«98 адам ауруханада жатыр»: Кентау кафесіндегі жаппай улану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды

0

Түркістан облысы Кентау қаласындағы кафеден келушілердің жаппай улану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметінің ресми Telegram-арнасында.

Ведомство мәліметінше, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімі Кентау полициясына қаладағы кафелердің бірінен тұрғындар жаппай уланып, ауруханаға түскені туралы хабарлаған.

Аталған жайт бірден Қылмыстық кодекстің 304-бабы 1-бөлігі бойынша («Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу») тіркеліп, қылмыстық іс қозғалған. Ведомство өкілдері қазіргі таңда тәртіп сақшылары дәмхана қызметкерлерінен, куәгерлерден жауап алып, бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатқанын атап өтті.

Дәмханадағы барлық тағам түрлері зерттеуге жіберілген. Одан бөлек тексеріс барысында тамақтану орнындағы қызметкердің бірқатарында медициналық кітапша болмағаны анықталған. Сондай-ақ министрліктің баспасөз қызметі қазіргі уақытта дәмхана тамағынан уланған болуы мүмкін 98 тұрғын Кентау мен Түркістан қаласының ауруханаларында, 70 адам үй жағдайында ем қабылдап жатқанын атап өтті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Кентауда 100-ден аса адам астан уланғанына шағымданып, ауруханаға жүгінген еді. Олар 6-9 қазан аралығында Кентау қаласындағы қоғамдық тамақтандыру орындарының бірінен тапсырыспен суши, пицца, фри және чикен алған.