29 мамырда кандидаттар арасында теледебат өтеді. Кімнің қатысатынын әлі белгісіз

0
105

29 мамыр күні 18.00-де мемлекеттік «Хабар» арнасында Қазақстан президенттігіне кандидаттар арасында тікелей эфирде теледебат өтеді. Бұл туралы Азаттыққа «Хабар» телеарнасының басқарма төрағасының орынбасары Ринат Кертаев айтты.

Кертаевтың сөзінше, дебатқа қанша кандидаттың қатысатыны әзірге белгісіз. «Кандидаттар штабынан ақпарат келгенін күтіп отырмыз» деді ол.

Теледебат туралы «Хабар» арнасы өзінің сайтына да ақпарат жариялады. Ресми дерек бойынша, теледебат үш раундқа бөлінген. Бірінші раундтың тақырыбы – «Қазақстанның экономикалық дамуының басымдықтары». Әуелі әрбір қатысушы өзінің сайлау алдындағы бағдарламасын таныстырып, сөз сөйлейді. Сосын қатысушылар өздерінің оппоненттеріне сұрақ-жауап түріндегі пікірсайыс сессиясы қарастырылған. Қатысушылар екі сұрақтан қойып, екі сұраққа жауап бере алады.

Екінші раундтың тақырыбы – «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы». Екінші раундтың бірінші кезеңінде қатысушылар берілген тақырып бойынша сөз сөйлейді. Екінші турда жүргізушілер барлық қатысушыға бір сұрақ қояды.

Үшінші раундтың тақырыбы – «Сайлаушыларға сөз арнау». Соңғы раундта қатысушылар сайлаушыларға қарата сөз сөйлейді.

«Хабардың» ақпаратына қарағанда, теледебат астанадағы «Қазмедиа орталығы» медиакешенінде ұйымдастырылады. Дебатты мемлекеттік арналарда істейтін Ерлан Игісінов пен Қымбат Досжан жүргізеді.

Телеарна дебаттың қанша уақытқа созылатынын көрсетпеген.

Оқи отырыңыз: Жетеудің үшеуі дебатқа дайын. Қалғаны үнсіз

Теледебат өтетінін бұған дейін орталық сайлау комиссиясы хабарлаған. Комиссия үш кезеңнен тұратын теледебатқа бюджеттен 41 миллион теңге бөлінетінін айтқан. Теледебат 80 минутқа созылады.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Бұл жолғы сайлау елді отыз жылға жуық басқарып, биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткелі отыр. Өткен аптада орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген:

  • Сәді-Бек Түгел – «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы;
  • қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев – «Нұр Отан» партиясы;
  • Амангелді Таспихов – Қазақстан кәсіподақтар федерациясы;
  • Дания Еспаева – «Ақ жол» партиясы,
  • Төлеутай Рахымбеков – «Ауыл» партиясы;
  • Жамбыл Ахметбеков – «Қазақстан комунистік халық партиясы»;
  • Әміржан Қосанов – «Ұлт тағдыры» қозғалысы.

Мамырдың 11-і күні басталған елде сайлау алдындағы үгіт-насихат кезеңі басталды. Ол маусымның 8-іне дейін созылмақ.

Azattyq