26 мың медицина маманын қанат қақтырған қара шаңырақ
7 ректор мен 284 бас дәрігерді түлеткен мекеме
Шаһардағы Абай атындағы театрда шымылдығын түрген халықаралық конференцияның ашылу салтанатында Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Болат Төкежанов сөз алып, университет ұжымын мерейлі мерейтойымен құттықтады.
«Семей медицина университеті еліміздің барлық өңірінде, таяу және алыс шетелдерде сұранысқа ие білікті мамандар дайындайды. 65 жылда оқу орны елімізде және шетелдерде табысты жұмыс істеп жүрген 26 мыңнан астам маманды түлетті. Олардың ішінде жоғары оқу орнының 7 ректоры, 26 денсаулық сақтау басқармасының басшысы, 85 Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкері, 284 бас дәрігер, 383 доцент пен профессор бар. Осы жылдар ішінде оқу орны 249 ғылым кандидатын, 65 ғылым докторын, 69 PhD докторы мен 213 магистрді қанат қақтырды. Университет түлектері Жапонияда, Америкада, Үндістанда, Палестинада, Суданда, Мароккода, Иорданияда, Израильде, Сирияда, Ресейде, өзге де мемлекеттерде үлкен сұранысқа ие. Қазіргі таңда университет қарқынды дамып, материалдық-техникалық базасы нығайтылуда, жаңа технологиялар енгізілуде. Шетелдік оқу орындарымен әріптестік ынтымақтастықтың көкжиегі кеңейіп келеді», деді министрліктің жауапты хатшысы.
Құттықтаудан кейін Болат Тұрғанұлы университеттің бірнеше қызметкері мен ардагеріне «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерін, «Еңбек ардагері» медалін және Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарды салтанатты түрде табыс етті.
Салтанатты жиынға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова аймақ басшысы Даниал Ахметовтің құттықтау хатын оқып беріп, Семей медицина университетінің өңірдің денсаулық сақтау саласындағы алатын орнының зор екендігін атап өтті.
«Облыс басшылығы денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөледі. Өңір медицинасына жаңа технологиялар келіп жатыр. Жаңа технологиялар білікті мамандарды қажет етеді. Бұл ретте біз Семей медицина университетінің түлектеріне үлкен сенім артамыз. Мен университет түлектері елімізде, шетелдерде ғана емес, өзіміздің облыста да айрықша сұранысқа ие екендігін айтқым келеді», деді ол.
Конференция барысында университет ұжымын оқу орнының серіктестері – АҚШ-тағы Сент-Луис университеті ортопедиялық хирургия департаментінің директоры Жолдас Құлжанов, Түркия Республикасының Башкент университеті медицина факультетінің деканы Халдун Ибрахим, Астанадағы онкология диспансерінің бас дәрігері Мұхтар Төлеутаев пен Семей қаласы әкімінің орынбасары Надежда Шарова құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді.
Мұхиттың арғы жағынан арнайы ат арытып келген Жолдас Құлжанов университет ректоры Ерсін Жүнісовке оқу орнының ғаламшардағы жұлдыздардың біріне ие болғандығын айғақтайтын сертификатты тапсырды. Сонымен қатар өз кезегінде білім ордасының басшысы Е.Жүнісов Жолдас Құлжановқа Жапонияның Нагасаки университеті департаментінің басшысы, профессор Масахиро Накашима мен Назарбаев Университеттің Өмір туралы ғылымдар орталығының ғылыми қызметкері Айнұр Ақылжановаға университеттің Құрметті профессоры атағын табыс етті.
Әуелде 300 студент болған, бүгінде 5 мыңнан асады
Медицина мамандарының ұстаханасына айналған қара шаңырақтың мерейтойында осы оқу орнының іргетасын қаласқан университеттің тұңғыш түлектері де мінберге көтеріліп, өткен күндерге көз жүгіртіп, тебірене естелік айтты.
«1953 жылы, яғни университет студенттерді қабылдаған жылы 300 студент ең алғаш рет лекция тыңдадық. Аудиторияның залдарын өз қолымызбен жуып, сабаққа дайындадық. Алғаш рет ашылғандықтан болар, 300 студенттің деңгейі әртүрлі болды. 17 жастан 35 жасқа дейінгі студенттердің арасында қазақтар да, орыстар да, немістер де, чешендер де, ингуштар да, қарашайлар да, гректер де болды. Белоруссия, Украина, Қиыр Шығыс пен Өзбекстаннан да келіп оқыды. Бізге бақытымызға қарай, басқа елден көзқарасы үшін жер аударылып келген мықты профессорлар сабақ берді. Ең қызығы, біз қазіргі университеттің бас ғимаратының іргетасын қалауға атсалыстық. Музыкамен, прожектор жарығымен күндіз де, түнде де жұмыс істедік. Сонда да таңертең сабақтан қалмайтынбыз. Осы жылдар аралығында университетімізді 10 ректор басқарыпты. Солардың ішінде Василий Бобов есімін ілтипатпен еске аламыз. Ол кісі оқу орнын салу мәселесі мемлекеттік деңгейде қаралған кезде университеттің Өскеменде емес, Семейде ашылуына ықпал етіп, осы ұстанымын соңына дейін қорғаған. Он ректордың соңғы үшеуі – біздің түлектер. Төлеген Райысов ең қиын, ауыр жылдары университетті сақтап қалды. Ең үлкен еңбегі – осы. Төлеубай Рахыпбеков оқу орнын биік белестерге шығарды. Университеттің өз марапаты – «Алтын скальпель» сыйлығын тағайындады. «Ақылман» кеңесі құрылды. Үшінші басшымыз Ерсін Тұрсынханұлының алғашқы қадамдары қуантады. Шетелдік оқу орындарымен байланысты нығайтып, басқарудың жаңа моделін қалыптастыруға күш салып жатыр. Үлкен сенім артамыз», деді оқу орнының ең алғашқы түлегі, университеттің ревматология және жұқпалы емес аурулар кафедрасының профессоры Райфа Иванова.
