Өзбектің байлары қазақ байларына үлгі болса игі

0
240

Сан алуан өзекті мәселелердің бәріне өзінің елді басқарушы ретіндегі ұстанымы табанды екені көрінді. Миссиясының өзі мемлекет пен қоғамды дұрыс жолға қою екенін жұқалап жеткізіп отыр. Асып-таспай, әр нәрсені жөнімен, дәйекті етіп жеткізетін  мәдениеті басшы атаулыға үлгі боларлық деуге де келеді екен. Ал ең бастысы – әлемге де, жекелеген тұлғаларға да жалтақтамау, өз еліміздің мүддесін бәрінен жоғары қою мінезін аңғартқан сияқты.

Сұхбаттың орысша берілгенін жақтырмағандар аз емес, әрине. Дегенмен орысша берілген сұхбатының лезде әлемге тарайтын жағы тағы бар емес пе. Әрі келген журналист қазақстандық орыс болса… Өзге шет елдерден сұранған сұхбаттардан бас тартып келген екен, осы жолы келісім беріпті. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желідегі жазбасында Президенттің келесі сұхбаты міндетті түрде қазақ тілінде жүргізілетініне уәде етті.

Сонымен Президенттің сұхбаты төңірегінде таңды таңға асырып айта беруге болады. Қазақстанның барша бұқаралық ақпарат құралдары мен сайттары тақырыптарды жіктеп үсті-үстіне мақаланы қарша боратып жатыр. Біз сұхбаттың бір ғана қырына тоқтала кетуді жөн көрдің. Ол – Мемлекет басшысының өзбек миллиардерлерін үлгі етуі. Несі бар, өте дұрыс сөз. Өзбектің сыртта жүрген миллиардерлері Ташкентке келіп, Өзбекстан президентіне «Туған жерімізге қандай жақсылық жасауымызға кеңес бересіз?» деп сұрайды екен. Содан кейін өздерінің қаражаттары есебінен халыққа ауруханалар, инфрақұрылымдар салып береді. Біздің еліміз де шетте жүрген де, іште жүрген де миллиардерлерден кенде емес.  Алайда олардың халқымызға жағдай жасайық деп алып-ұшып тұрғандары байқала бермейтіні де рас қой. Керісінше, шетке қыруар қаржыны алып кеткен миллиардерлеріміз қолдарынан келсе сыртта отырып өз елімізді тұқыртып-мұқатуға бейім тұратын сәттері жоқ емес-ау.

Осы орайда біз Өзбекстанның байлары жайлы танымдық сипаттағы азды-көпті мәлімет бере кетсек дейміз. Әлемдегі ең бай 10 өзбек мына кісілер: Алишер Усманов. 1953 жылы Наманган облысында дүниеге келген, Ресейдегі USM Holdings компаниясының негізін қалаушы. USM – металлургия және тау-кен өндірісі, телекоммуникация және технологиялар салаларындағы активтерді басқаратын Ресей холдингі. 2012-2015 жылдар аралығында қатарынан рейтинг бойынша 20 миллиард долларлық дәулетімен Ресейдің ең бай адамы атанған. Искандер Махмудов – Ресей бизнесмені, Тау-кен компаниясының негізін қалаушы әрі президенті, миллиардер. 1963 жылы Бұхара облысында туған. Фаттах (Патох) Шодиев – Қазақстан миллиардері, Өзбекстанның Жызақ облысында 1953 жылы туған. Алижан Ибрагимов– Қазақстан бизнесмені, 1953 жылы Ферғана облысында туған. Миллиардер. Ташкентте тұратын атышулы байбатша Салим Абдувалиев – өте ықпалды бизнесмен, АҚШ-тың көзімен Өзбекстандағы криминалдық авторитеттердің лидері деп қарастырылады. 1950 жылы Ферғана облысында туған. Гафур-Арсланбек Рахимов –1951 жылы Ташкентте туған. Өзбекстан бизнесмені, шығыс еуропалық халықаралық «Brothers’ Circle» (Бразерс Цөркл — оқылуы)  тобының басшыларының бірі. Бизнесі Ресеймен және Еуропа елдерімен байланысты. АҚШ-тың көзімен ТМД елдерінің қылмыс әлемінің өкілдері топтасқан «Братский круг» қылмыстық тобының жетекшілерінің бірі ретінде қарастырылады. Қадыржан Батыров – Қырғызстанның ұлты өзбек бизнесмені, Қырғызстан Жогорку Кенешінің экс-депутаты, 1956 жылы туған. Байлығы 400 миллион доллар. Жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты үстінен қылмыстық іс қозғалғаннан кейін, Швециядан саяси баспана сұраған. Швецияда тұрады.

Ең бай 10 өзбек байларының қатарына экс-президент Ислам Каримовтың бұрынғы күйеу баласы, 1966 жылы Ауғанстанда туған, осы күні Нью-Йоркта тұратын Мансур Максуди, Өзбекстанның тұтқынға алынған бизнесмені, меншігінде филиалдар жүйесі бар банк, ресторандары мен «Өзбекстан» қонақүйі, «Пахтакор» футбол клубы болған, «Заңдағы ұры» атанған Батыр Рахимов, Өзбекстан бизнесмені Ахмадбой Чиназский бар.

Бұл аталғандар Өзбекстанның бетке ұстар тек 10 өзбек бизнесмені. Олардан бөлек байлар қаншама. Тіпті Америкада супермаркеттер, ресторандар жүйесін жүргізіп отырған өзбектер де аз емес. Солардың көпшілігі Атамекенінен ештеңені аямайды. Ал Өзбекстанның өзіндегі долларлық миллионерлердің ішінде жетеуінің жасы 25 пен 30 аралығында екен. Тағы біреуінің жасы 35-те. Олардың активтерінде миллиондаған доллар қаржыдан бар.

Қазақтың байлары елге көмектеспей жүр демейміз. Көмектесіп жатқандары да бар. Дегенмен өзбек байларының өз еліне деген мырзалығы біздің бай-бағландарымызға да үлгі һәм жұғысты болғай.

Дереккөз: inbusiness.kz