50 мың теңге жәрдемақы алып беремін деген: Түркістанда алаяқ қыз 400 адамның атына онлайн несие рәсімдеген

0

Түркістан облысы Сайрам ауданының 26 жастағы тұрғыны көпбалалы аналардың атынан онлай несие рәсімдеп, қарызға белшесінен батырған. Алаяқтың арбауына ілініп қалғандардың саны 400-ге жуық. Күдікті әрқайсысының атынан кем дегенде банктен 800 мың теңгеден бастап, 6 милллион теңгеге дейін кредит алыпты. Алаяққа алданғандардың арасында оның туыстары да бар екен. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына хабарлайды.

26 жастағы бойжеткен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасынан көп балалы аналарға әр балаңа елу мың теңгеден жәрдемақы шығарып беремін деп уәде берген. Сөйтіп, 400-ге жуық тұрғынның құжаттарын жинап алып, кейін екінші деңгейлі банктен онлайн несие рәсімдепті. Оның арбауына түскендердің көбі мұғалімдер.

«Мен ол қызды жас кезімнен танығаным үшін, анасы мұғалім болғаны үшін сеніп қалдым. Біздің араларымызда дәрігерлер де бар. Өйткені оның туған ағасы Элдар Азатбеков екі жерде дәрігер болып жұмыс істейді. Менің атыма банктан карта ашылған. Картама 3 млн 475 мың теңге түскен. 5-10 минут аралығында жеңгесі Гүлхая Азатбековаға 3 млн 200 мың аударып отырған. Бәріміз де осындай жағдай», – деді Сайрам ауданының тұрғыны Феруза Парпиева.

Жүздеген адамды сан соқтырып кеткен алаяқ өз туысқандарын да алдап кеткен. Олардың атынан да несие рәсімдеп алған. Кейбір алданған тұрғындардың аты-жөні, мекенжайы және телефон нөмерлері мүлдем сәйкес келмейді екен. Банк филиаланың басшылығы бұл жағдайға қатысты қандай да бір пікір беруден бас тартты.

Қарызға батып, ашуға булыққандар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасынан телефондарына арнайы код келгеннен кейін сеніміміз одан әрі арта түсті дейді. Алайда палата өкілдері өздерінің тарапынан ешқандай смс-хабарлама жіберілмегенін айтып ақталды. Десе де бұл құйтырқылыққа қызметкерлерінің қатысы бар болса, жазасыз қалмайды деп сендірді.

«Атамекен кәсіпкерлер палатасынан ешқашан пин-код немесе бұндай смс-сообщениелер азаматтарға жолданбайды. Дәл қазіргі таңда, бұл бойынша анықтау жұмыстарын бізде жүргізіп бастап жатырмыз. Осыны зерделеп, тиісті адамдарды анықтап жазасын тарту үшін», – деді Сайрам аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының филиал директоры Бауыржан Сыздықов.

Бірақ жиналғандар бұған сенбейді. Олар базарда ет сатқан алаяқ бойжеткен мұны бір өзі істеуі мүмкін емес деп отыр, оның сыбайластарының барына сенімді. Қазір күдікті ұсталып, екі айға қамалған.

«ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі бойынша ол алаяқтық ірі мөлшерде сотқа дейінг ітергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жәбірленуішлердің саны полиция басқармасына арыз жазған 147 құрайды. Тергеушілердің айтуына қарағанда бұл азаматтардың саны да өсуі мүмкін», – дейді Түркістан облыстық ПД-нің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.

Қалай болған да алаяқтың арбауына түсіп қалғандар банктен өздері рәсімдемеген несиелерінің жабылуына талап етіп отыр. Әйтпесе, құзырлы органдарға шағым түсіреміз дейді. Ал несиенің үстемақысы болса күн санап өсіп барады. Соның салдарынан барлық есеп-шоттары бұғаттауға түсіп, несие тарихтары бүлініп жатыр екен.