Ахаң ауылына баратын жол түсіп, мемориалдық кешен салынады — Үкімет
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» фракциясы мүшесі Қазыбек Иса Ұлт ұстазы, Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына байланысты ҚР Премьер-министрінің орынбасары Е.Тоғжановқа “Ақ жол” фракциясының депутаттық сауалын жолдаған еді. Біз бүгін Үкіметтен келген жауапты жариялап отырмыз, деп хабарлайды kznews.kz сайты.
Айта кету керек, біз депутаттық сауалымызда «Тәуелсіздік рухында тәрбиеленген кез келген әкім Қостанай өңірін басқаруға келгенде ең алдымен Алаш көсемдері Ахаң мен Жахаңның туған жеріне барып, Ұлттың ұлы тұлғаларына тағзым етуі жазылмаған заң! Қазір Алаш көсемдерінің ауылына баратын жол жоқ! Әлем бойынша елулікке кірдік деп, екпіндеп, қырықтықты қырып тастап, енді отыздыққа кіруге омыраулап отырған, Тәуелсіздігіне 30 жыл толған Қазақ Елінде ұлт көсемдерінің туған жеріне баратын жол жоқ»-деп, атап жазған едік.
Жақында Қостанай облысы әкімі Архимед Мұхаммедов Жангелдин ауданына, Ахмет Байтұрсынұлы ауылына барып, елмен кездесті. Ахаңның тойына арналып істеліп жатқан іс-шараларды, оның ішінде жол салу басталғанын баяндап, жұрттың ой-пікірін, ұсыныстарын тыңдап, маңызды мәселелерді орындауға уәде етті. Халық үніне құлақ түре білген облыс әкіміне алғыс айтамыз.
Ахаң ауылына баратын жол күрделі жөнделіп, мемориалдық кешен салынады — Үкімет
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының тізімі
«Ақ жол» фракциясының мүшелері:
- Қ. Иса
- А. Перуашев
- Д. Еспаева
- А. Әбілдаев
- Е. Барлыбаев
- Б. Дүйсембинов
- С. Ерубаев
- А. Жұмабаева
- А. Линник
- Е. Өмірғали
- М. Раманқұлов
- Ғ. Хамзин
«Nur Otan» фракциясының мүшелері:
- А. Құспан
- М. Тәжмағамбетова
2021 жылғы 22 желтоқсандағы № ДС-350 депутаттық сауалға:
Құрметті депутаттар!
Ұлт ұстазы, қазақ тілі білімінің атасы, «Алаш» қозғалысының қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына қатысты депутаттық сауалды қарап, мынаны хабарлаймын.
Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы жөнінде келесі жұмыстар атқарылуда.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 19 маусымдағы �№624 Жарлығына сәйкес Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы аталған комиссия төрағасы болып белгіленді. 2021 жылғы 27 қазанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы төрағалығымен өткен Мемлекеттік комиссия отырысында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспар �(бұдан әрі – Жоспар) бекітілді.
Жоспарда Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық мұраларын халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде насихаттау мақсатында ғылыми, мәдени-ағартушылық, �ақпараттық-имидждік іс-шаралар қамтылған.
Аталған жоспарда депутаттық сауалда көтерілген бірқатар мәселелер қарастырылған. Атап айтсақ, Қостанай облысы Жангелді ауданының Ахмет Байтұрсынұлы ауылындағы тұлға өмірге келген үйді қалпына келтіріп, жәдігерлермен толықтырып, музей-үй етіп ашу және Байтұрсын әулетінің қорымын қоршауын жаңарту, Қостанай облысының аумағында Ахмет Байтұрсынұлының мемориалдық кешенін салу, Ахмет Байтұрсынұлы ауылына баратын жолды күрделі жөндеуден өткізу, Қостанай облысындағы «Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби мұражайын», Алматы қаласындағы «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйін» абаттандыру жұмыстарын жүргізу. Сондай-ақ Қостанай облысындағы Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келген Сарытүбек қонысы аймақтық маңызы бар киелі жерлер тізіміне енгізілгенін хабарлаймыз.
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі Алматы қаласы мәслихатының 2021 жылғы 31 мамырдағы № 51 шешіміне сәйкес жеке меншіктен коммуналдық меншікке алынды. Аталған жоспарға сәйкес ағымдағы жылы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйінің ғылыми-реставрациялық жұмыстары үшін ғылыми-жобалау құжаттамасы әзірленетін болады.
