28 наурыздан бастап балалар автобуста тегін жүреді
Нұр-Сұлтанда балалар жол жүру ақысын төлеуден босатылады. Алайда кәмелеттік жасқа толмаған балалар міндетті түрде жеңілдік картасын алуы тиіс
НҰР-СҰЛТАН, 27 ақпан – Sputnik. «City Transportation Systems» компаниясының (бұрынғы «Astana LRT» ЖШС) басшысы Бекмырза Егенбердинов жаңа тарифтік саясат туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Өзіңдеріз жақсы білесіздер, қазіргі кезде 7-15 жастағы балалар жол жүру ақысының жартысын төлейді. Ал 15 жастан кейінгілер толық төлем жасайды. Бұған дейін балаларға жеңілдік жасау мәселесі талай рет көтерілді. Сондықтан біз 28 наурыздан бастап кәмелеттік жасқа толмаған балаларға қоғамдық көлікте тегін жүруге мүмкіндік беруді жөн көрдік», — деді Егенбердинов қоғамдық көлікті дамытуға арналған конференцияда.
Оның айтуынша, кәмелеттік жасқа толмаған балалар міндетті түрде жеңілдік картасын алуы тиіс. Оның бағасы – 500 теңге. Сосын валидация жасап отыру қажет. Себебі компания жолаушылар тасымалын бақылап отырады.
Оқи отырыңз: Astana LRT-ның атауы өзгерді
Айта кетейік, бүгіннен бастап «Astana LRT» компаниясының атауы «City Transportation Systems» болып өзгерді.
Осылайша, бүгіннен бастап «Astana LRT» ЖШС «CTS» (City Transportation Systems) компаниясы деп аталатын болды.
Журналистерге сұхбат берген компания басшысы атауды өзгерту бастамасы бұған дейін болған жемқорлық фактілеріне қатысты емес деп мәлімдеді. Егенбердинов ребрендингке кететін ақшаның сомасын атаған жоқ. Бірақ логотипті әзірлеуге 100 мың теңгенің жұмсалғанын жеткізді.
«18 жасқа дейін тегін жүру жеңілдігі қала маңайында тұратын балаларға да қатысты. Сосын бұған дейін жеңілдік алып жүрген азаматтар, олардың ішінде ардагерлер, мүгедектер, көпбалалы аналар, жалпы алты топ қала маңындағы маршруттарда ақша төлейтін. Енді 28 наурыздан бастап олардың барлығы тегін жүре алады», — деп атап көрсетті Егенбердинов.
sputniknews.kz