3 миллион теңге қарызы бар: 27 жастағы қазақстандық жүрегін сатуға жарнамаға қойған

0
1776

27 жастағы ер адам қарызынан құтылу үшін ең маңызды дене мүшесін саудаға шығарған. Оны ғаламторда жарнамаға берген. Жүрегін жарнамалайтындар өте сирек кездеседі.  Бірақ бүйрегін, басқа да ағзасын сатуға ниеттілер көп. Өйткені елімізде донор жетіспейді. Бір ғана Нұр-Сұлтан қаласындағы кардиохирургия орталығында 100-ден астам адам кезекте тұр, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Жауқазынның өмірі 5 жылдан бері жасанды жүрекке тәуелді. Ол темір жүрегін иығындағы қара сөмкесіне салып 24 сағат бойы қызғыштай қорып жүреді. Өйткені қуаты бітсе, не су тисе, тіпті бір жері бүлініп қалса, аппарат қызметін кілт тоқтатуы мүмкін.

“5 жыл болды осы аппаратпен жүргеніме, аппараттың салмағы 3 кг. Әрдайым менімен бірге, өйткені мына кабель арқылы жүрегімде орналасқан”, – дейді Жауқазын Зейнуллаева.

Жауқазын сияқты жүрегін алмастырғысы келетіндер, ел бойынша 3 мыңнан асады екен. Бірақ донор тапшы. Ғаламтордағы қара нарықта бүйрек сататындардан көз сүрінеді. Тіпті жүрегін саудаға қойған адамды да таптық. Айтуынша 3 жарым миллион теңге қарызын жабу үшін, осындай қадамға баруға мәжбүр болған. Бірақ бұл әрекетінен жақындары бейхабар екенін айтады.

“27 демін, әңгіме қателікте емес, тек менің зияным басқаларға тиіп жатыр да, менің әжеме, мамама, інім бар, қарындасым бар. Өтірік сөйлемей-ақ қояйын, қарызым болған соң істеп отырмын,  үлкен қарызым бар. Мен егер оны төлемесем сотталуым мүмкін, сотталғаннан гөрі сатқаным жақсы”, – дейді донор.

Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының өкілдері тірі адамнан жүрек алуға заң бойынша тыйым салынғанын айтты. Тіпті мәйіттің өзінен алу үшін туыстарының рұқсаты маңызды деді. Дегенмен, донор мәселесінің әлі күнге шешілмей келе жатқанына мамандар да алаңдаулы.

“Қазақстанда донорлықты көтеруіміз керек. Мұқтаж адамдарға көмек беруіміз керек. Қазір бізде медицина өте жақсы дамыған. Бізде барлық жағдай жасалған. Егер донор болса біз неше түрлі санаттағы күрделі оталарды жасауға дайынбыз”, – дейді Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының кардиолог маманы Гүлжан Мырзахметова.

Айта кетейік, осы күнге дейін 81 мәйіттік донордың ағзасын салу отасы жасалған. Мұндай донорлыққа 2009 жылы заң жүзінде рұқсат етілді.