Қазақстанда «Ел бірлігі» атты жаңа мемлекеттік награда пайда болады

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда Қазақстанда алдағы уақытта жаңа мемлекеттік награда пайда болатынын мәлімдеді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президент қоғамға үлгі болатын жасампаз әрі отаншыл жандарды мемлекет әрдайым қолдауға тиіс екенін айтты.

“Мен өзім бұл мәселеге айрықша мән беремін. Сол себепті, әрбір орден-медальдің терең мағыналы әрі ерекше болуы, жұрт көңілінен шығатындай болуы өте маңызды. Сол үшін мемлекеттік марапаттар жүйесін халықтың жанына жақын әрі түсінікті етіп жасау қажет. Жуырда біз мемлекеттік сыйлықтарға халқымыздың біртуар перзенттерінің есімін бердік. Әл-Фараби, Абай, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы сыйлықтар бар. Мұндай ұстаным ұлы тұлғаларымыздың есімін ел жадында сақтау үшін қажет. Сол арқылы біз олардың озық ойлары мен өнегелі істерін дәріптейміз. Шын мәнінде, ұлттық идеология осындай маңызды шешімдер арқылы қалыптасады”, – деп түсіндірді Тоқаев.

Президень мемлекеттік наградалар жүйесін де осы тәсілмен өзгерту қажет дейді. Көптеген мемлекеттің орден-медальдарына көрнекті тұлғалардың есімі берілген.

“Мұндай қадамдар отаншылдық рухты асқақтату үшін қажет. Сондай-ақ, тарихта өшпес із қалдырған әйгілі адамдардың есімін ұрпақ санасына сіңіру үшін керек. Мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіру кезінде бұл тәжірибені байыппен пайдаланған жөн. Қолданыстағы кейбір ордендерді халқымыздың біртуар перзенттерінің есімімен атау мәселесін ойластыру қажет. Мысалы, Бейбарыс Сұлтан және басқа да тарихи тұлғалар атындағы орденнің иегері атану кім-кімге де зор мәртебе болар еді. Мен бұған дейін «Ел бірлігі» атты жаңа мемлекеттік награда әзірлеп, бекітуді тапсырдым”, – дейді мемлекет басшысы.

Алдағы Республика күнінде бұл марапат алғаш рет тапсырылады. Келесі жылғы Республика күнінде тарихи тұлғалардың атымен аталған ордендерді табысталады екен.