысты оның міндеті Алмасадам Сәтқалиевке жүктелетіні» жайлы Үкімет қаулысы шыққаны туралы ақпарат жарияланды.
«Өздеріңіз көргендей, 29 наурызда Ахметжан Есімов ресми іс-шараға белсенді қатысып, әріптестерімен, ұжыммен кездесті.
Үкімет қаулысындағы тұжырымға келетін болсақ, бұл — бірнеше жағдайдың жиынтығы. Бір күн бұрын Есімов мырза ПТР-тест тапсырып, күтпеген жерден оң нәтиже берді. Мұндай тұжырымның үкіметтік құжатта пайда болуы содан. Бірақ екінші рет ПТР-тест тапсырғанда, нәтижесі теріс болды, яғни бірінші нәтиже қате болған», — деп түсіндірді «Самұрық-Қазына» өкілі.
29 наурызда «Самұрық-Қазына» қорының жаңа басшысы таныстырылып, Ахметжан Есімовтің орнына Алмасадам Сәтқалиев тағайындалды. Қордың бұрынғы басшысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Үкімет басшысы Асқар Мамин атқарған жұмысы үшін алғыс айтты.