«6 шақырым жаяу жүріп баратынмын»: Дариға Бадықова қиын өткен балалық шағын айтып берді

0
Дариға Бадықова бес жасынан өнерге жақын болғанын айтады. Актриса бала күнінен ақша тауып, өнерді сүйіп өскен. Сол мінезі кейін үлкен өнерге жетелеп, өзіне сенімділік берген. 

“Қазір ойланып отырып, балалық шағым есіме түсті. Сіздерге стимул болсын деп пост жазайын дедім. Ерінбей оқып шықсаңыз, молодецсіз. Мен өнер жолына келемін деп тыраштанып жүргенде қиын болды ғой. Тамақ жоқ, ақша жоқ, жағдай қиын. Ойласам, өнерге бес жасымда келіппін. Сахнаға киіп шығатын не бір әдемі туфлиім, не көйлегім жоқ. Барымен базар болып, тапқандарымды киіп шығам. Өнерге берілгенім сонша, ауылдан аудан орталығына дейін, мәдениет үйіне 6 шақырым жаяу жүріп барамын. Нағашы атам малшы болды. Атарбасы бар. Кейде жолым болғанда сол атарбамен барамын. Мәдениет үйінің дәл алдына келіп, артынып-тартынып атарбадан түсіп жатам. Еее, заман-ай! Сонша жол жаяу жүргесін етік деген шақ келе ме?! Әпкелерімнен қалған-құтқан етіктерді киіп өстім. Әйтеуір бір күні Алла қолдап көзге түсіп, ауданға көштік қой”, – деп жазды Бадықова.

Актриса бала күнінде ешбір қиындыққа қарамай, жаяулап, кейде атарбамен жүрген күндерін еске алды. Мәдениет үйінде жұмыс істеп, ақша тауып, сахнаға шығып өнерге көрсеткенін де айтты.

“Айтайын дегенім, мен кішкентайымда ауылда қатысатын бір де бір үйірме болған жоқ. Сенесіз бе, бір де бір кружок жоқ! Мектепте бір үйірме басталады да тасталады. Біресе ағайымыз ішіп кетеді, біресе мұғалім айлығы аз деп басқа жаққа кетіп қалады. Екі ортада біз қиналып қалдық. Әйтеуір мектепте өзімнің құдай берген өнеріммен көзге түсіп жүрдім”, – деді ол.

Жастайынан жеңімпаз болып, жүлде алып еті үйренген ол баланы өнерге жастайынан баулу керек дейді. Бұл баланың өзіне сенімділігін арттырып, үлкен өмірге үйретеді.

“Менің өнер адамы болуыма ауылдағы мәдениет үйінің үлкен септігі тиді. Кішкентайымнан мәдениет үйінде жұмыс жасап, ақша таптым. Мен үлкен ошақта тәрбиелендім. Үлкен кісілермен гәстрөлге шықтым. Қаланы, аудан орталықтарын, ауыл аймақтарды аралап, концерт жасадық. Соның бәрін санама түйдім. Жыл сайын Тараз қаласына «Тараз жұлдыздары» деген конкурска баратынмын, міндетті түрде жүлделі болып қайтатынмын. Кілем, магнитофон, жылқы, сиыр, қойға дейін сыйлықтар алдым.

Өз ойым ғой, баланы өнерге баулу керек сияқты. Өнер деген өмірге дайындайды, өз өміріне жауап бере алатын адам болады, ерте есейеді, тәртібі мықты болады, сөзге шешен келеді”, – деп жазды актриса.

“Дариға, сені талай рет жетектеп, ауданда өтетін іс-шараларға апарғаным, жеңіспен оралғанымыз есіңде ме? “Әсем әнім сырнайды-ай” әнін керемет орындайтынсың”, – деп жазды Тоқсанова Забира есімді ұстазы.

“Қалайсыз, ең әуелі, жеңешем?! Бәрі есімде, балалық шағамның куәсі өзіңіз ғой”, – деп жазды актриса.