«7-20-25» ипотекалық тұрғын үй бағдарламасын Қазақстанның Орнықтылық қоры жүзеге асырады — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақстан қор биржасында «Баспана» ипотекалық ұйымының мұрагері болып табылатын Қазақстанның Орнықтылық қорының (ҚОҚ) облигациялары тұңғыш рет сатылымға шықты.

KASE-ге шыққан алғашқы күні ҚОҚ 16,4 миллиард теңге жинай алды. ҚОҚ облигацияларын жеке инвесторлар — брокерлік ұйымдар, екінші деңгейлі банктер және сақтандыру компаниялары иеленген. Аталған қаржы «7-20-25» және «Баспана Хит» ипотекалық бағдарламалары бойынша банктер берген несиелерді сатып алуға жұмсалмақ.

Естеріңізде болса, өткен аптада «Баспана» ипотекалық ұйымы мен Қазақстанның Орнықтылық қоры біріккен болатын. Екі компания да Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің еншілес ұйымдары болып табылады. Осылайша, енді екі ипотекалық бағдарламаны қаржыландыруды ары қарай ҚОҚ жүзеге асыратын болды. Енді ҚОҚ — ипотекалық және Ұлттық банк жүзеге асыратын екінші деңгейлі банктердің қаржылық тұрақтылығын қолдау бойынша барлық мемлекеттік бағдарламалардың операторы ретінде танылады.

Тұрғын үйді қаржыландыру тетігі өзгеріссіз қалмақ. ҚОҚ облигацияларды сату арқылы қор нарығынан ақша тарта отырып, банктердің ипотекалық несиеге шығындаған қаржысын жауып отырады. Бұл өзінің тиімділігін дәлелдеген схема. Артықшылығы мемлекеттік бюджеттен қаржы шығындамай, нарықтық қаржыландыруды қолданатындығында.

ҚОҚ жоспарланған көрсеткіштер аясында ипотекалық бағдарламаларды қаржыландыруды жалғастыра береді. Мәселен, «7-20-25» бағдарламасы бойынша 1 трлн теңге ипотекалық несие беру жоспарланған. Қазір оның 150 млрдтан астам теңгесі игерілді. «Баспана Хит» бағдарламасы аясында 300 млрд теңгеге несие берілуі тиіс. Банктер оның 160 млрд теңгесін халыққа беріп үлгерді. Аталған схема бойынша бүгінгі таңда тұрғын үй бағдарламаларын жүзеге асыру үшін қор биржасынан 341,4 миллиард теңге тартылған. Соның арқасында, 33 мыңнан астам қазақстандық отбасы осы екі ипотекалық бағдарламамен баспаналы болды.

2019 жылдан бастап «7-20-25» бағдарламасының талаптарына сәйкес келетін тұрғын үйге сұраныстың тұрақты өсуі байқалды. Осыған байланысты құрылыс секторы біртіндеп қайта жаңғырып келеді. Алдағы уақытта «7-20-25» талаптарына сай келетін бастапқы тұрғын үй саны артады деп күтілуде. Бұған тұрғын үй құрылысына мемлекеттік қолдаудың өсуі ықпал етпек. Жаңартылған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2020 жылы тұрғын үй құрылысына 961 млрд теңге бағытталды. Ал 2025 жылға қарай барлық қаржыландыру көздері бойынша пайдалануға берілетін тұрғын үйдің жылдық көлемі 20,7 млн шаршы метрді құрайды деген жоспар бар.
 

stan.kz