АЕ/АР Румыниядағы жұмысын қайта бастады

0

Азат Еуропа/Азаттық Радиосы (АЕ/АР) медиакорпорациясы Румыниядағы аудиторияға хабар таратуды қайта бастады. АЕ/АР Румыниядағы аудиторияға арнап жаңа сайтын ашты. Медиакорпорация Румынияда радио хабарларын таратуды 1950 жылдары бастап, 2004 жылы Эстония, Латвия, Литва, Хорватия және Болгариядағы хабар тарату қызметтерімен бірге жапқан. Ол кезде бұл елдерде демократия қағидалары орнығып, ақпарат тарату мен сөз бостандығы үстемдік құрғандықтан, сырттан хабар таратудың қажеті жоқ деп танылған.

Румынияға арналған сайт жұмысын қайта бастау туралы шешім бір жағынан Румыниядағы тарихи датаның жақын қалуына байланысты да қабылданып отыр. 2019 жылы желтоқсанда Румынияда Николае Чаушескудің диктатурасы құлағанына 30 жыл толады. Румынияда кезінде танымал болған Actualitatea Romaneasca радио бағдарламасы жаңа сайтта мәтін түрінде қайта шыға бастады. Radio Europa Liberă România сайты ашылған күні онда бағдарлама жүргізушісі Константин Мунтяну «Румынияға жақыннан қарар болсақ, бұл ел қол жеткен табыстарға қарамастан, қылмыскерлер, өзін-өзі жариялап алғандар, біліксіз және сауатсыз адамдар басқаратын «демократураға» көбірек ұқсайды. Румынияның Еуропа одағымен қарым-қатынасы жақсы емес. Мемлекет құқықтық жүйені реформалап, сыбайлас жемқорлықты жоюы тиіс» деп жазды.

Медиакорпорация құрылымында румыниялық журналистер молдовалық әріптестерімен бірге жұмыс істейді. Қаңтардың соңында Азат Еуропа/Азаттық Радиосының Болгариядағы аудиторияға арналған жаңа интернет-жобасы ашылады.

Азат Еуропа/Азаттық Радиосы — АҚШ конгрессі бөлетін грант есебінен қаржыландырылатын медиакорпорация. АЕ/АР Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Кавказ, Орталық Азия мен Таяу Шығыстың 20 елінде 25 тілде түрлі платформада (интернет, радио, телеарна және видео) хабар таратады. Америкалық шенеуніктердің корпорацияның редакциялық саясатына араласуына тыйым салынған. АЕ/АР-дің жалпы аудиториясы 27 миллион адам деп саналады.

АЕ/АР билігі сөз бостандығын шектейтін елдердегі аудиторияға хабар тарату арқылы демократиялық құндылықтар мен институттарды қолдау мақсатында жұмыс істейді.

Дереккөз: Азаттық