Абай облысындағы өрттен бәріміз сабақ алуымыз керек — Президент
Абай облысындағы өрттен бәріміз сабақ алуымыз керек. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысында айтты, деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.
«Сөз басында бірден атап өтейін, меніңше, Ұлттық құрылтай бұл – арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Сән-салтанатпен өткізетін той да емес. Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған. Бүгінгі құрылтайдың отырысы еліміздегі қайғылы оқиғадан кейін өтіп жатыр», — деді Мемлекет басшысы.
Президент Абай облысындағы орман өртінен сабақ алу керектігіне тоқталды.
«Абай облысында алапат өрт шығып, азаматтарымыз қаза тапты. Тағы да қайталап айтқым келеді: біз мұндай оқиғадан сабақ алуымыз керек, нақты шешімдер қабылдауымыз қажет. Ел басына түскен қиындықтар, ең алдымен, біздің береке-бірлігімізді сынға салады. Осындай күрделі сәттер, ең бастысы – шынайы жанашырлық және терең жауапкершілік таныту қажет екенін айқын көрсетеді. Мұны өздеріңіз өте жақсы түсініп отырсыздар», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Түркістанда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың екінші отырысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуда.
Құрылтай жұмыс секцияларының отырысы кеше басталып кеткен еді.
Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы былтыр 16 маусымда Ұлытау облысында өткен болатын.
Сол кезде Премзидент келесі басқосуды киелі Түркістанда өткізуді ұсынған.