Абаев Азаттық тілшілеріне жасалған кедергілер жайлы: «Заңды түрде шешілуі керек»

0

22 наурыз күні Алматы мен Астанада Азаттық тілшілеріне жасалған кедергілер жайлы сұраққа жауап берген Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «егер ондай әрекет заңсыз болып есептелсе, онда шағым жазу керек» деді.

“[Ол туралы] Естегенім бар. Егер ондай шара қолданылса, заңды түрде шешілуі керек” деген министр заңсыз әрекеттер бойынша шағымданатын арнайы органдар барын айтты.

Ал ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтан оқиға жайлы пікірін сұраған кезде “ондайды естігем жоқ, бәрі дұрыс болды” деп жауап берді.

Наурыздың 22 күні Алматы мен Астанада белгісіз топ тікелей эфирде хабар таратқан Азаттық тілшілерінің жұмысына кедергі келтірді. Олар камераның бетін көлегейлеп, тілшілерді жүрген жерінде тартқылап бөгеуге тырысты. Полицейлер адамдарды ұстаған сәтте олар шулап, ән айтып ұрандады.

Министрлер Азаттық тілшілеріне жасалған кедергілер жайлы (26 наурыз 2019 жыл).

Азаттық дәл осы мәселені AZATTYQLIVE хабарында 26 наурыз Астана уақытымен 15:00-де баспасөз қорғау ұйымының өкілімен талқылайды.

Azattyq