Ханафи мәзхабы бойынша, қып-қызыл түсті киім киюдің үкімі қалай?

0

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ханафи ғұламалары арасында қызыл түсті киім кию мәселесі төңірегінде талас бар. Оның себебі — қызыл түсті киім киюге байланысты әртүрлі хадистердің келуі болып табылады. Бірінде қызыл түстіден тыйса, басқасында Алла елшісінің өзі қызыл түсті киім кигендігі айтылады. Сондай хадистердің бірінде Сахаба Абдулла ибн Амр (р.а.) былай дейді:

«Пайғамбарымыздың қасынан (асты үсті) қызыл екі киім киген ер кісі өтіп бара жатып, Алла елшісіне сәлем берді. Алла елшісі сәлемін алмады»[1].  

Және бір «мүрсәл» хадисте былай делінеді: 

«Қызыл түс – шайтанның әшейкелерінен. Шайтан қызыл түсті жақсы көреді»[2].  

Тағы да басқа осы секілді «қызыл түсті» киім киюдің құпталмайтыны жөнінде риуаяттар бар. Дегенмен, хадисші Ханафи ғалымдары ол риуаяттардың дені әлсіз, сол себепті нақты дәлел болуға жарамайды деген уәж айтқан.

Мысалы, Хижри 855 жылы қайтыс болған Ханафи ғұламасы Бәдруддин әл-Айни өзінің «Сахих Бұхариге» жазған шархында былай деп өтеді:

«Ол риуаяттардың бәрінің иснады (келу жолы) дұрыс емес. Көпшілігі мүрсәл хадис»[3].

Ал, ХХ ғасырдың орта шеңінде өмір кешкен Ханафи ғұламасы, фақиһ әрі хадисші Зафар әт-Тәһәнәуи мынадай уәж айтады:

«Қызыл түсті киім кию жөнінде келтірілген хадистер иснәд жөнінен (келу жөнінен), қызыл түстіден тыйған хадистерге қарағанда дұрысырақ. Бірақ сап-сары түсті киюді тыйған хадис сахих… Хадиске ең сәйкесі былай деу: Сап-сары түс ер кісілерге тәхримән мәкруһ (әйелдерге рұқсат). Ал одан басқа қызыл түс ерлерге де рұқсат. Алайда, абзалы – қызыл түсті де кимегені дұрыс (кисе күнәсі жоқ)»[4].  

Қызыл түстіні рұқсат дейтіндердің бірі Ханафи ғұламасы Хасан әш-Шүрунбүләли етін. Бұл ғалым осы тақырыпқа арнап «рисәлә» жазған. Ол мынадай тұжырым білдіреді:

«Біз қызыл түстіні харамға шығарарлық «қатғи», бұлтартпас «нас» таппадық. Оны киюден тыюдың белгілі бір «илләті» (себебі) бар екендігін көрдік. Ол илләт бойынша, кім әйелдерге ұқсаймын деп кисе, немесе діні бөтендерге еліктеп кисе, яки өзгелерден артық көріну үшін тәкәппарланып кисе (сонда тыйымның аясына киреді). Ондай себеп болмаса, тек Алланың нығметін паш етейін деген жақсы ниетпен киген болса, мәкруһтігі де, харамдығы да жойылады (рұқсат деген үкімінде қала береді)…»[5].     

Бұған дәлел болар «Сахих Бұхариде» келтірілген риуаятта сахаба әл-Бәрра былай деген:

«Алла елшісі орта бойлы еді (не ұзын емес, не қысқа емес). Мен оның қызыл түсті «Хүллә» дейтін киім киіп алғанын нақты көрдім. Одан әдемі нәрсені бұрын көрмегенмін» [6].

Аталмыш хадистегі «Хуллә» (حُلَّةٌ) дейтін киім — іші де, сырты да бірдей, екі жағын да ауыстырып кие беруге ыңғайлы киістің аты. Және көбінесе асты-үсті бар — екі бөліктен тұрады екен. Осы сахих хадиске қарағанда қызыл түсті киім киюге рұқсат екендігін байқаймыз. 

Әйткенмен, Ханафи ғалымдары арасында, қызыл түсті киім киюді «мәкруһ» санағандар қатары көбірек. Осыған қатысты Ибн Ғабидин (р.а.) былай деген:

«Дегенмен, кітаптардың басым көпшілігінде оның мәкруһ екендігі айтылған. Мысалы, «Сираж», «әл-Мухит», «әл-Ихтияр», «әл-Мүнтәқо», «әз-Зухайра» т.б. кітаптарда»[7].  

Түйін: 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Ханафи ғалымдарының көпшілігі бойынша, ер кісілерге бірыңғай қою қызыл түсті киім кию — мәкруһ. Бұл жердегі мәкруһ үкімін — кей ғалымдар «тәнзиһән» десе (жеңіл), кей ғалымдарымыз «тәхримән» деген. Және өзге түстермен аралас қызыл түстіні киюдің ағаттығы жоқ. Сондай-ақ, қызыл түстің әйел кісілерге рұқсат екендігі жөнінде ғалымдар арасында талас жоқ. 

Қосымша мәлім: 

Сөз соңында қосымша мынадай мәліметпен де бөлісе кетелік: Қызыл түсті киім киюге қатысты жалпылама Ислам ғұламалары жеті түрлі тұжырым көлденең тартқан. Олар қысқаша төмендегідей: 

1. Мүлдем рұқсатқа балағандар. Бұлар – сахабалардан Әзіреті Әли, Талха, Абдулла ибн Жағфар, әл-Бәрра т.б. (р.а.). Табиғиндерден — Саид ибн Мұсаяб, Ибраһим ән-Нәхәғи, әш-Шағби, т.б. (р.а.)

2. Риуаяттарға қарап мүлдем харам дейтіндер.

3. Қою қызыл түстісін ғана мәкруһ деп, ал солғын, қызғылт түстіні мәкруһ санамайтындар. Бұлар – табиғиндерден Ата ибн Абу Рабах, Таус және Мүжәһид (р.а.)

4. Қызыл түсті киім киюдегі ниеті — әшекейлену және елден ерекшеленіп көріну болса мәкруһ саналады. Ал үйлерде және жұмыс орындарында киетін болса, оған рұқсат. Бұл тұжырым сахаба Абдулла ибн Аббастан (р.а.) жеткен.

5. Жібі бұрын қызылға боялып, кейін сол жіптен киім тоқылып жатса, ондай киімді киюдің күнәсі жоқ. Ал, тоқылып болып, кейіннен қызылға боялса, ол болмайды. Әл-Хитобы (р.а.)

6. Тыйым салынған түс ол – сап-сары түс. Одан өзге түстерге рұқсат.

7. Егер, киім бірыңғай қызыл түсті болса, онда болмайды. Ал ақ, қара сияқты өзге реңмен аралас қызыл түсті киімнің еш ағаттығы жоқ[8].

Абдусамат Қасым