28 жастағы «делдал» алматылықтарды 300 миллион теңгеге алдады
28 жастағы алматылық тұрғындарды 300 миллион теңгеге алдап кетті, деп хабарлады Polisia.kz.
Шілденің өзінде полицияға 20-дан астам адам алаяқтық туралы арызбен жүгінген.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, П.есімді ер адам кепілге қойылған автокөлік иелеріне көлігіңді қымбат бағамен сатып беремін деп уәде еткен. Жәбірленушілердің сеніміне кіріп, олардың көліктерін алып, оны дереу үшінші тұлғаларға арзан бағамен қайта сатқан. Ал түскен қаражатты өз қалауынша пайдаланыпты.
«Жедел іздестіру іс-шаралары барысында 28 жастағы азамат ұсталды. Қазір алаяқтықтың 20 фактісі дәлелденді. Келтірілген шығын – 300 миллион теңгеден астам. 190-баптың 3-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалды», — дейді Алатау аудандық полиция басқармасы полиция бөлімінің бастығы Құмарбек Кеншінбаев
Ұсталған адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Үш көлік заттай дәлел ретінде заңды иелеріне қайтарылды. Тағы бірнеше көлік тәркіленіп, заттай айғақ ретінде айып тұрағына қойылды.
Алаяқтың қылмыстық әрекетінен зардап шеккен азаматтар Алатау ауданының полиция бөліміне мына телефондар арқылы хабарласа алады: 393-40-73, 393-40-69 немесе 102.