Сіздер ұсынып отырған Жангелдин ауданының атын өзгерту, Қостанай қаласындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлының атын беру мәселесі қоғамның пікірін ескеру мақсатында жергілікті халықпен, ауылдық округпен, қоғамдық кеңес мүшелерімен, мәслихат депутаттарымен, ардагерлер кеңесімен талқылау жұмысы, кездесулер ұйымдастырылғаннан кейін нәтижесіне қарай қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес іске асырылатын болады.
Ахмет Байтұрсынұлының есімін облыс орталықтарындағы мектептерге, орталық көшелерге (даңғылдарға) беру мәселесі жергілікті жерлердің ономастикалық комиссия отырыстарында қаралатын болды. Бұл мақсаттағы жұмыстар заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес барлық өңірлердің әкімдіктері тарапынан іске асырылады.
Сонымен қатар Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішін орнату мәселесі де Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Ал Түркияның Анкара қаласында, Ресейдің Орынбор қаласында Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішін орнату мәселесін қарастыру аталған жоспарда қамтылған.
Жоспарда Ахмет Байтұрсынұлының мұраларын түркі әлеміне насихаттау мақсатында ТҮРКСОЙ ұйымының, отандық және шетелдік зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Ыстамбұл қаласында дөңгелек үстел, фотокөрме ұйымдастыру, Түркістан қаласында Халықаралық түркітанушылар конгресін өткізу, сонымен қатар Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен Баку қаласында «Баку конгресі және Ахмет Байтұрсынұлы» атты конференция, Орынбор және Ташкент қалаларында мерейтойға арналған іс-шараларды өткізу қарастырылған.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына қатысты келесіні хабарлаймыз. «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының Заңының �24, 25-баптарында (2021 жылғы 15 қарашадағы №72-VII заңымен өзгерістер енгізілген) біріншіден, базалық қаржыландыруға жетекші ғалымдардың жалақысы кіргізілген, екіншіден, қаржыландырудың жаңа түрі енгізілді — іргелі ғылыми зерттеулерді (археология, астрономия, астрофизика, атом энергиясы, шығыстану, өнер, тарих, мәдениет, әдебиет, математика және механика, білім беру, саясаттану, дінтану, әлеуметтану, философия, этнология, тіл білімі салаларында) жүзеге асыратын ҒЗИ-ды қаржыландыру, үшіншіден ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды мемлекеттік қаржыландыру ұзақтығы 5 жылға дейін ұлғайтылды.
Сонымен қатар ғылымды қаржыландыру және әкімшілендіру мәселелеріне қатысты Мемлекет басшысы еліміздің ғылыми-технологиялық дамуы жөнінде бағдарламалық құжат әзірлеуді тапсырды.
Осыған байланысты ғылыми және сараптамалық қоғамдастықпен кең өзара іс-қимылда «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында «Ғылым» блогы әзірленді, онда 4 бағыт көзделген (ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту; ғылыми экожүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыру; елдің дамуына ғылымның үлесін арттыру: ғылым-өндіріс-бизнес; ғылым әкімшілігін жетілдіру). Ұлттық жоба Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №727 қаулысымен бекітілді. Қабылданған шаралар гуманитарлық бағыттағы институттардың қызметін жетілдіруге қызмет етеді деп есептейміз.
«Қазақ» газетінің 7 томдығы, «Айқап» журналының 5 томдығы, «Сарыарқа» газетінің 1 томдығы және «Ағартушы» атты А. Байтұрсынұлы туралы монография мен ахметтанушы ғалым Р. Имаханбеттің «Ғасыр саңлағы» кітаптары уәкілетті органға шығаруға ұсынылған жағдайда заңнамада берілген тәртіппен қаралатын болады.
Ал Ахмет Байтұрсынұлы атындағы көп салалы мәдени-танымдық орталық ашу мәселесі алдағы жылдары қарастырылатындығын мәлімдейміз.
Мемлекет басшысының ағымдағы жылды Балалар жылы деп жариялауына байланысты барлық білім беру ұйымдарында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатындағы тақырыптық шаралармен іске асырылатын болады.
Аталған бағыттардағы жұмыс жалғасуда және Үкіметтің бақылауында.
Е. Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары