Ағартушының дара жолы

0

«Жақсы келді дегенше, жарық келді десеңші, жақсылықтың уытын, алып келді десеңші» деп шат болған жақсылардың бірі – 83 жылдық ғұмырын оқу-ағарту саласына арнаған Жұмагелді Егембердиев болатын. Ол сан қабат тарих жастанып жатқан Отырар ауданының Ақкөл ауылында (бұрынғы Түркістан ауданы) 1922 жылы 21 маусымда кедей шаруаның отбасында дүниеге келді. 7-8 жасында мешіттегі бас­тауыш мектепте,  14-15 жасында 9-клас­ты Ащысайдағы Горький атындағы мектепте оқып, 17 жасында Түркістан қаласындағы Ленин атындағы орта мектепте оқиды. Ал Алматы қаласындағы Қазақтың педаго­гика­лық институтының математика факул­ьтетінде Сталин атындағы стипен­дияны иеленеді. 1941 жылы соғыс бас­талғанда денсаулығына байланысты әскер қатарына алынбаған Жұмагелдінің ата-анасы Ташкент облысының Калинин ауданында тұратын болғандықтан, 1941 жылы ІІІ курста мектепке мұғалім етіп пайдалану үшін Өзбекстан оқу министрлігінің қарамағына жіберілді. Яғни, оны осындағы Фрунзе атындағы орта мектепке мұғалім әрі директорлыққа тағайындайды. Мектепке басшылық ете жүріп, шопандардың балалары үшін мектеп жанынан 50 орындық интернат ашты. 1942 жылы жас педагог­ке әскер қатарына алынбайтын бронь бері­леді. Осыған байланысты осы жыл­дың қыркүйек айында еңбек армия­сына жіберіліп, Свердлов (қазіргі Екате­рин­бург) облысындағы Красногор қаласы маңындағы Красногор электростансасында ФЗО мектебінің директоры болып еңбек етеді. Мектепте оқып жатқан 30 жасқа дейінгі қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен қыз-келіншектерінің киім-кешегі мен тамағын дұрыстау үшін Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан республикаларымен байланыста болды. Осыдан кейін жергілікті қыз-келіншектер ФЗО мектебіне қөптеп қабылдана бас­тады. 1943 жылы ақпан айында еңбек армия­сындағы мұғалімдерді елдеріне қайтару туралы Үкімет қаулысына сәйкес желтоқсан айында елге қайтып келіп, 1944 жылы қаңтар айынан 1946 жылы қазан айы­на дейін Оңтүстік Қазақстан облысының Киров аудандық оқу бөлімінің мектеп инс­пекторы болып жұмыс істейді. Бұл ауданда малшаруашылығында жұмыс істейтіндерге көшпелі бастауыш мектеп ашып, 7-8 клас­ты бітіргендермен курс өткізумен бірге, оларды мұғалімдік жұмысқа жіберуге мұрындық болады. Сол кезде Түркістан қаласындағы педагогикалық училищеде, сосын Шымкент қаласындағы екі жылдық оқытушы институтында сырттай оқып бітіргендерді аудан мектептеріне жіберіп, білім ұяларын мұғалімдермен қамтамасыз ете бастайды. 1946 жылы қараша айынан 1951 жылдың желтоқсан айына дейін облыстық партия комитетінің жолдамасымен Шәуілдір (қазіргі Отырар) ауданында аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етеді. Ж.Егембердиев бұл ауданда да мұғалім кадрларын дайындау ісімен айналысты. 1948-1950 жылдары мектептерді жаңа оқу жылына дайындау, материалдық базасын нығайту жөнінен республика бойынша аталған аудан үнемі бірінші орын алып отырды. 1952-1956 жылдары облыстық партия комитетінің жолдамасымен облыстық оқу бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып орналасады. Осы жылдары Шымкент қаласында мектептен тыс мекемелер ашуға үлкен үлес қосқан. Бұл уақытта облыста бірде-бір мектептен тыс мекеме болмаған. 1952-1955 жылдары облыстық оқушылар сарайын, облыстық туристік, техникалық стансалар мен музыка және спорт мектептерін ашуға белсене қатысып, облыстық әдістемелік кабинетті облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтына айналдыруға көп еңбек сіңіреді. Министрлер кабинеті­нің қаулысына сәйкес, 1956 жылы тамыз айын­да көшпелі мектептерді тұрақты мектепке айналдырудағы нәтижелі жұмы­сы үшін «Қазақ КСР Оқу министрлігінің озық қызметкері» белгісімен марапат­тал­ды. 1955 жылы қаңтар айында Қазақстан Орта­лық партия комитетінің «Қазақ мек­тептерінің оқу-тәрбие жұмысын жақ­сар­­тып, материалдық базасын нығайту, тәжірибелі мұғалімдермен қамтамасыз ету туралы» қаулысына сәйкес, 1956 жылдың қыркүйек айында өзі сұранып Шаян (қазіргі Бәйдібек) ауданының Сталин атындағы орта мектебіне директор болып барады. 1957 жылы 360 орындық мектеп құрылысын салуға рұқсат алып, сол жылы шілде айында оны мерзімінен бұрын аяқтауға атсалысады. Ұзамай аудандық партия комитеті оны аудан орталығындағы Шаян қазақ орта (қазіргі М.Әуезов атындағы) мектебіне директор етіп тағайындайды. Келісімен мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, спорт залы, екі ұстахана (ағаш пен темір), электростанса орналасқан бөлме, интернатқа жаңа асхана салдырып, Ташкент қаласындағы көрнекті оқу құралдарын сататын дүкеннен 250 мың сомға барлық пәнге қажетті оқу құралдарын, екі ұстаханаға оқу жабдықтарын алып береді. 1958 жылы жоғарғы сыныптарға еңбек сабағының есебінен мектепте ұстаханалар негізінде кіші зауыт ұйымдастырады. Кіші зауытта темір пеш, кеңшар орталықтарында үгіт-насихат щиттері, пештен күл алатын, самаурынға отын салатын т.б. заттар шығарып, машинаның доңғалақтарын жөндеп, есік, терезе құрастыра бастайды. 1960 жылы Оқу министрлігі Шаян қазақ орта мектебінің іс-тәжірибесін республика көлеміне таратып, 5 мұғалім озық қызметкер белгісімен наградталған. Мектеп тәжірибесі кітапша ретінде баспадан шығарылып, республикалық мұғалімдер съезінің көрмесіне қойылды. Осы еңбектері үшін Ж.Егембердиев «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Ал 1961 жылы мау­сым айында «Республика мектебіне еңбегі сіңген мұғалім» құрметті атағы беріледі. Жұмекең басшылық жасаған уақытта Шаян қазақ орта мектебі толық кабинеттік жүйеге өтіп, оқушылардың терең білім алуына негіз қаланады және кейін облыстық оқу бөлімінде басшылық қызмет істеп жүріп те аудан орталығындағы Шаян орта мектебінің орнына 960 орындық жаңа мектеп салуға жәрдем береді. 

1962 жылы Оңтүстік Қазақстан өлкесі құрылған кезде Ж.Егембердиев өлкелік атқару комитетінің бас маманы етіп таға­йындалады. Оның басшылығымен үш кезеңде оқитын мектептерді болдырмау жұмыстары қолға алынады. Нәтижесінде 1962 жылы үш кезеңде оқитын 55 мектептен 1964 жылы небәрі 5 мектеп қалады. Өлкелік атқару комитеті Жұмекенді мақтау грамотасымен, «Оныншы тың жердің егінін жинаған үздік белгісімен» марапаттайды. 1964 жылы өлке тараған соң Шымкент облыстық оқу бөлімі меңгерушісінің орынбасарлығына тағайындалады. Ж.Егембердиев осы қызметте 1964 жылдан 1985 жылғы 1 ақпанға дейін үздіксіз еңбек етіп, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шыққанға дейінгі кезенде мектеп пен мектептен тыс мекемелер жүйесін орнықтыру мәселесін толық шешеді. Атап айтқанда, әр елді мекенде мектеп ашылды, қазақ мектептері ұйымдастырылды, жыл сайын мектептен тыс мекемелер ашылып, жұмыс істеп тұрды. Сонымен бірге әр аудан орталығында музыкалық, спорт мектептерін, фильмотекалар, оқушылар үйі, қалалық жерде техникалық, натуралистік стансалар мен саябақтар ашылды. Осы кезеңде облыс мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелері бойынша облыс 1966-1984 оқу жылдар аралығында республикада 5 рет бірінші орынды иеленді. Облыс мектептерінде алғашқы әскери дайындық пәнін оқытуда басшының тәжірибесі, мектептердегі эстетикалық тәрбие беру жұмысын ұйымдастыру тәжірибесі ел бойынша үлгі ретінде таратылып, осы еңбектері үшін Ж.Егембердиев екінші рет «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбек ардагері» медалімен, «Қазақ КСР-ына 50 жыл» төсбелгісімен, Жоғарғы Кеңестің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. 60 жасқа толуына байланысты Оқу министрі Қ.Балахметов «Жигули» жеңіл көлігін тарту етіп, жарты бағасын сыйлық есебінен төлейді.

Ж.Егембердиев республикалық дәре­жедегі дербес зейнеткерлікке шыққан соң, облыстық мұғалімдер үйінің дирек­торы болып қайта жұмысқа кіріседі. Мұғалім­дер үйінің құлағалы тұрған ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, жан-жаққа кеткен қызметкерлерін қайта шақыртып, мұғалімдермен, оқушылармен мәдени ағарту, кітапхана жұмысын өз дәрежесінде ұйымдастырады.

1986 жылы 13 қаңтарда ұйымдастырыл­ған облыстық қазақ мәдени орталығы­ның төрағалығына сайланған Ж.Егембердиев өмірінің соңына дейін осында қызмет істеді. Облыстық мұғалімдер үйіне орналасқан бұл орталықтың 115 мүшесі болған. Жұмекеңнің бастамасымен ұйымдастырылған облыстық қазақ мәдени орталығы қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін, тарихын, әдебиетін, өңерін жаңарту мен қазақ тілін үйретудің орталығына айналады. 

Білікті ұйымдастырушы, педагог Жұма­гелді Егембердиев 2003 жылы 81 жасында дүниеден озды. Халықтың құрметіне бөленген абзал жанның өнегелі еңбек жолымен танысқанда-ақ өңір жұртының мерейін өсірген, мұғалімдерге, жастарға болашақ үшін бағыт-бағдар берген ақ иық азаматтың ешкімге ұқсамайтын жарқын бейнесі көз алдыңызға келеді. Иә, ұстаздың дара жолы бүгінде даңғылға айналды. 

Шаһаризада ДӘНЕЕВА

Түркістан облысы