Халықаралық конференцияның алғашқы күнін университет ректоры Ерсін Жүнісов өзі қорытындылап, 65 жылдық тағылымды тарихы бар қасиетті шаңырақтың өткені мен бүгіні, келешегі турасында баяндама жасады. Қазір университетте бакалавриат, резидентура, магистратура және докторантураның 34 бағдарламасы бойынша 5209 жас білім алып жатқанын, олардың арасында Үндістан, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай, Ресей, Чехия мен Моңғолия елдерінің өкілдері (20%) бар екенін, білім ордасында 1494 адам жұмыс істейтінін, оның 60 пайызын профессорлық-оқытушылар құрамы құрайтындығын тілге тиек етті.
Мерейтойлық шаралар аясында Семей медицина университетінің қызметкерлері мен білім алушыларына қызмет көрсету орталығы ашылды. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру тұжырымдамасы мен сыбайлас жемқорлықпен күрес және университетті дамыту стратегиясы шеңберінде жұмысын бастаған орталықтың ашылуына Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Б.Төкежанов пен Ресей жаратылыстану академиясының академигі, оқу орнының ардагері С.Тапбергенов қатысып, лентасын қиды.
Мемлекеттік «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде ашылып, «бір терезе» қағидасымен жұмыс істейтін орталық студенттердің академиялық мәселелері бойынша сапалы қызмет көрсетуге, әскери және миграциялық есепке алуды жеңілдетуге арналған. Орталық университет әкімшілігі мен студенттердің, оқу орны қызметкерлерінің жаңа форматта байланыс жасауына, жедел әрі сапалы қызмет алуына мүмкіндік береді.
Конференцияның екінші күнінде әр жерде өткен секциялық отырыстарда алыс және жақыннан келген қонақтардың және отандық медицина өкілдерінің жасаған баяндамаларының («Шұғыл медицина дамуының заманауи бағыттары», «Клиникалық медицинаның өзекті мәселелері», «Ядролық медицина және онкология», «Хирургияның және травмотологияның өзекті мәселелері», «Кардиологияның заманауи мәселелері», «Қоғамдық денсаулық сақтау. Гигиена. Экология», «Дербестендірілген және зертханалық медицинаның заманауи трендтері», «Медициналық білім берудегі инновациялық технологиялар») 9-ы іріктеліп алынып, жиналғандардың назарына ұсынылды.
Атап айтар болсақ, Халдун Ибрахимнің (Башкент университеті, Түркия), Дариға Мусинаның (Семей медицина университеті), Аян Әбдірахмановтың (Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы), Лука Брузатидің (Италия), Йошихиро Носоның (Шимане университеті, Жапония), Ұлықбек Қайыровтың (Назарбаев Университет), Куно Леманның (Швейцария), Айман Керімқұлованың (Астана медицина университеті), Айнұр Ақылжанованың (Назарбаев Университет) баяндамаларын конференцияға қатысушылар қызыға тыңдады.
Мерейтойлық шараларға әлемнің білгір ғалымдары мен профессорлары, жоғары оқу орындарының ректорлары, дүние жүзінің медицина саласының қайраткерлері, денсаулық сақтау саласын дамытудың, электронды денсаулық сақтау республикалық орталықтарының жетекшілері, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары емханаларының барлық бас дәрігерлері қатысты. АҚШ, Жапония мен Түркиядан келген профессорлар шеберлік сабақтарын өткізді.
Түркияның Башкент университеті медициналық білім беру кафедрасының кеңесшісі Фазыл Гюрел өзінің шеберлік-сабағында жоғары медициналық оқу орындарының білім беру процесіндегі методикалық негіздерді жетілдіру жайында кеңінен әңгімелесе, Жапонияның Хиросима университетінің PhD докторы Масахару Хоши «Психатрия» және «Балалар психатриясы» мамандығының 1 және 2 оқу жылының резиденттерімен өз-өзіне қол жұмсау қаупі бар адамдарды зерттеу мәселелері төңірегінде пікір алмасты.
Университеттің жапон ғалымдарымен ынтымақтастығының берік қалыптасқанына бірнеше жылдың жүзі болыпты. Олар жыл сайын шеберлік сабақтарын өткізіп тұрады екен.
Үш күнге созылған мерейтойлық конференция соңында секциялық отырыстар мен қорытынды пленарлық жиында айтылған ұтымды ұсыныстар негізінде әзірленген қарар қабылданды.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
СЕМЕЙ