Абхазия соты наразылықтан соң президент сайлауының нәтижесін жойды

0

Өз-өзін жариялап алған Абхазия республикасының жоғарғы соты оппозиция атынан президент сайлауына түскен Алхас Квицинияның шағымын қанағаттандырып, елде өткен президент сайлауының нәтижесін жойды. Бұл туралы “Эхо Кавказ” сайты хабарлады. Бұл шешім Сухумидегі наразылық тұсында қабылданды.

Оппозиция атынан сайлауға кандидат болған Квициния дауыс беру кезінде қазіргі президент Рауль Хаджимбадан бір жарым пайыз дауыспен жеңілген. Бірақ оппозиция сайлау нәтижесін мойындамаған.

9 қаңтарда Сухуми қаласында наразы жұрт президент әкімшілігінің ғимаратына басып кіріп, Хаджимбаның отставкасын талап еткен. Хаджимба бұл наразылықты “мемлекеттік төңкеріске талпыныс” деп атаған.

Кейін Абхазия парламенті қаулы қабылдап, Хаджимбаны отставкаға кетуге шақырған. Ал сот орталық сайлау комиссиясына сайлау өтетін уақытты тағайындауды тапсырды. Сот шешімі 11 қаңтарда күшіне енді. Хаджимба ресейлік РИА Новости агенттігіне сот шешіміне шағым түсіретінін айтқан.

  • Абхазия – 1993 жылы Грузиямен соғыстан кейін өз-өзін жариялап алған сепаратистік аймақ. Абхазияның бөлінуін Ресей қолдап келген. 2008 жылы бес күнге созылған Ресей-Грузия соғысынан кейін Мәскеу Абхазияның тәуелсіздігін мойындаған. Грузия Абхазия мен Оңтүстік Осетияны Ресей басып алған аймақ деп санайды және Мәскеуді елдің шекарасын бұзды деп айыптайды. Ресей бұл аймаққа жиі көмектесіп тұрады. Бейресми деректерге сай, Мәскеу аймақтағы халықтың 90 пайызына төлқұжат берген.

Azattyq